Ешкі сүтінен табысты кәсіп құрды

0 3

Тайынша ауданына қарасты Талдыкөл ауылында тұратын Күшікбаевтар отбасы ауылдағы шағын шаруашылықты тұрақты табыс көзіне айналдырып отыр. Бірнеше жыл бұрын елордадан ауылға қоныс аударған отбасы бүгінде ешкі өсіріп, табиғи сүт пен йогурт өндіреді. «Halal Dastarkhan» брендімен шығарылатын өнімдер аудан тұрғындарынан бөлек, Астана мен Көкшетау қалаларының тұтынушыларына да жол тартып жатыр.

Күшікбаевтар отбасы 2020 жылы қала өмірін ауыл тіршілігіне алмастыру туралы шешім қабылдаған. Олардың айтуынша, бұл таңдау кездейсоқ жасалған жоқ. Мал шаруашылығы бұрыннан таныс кәсіп болғандықтан, ауылға келген бойда шаруашылықты дамытуды қолға алған.

– Қалада тұрған кезде де ата-анамыздың шаруашылығына жиі көмектесетінбіз. Мал бағудың, оны күтіп-баптаудың қыр-сырын бала кезден көріп өстік. Сондықтан ауылға көшкеннен кейін бұл істі сенімді түрде бастадық. Әуелде бірнеше ешкі ғана алған едік. Жыл өткен сайын мал басын көбейтіп, шаруашылықты кеңейттік. Қазір өз өнімімізді тұтынушыларға тұрақты ұсынып келеміз, – дейді кәсіпкер Серік Күшікбаев.

Бүгінде шаруашылықта 60-тан астам ешкі бар. Малдың күтімі мен азығына ерекше мән беріледі. Кәсіпкерлердің басты қағидасы – сапалы әрі табиғи өнім өндіру. Сондықтан ешкілер экологиялық таза ортада бағылады, ал өндірісте ешқандай жасанды қоспа қолданылмайды.

Алғашында отбасы тек табиғи ешкі сүтін сатумен айналысқан. Алайда тұтынушылардың сұранысы артқан соң өнім түрін көбейту туралы шешім қабылдап, ешкі сүтінен йогурт өндіруді қолға алады. Осылайша «Halal Dastarkhan» бренді дүниеге келген.

– Біз өнімімізді делдалдар арқылы емес, тікелей тұтынушыға жеткізуді жөн көрдік. Сондықтан бренд атауын да осы ұстанымымызға сай таңдадық. Әрбір адам сапалы әрі табиғи тағам тұтынуға лайық деп есептейміз, – дейді кәсіпкер.

Өндірілген сүттің бір бөлігі табиғи күйінде сатылса, қалғаны арнайы технология бойынша йогурт жасауға пайдаланылады. Өнімнің құрамына тек табиғи шикізат енгізіледі. Консерванттар мен жасанды дәм күшейткіштер қолданылмайды.

Серік Күшікбаевтың айтуынша, табиғи өнім өндіру идеясы қалада тұрған кезде пайда болған. Сол кезде сапалы әрі экологиялық таза азық-түлік табудың оңай еместігін өздері де сезінген.

– Қазір адамдар дұрыс тамақтануға көбірек көңіл бөле бастады. Сондықтан табиғи өнімге деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Біз де осы бағытта жұмыс істеуді жөн көрдік, – дейді ол.

Мамандардың айтуынша, ешкі сүті адам ағзасына жеңіл сіңеді, дәрумендер мен минералдарға бай әрі аллергиялық әсері төмен болғандықтан, оны балалар мен егде жастағы адамдар жиі тұтынады. Сондықтан мұндай өнімге қызығушылық артып келеді.

Күшікбаевтар отбасы қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалмақ емес. Қазір олар өндірісті кеңейту жоспарын жүзеге асыруға кіріскен. Болашақта ешкі сүтінен ірімшік пен өзге де сүт өнімдерін шығарып, өнім түрлерін көбейтуді көздейді. Осы мақсатта ауылдан тағы бір үй сатып алып, шағын өндірістік цех ашуды жоспарлап отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, өңірдің табиғи ерекшелігі де өнім сапасына оң әсер етеді.

– Талдыкөлдің табиғаты ерекше. Айналамызда қарағайлы орман, тұзды көлдер бар. Мал таза ауада жайылып, табиғи шөппен қоректенеді. Мұның бәрі сүттің сапасына тікелей әсер етеді. Біз табиғаттың осы артықшылығын тиімді пайдаланып келеміз, – дейді Серік Күшікбаев.

Бүгінде Күшікбаевтар отбасының тәжірибесі ауылда да табысты кәсіп жүргізуге болатынын дәлелдеп отыр. Еңбекке деген жауапкершілік, сапаға ұмтылыс және мемлекеттік қолдау ауыл кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық табиғи өнім өндірісінің дамуына серпін беруде.