Елімізде күшіне енген жаңа Конституция азаматтардың денсаулығын қорғау саласын жетілдіруге бағытталған маңызды құқықтық өзгерістерді бекітті. Негізгі заңда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, профилактикалық медицинаны дамыту, денсаулық сақтау жүйесін қаржылық тұрғыдан нығайту, ана мен баланы қорғау және медициналық ғылымды қолдау мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануы елдің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтіп, оның саяси және әлеуметтік реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтқан болатын. Осы өзгерістердің маңызды бөлігі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған денсаулық сақтау саласына қатысты.
Осы тақырып өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында кеңінен талқыланды. Жиын барысында көпбейінді облыстық ауруханасының нейрохирург дәрігері Шынжырбай Оразмаханұлы жаңа Конституциядағы денсаулық сақтау саласына қатысты нормалардың маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияда азаматтардың сақтандырылу мәртебесіне қарамастан базалық медициналық көмектің кең көлеміне қол жеткізу құқығы бекітілген. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың жаңа тетіктері енгізіліп, саланың тұрақты дамуына жағдай жасалуда.
– Денсаулық сақтау саласындағы басты өзгерістердің бірі – профилактикаға ерекше назар аударылуы. Ауруды емдеуден бұрын оның алдын алу әлдеқайда тиімді әрі экономикалық жағынан да тиімді шешім болып саналады. Сондықтан қоғамдық денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру, тұрғындарды тұрақты медициналық тексерулерден өткізу және салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары күшейеді. Бұл әрбір азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді, – деді Шынжырбай Оразмаханұлы.
Дәрігердің айтуынша, жаңа Конституцияда жалған медициналық ақпараттың таралуына тосқауыл қоюға бағытталған нормалардың енгізілуі де ерекше маңызға ие. Бұл тұрғындардың ғылыми негізделген, сенімді әрі қауіпсіз медициналық ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді және өз денсаулығына қатысты дұрыс шешім қабылдауына жағдай жасайды.
Баспасөз мәслихатында сөз алған көпбейінді облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, кардиохирург Берік Дәуітбаев та конституциялық өзгерістердің медицина саласының дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
Оның пікірінше, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көздерінің кеңеюі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Заманауи медициналық технологияларды енгізу, күрделі операциялардың санын көбейту және жоғары мамандандырылған көмектің сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді жүзеге асуы денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына тікелей байланысты. Жаңа Конституция осы мәселелердің құқықтық негізін күшейтіп отыр, – деді Берік Дәуітбаев.
Кардиохирургтің айтуынша, құжатта ана мен баланың денсаулығын қорғау, отбасы институтын қолдау және медициналық ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуі де қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды шешімдердің бірі. Бұл өз кезегінде сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтіп, халық денсаулығын жақсартуға ықпал етеді.
Мамандардың пікірінше, жаңа Конституция адам өмірі мен денсаулығын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындай отырып, денсаулық сақтау саласын дамытуға тың мүмкіндіктер ашады. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа құқықтық нормалар азаматтардың өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға, аурулардың алдын алу шараларын күшейтуге және жалпы халық денсаулығын жақсартуға негіз болады.
Сала өкілдері бұл өзгерістер медициналық қызмет көрсету жүйесін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға және сапалы медициналық көмекті баршаға қолжетімді етуге ықпал ететінін атап өтті.