Жаңа Ата заң жаңа белеске бастайды

0 2

Біздің елімізде тұрғындардың жеке ой-толғамына деген құрмет жоғары. Біз оны жаңа Конституция жобасының әзірленуі барысынан да аңғардық. Республикалық арнайы комиссия ұзақ уақыт талдап, саралап, жобаны халықтың талқылауына берді. Жобаны барша республика жұрты болып талқыладық. Пікірімізді айттық, ой қозғадық. Көптеген пікірлер ескеріліп жобаға толықтырулар мен өзгерістер де еніп жатты. Бұл жоба халықтың пікіріне құлақ асқан, елдің үнін тыңдаған жоба болды. Сол үшін қуаныштымыз. Халықтың үні – қазына. Халық айтса, қалт айтпайды. Елдің үнімен санасу, қоғамды тыңдау – мемлекеттің нығаюына оң ықпал етеді.

Жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, бұл елдің ертеңіне жасалған маңызды қадам. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақтылап, білім мен ғылымға басымдық беріп, цифрлық қауіпсіздік секілді жаңа нормалар қоғамдық сұраныстарға жауап береді. Тұрғындар осылай деп пікір білдіруде. Адамдарды тұрғын үйден заңсыз шығарып жібермеу жөнінде, сосын азаматтықтан заңсыз, соттың шешімінсіз айырмау жөнінде халықтың құқықтық правосын қорғайтын бірден-бір жаңағы адвокаттар ғой. Оларға Конституцияда жеке заң қылып бергені орынды деп санаймыз.

Бірден байқағаным, Конституция жобасында адам құқығы басты орынға қойылған сияқты. Мысалы, адвакатура туралы жаңа бап бар. Онда құқық қорғаушы прокурормен теңестірілген. Сосын заң баптары ұғынықты жазылған. Осы өзгерістердің басында ең бірінші тұратыны бұл адамға берілетін еркіндік пен бостандығы, оның өмірі мен құқықтарына байланысты. Жаңағы адами капиталды дамытуды 100 пайыз жетілдіру мақсатында көптеген жаңалықтар енгізіліп жатыр. Оны көріп біліп отырмыз.

Вице-Президент институтының енгізілуі, Халық Кеңесі мен Құрылтайдың құрылуы – ел дамуына бағытталған іргелі қадамдар. Ел Президентінің аса ауқымды жұмыстары аясында Вице-Президент қызметі аса қажет екендігін уақыт көрсетіп отыр. Халық кеңесінде де қоғамда көп қозғау тудырған өзекті мәселелер қаралып, бір шешімі шығарылатын болады. Қарапайым тұрғындардың тілегі мен үні, сөзі, ұсынысы осы жерде де назарға алынады. Назарға алынған нәрсенің оң нәтижесі болатыны рас. Оны барлық бағыттардан байқап жүрміз. Елдің сөзіне құлақ асатын Халық кеңесінің жұмысына сәттілік тілейміз. Бұл қадам да мемлекетіміздің аса қажетті құрылымына айналып, қоғамға оң әсерін бергелі отыр. Дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміздің мәртебесін өсірер осынау жаңа құрылымның жетістіктері көп болады деген сенімдеміз.

Ал енді Құрылтайға келейік. Бұйырса енді бір ғана Заң шығарушы ұйым болады. Құрылтайға 145 депутат сайланады. Заңды шығару, халықтың үнімен және пікірімен санасу осы халық қалаулыларының назарында болады. Ол депутаттар еліміздегі ірі саяси партиялар арқылы партиялық тізіммен сайланады. Бірақ, партиялардың деңгейі мен салмағына, атқарамын деген жұмысына халық баға береді. Яғни, партияларды халық сайлайды. Осылайша, халықтың дауыс беруі арқылы саяси партиялардың беделі мен маңызы байқалып, Құрылтай төрінен алатын орындары да айқындалады.

Біздің Мойынқұм ауданы облыс орталығынан шалғайда орналасқанына қарамастан, жаңа Конституцияны талқылауға арналған референдумға белсенді қатысып, өздерінің таңдауын жасады. Біз сол референдумда халық санасының едәуір өскенін, өсе беретінін байқадық. Мойынқұмдықтар Жаңа Конституцияның барлық тармақтары мен бабтарын қолдайды. Мемлекеттің жасап жатқан қадамын даму жолына басталған жол деп біледі. Барша аудан халқы жаңа Конституциядан жаңашылдық, елдің өркендеуіне арналған пәрмен күтеді.

Өзім білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен ақсақалмын. Уақытында аудандық білім бөлімінде әдістемелік кабинетті басқардық, кәсіптік колледжге директор болдық. Сол кезде Конституцияның кейбір тармақтарына өзгерістер енсе деуші едік. Сол тілегіміз қабыл болып, өзгерістер еніп жатыр. Осы Конституция дамуға бастайтын жарқын жол болсын.

Қазір қоғамда заңның үстемдігі байқалады. Әр адамға жасалған қылмысына қарай қатаң, орташа деңгейлі жаза бар. Бәрі заңмен реттелген. Сондықтан, Конституцияның әр сөзі, әр тармағы маңызды. Біз елімізде орын алып жатқан саяси өзгерістерді қолдаймыз. Еліміздің баянды болашағына бек сенеміз. Еліміз дамып өркендеп, биік белеске жете береді деген нақты сенім үлкен. Қазақстан Республикасы әлемге бейбіт құшағын ашқан, тыныштық пен бірлікті қалайтын мемлекет. Дамыған елдермен саяси және экономикалық байланыс жасап, олардың тәжірибесінен үйренді. Ол тәжірибе елімізді дамудың даңғыл жолына бастады. Дамудың даңғыл жолының іргесі қаланып, керегесі кеңейді. Дамушы ел өзінің заңы мен тәртібін реттейді. Сондықтан, жаңа Конституцияны, ел Президентінің Құрылтай құру туралы ұсынысын қолдаймын. Өзге азаматтарды да қолдауға шақырамын.