Жамбыл облысында ауылшаруашылығы саласы жыл сайын дамып, жаңа серпін алып келеді. Өсімдік шаруашылығы мен бау-бақша өсірумен қатар, мал шаруашылығы бағытында да ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде мал басы өскен.
Атап айтар болсақ, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, өңірде 490,3 мың бас мүйізді ірі қара, 3 миллион 467,1 мың қой-ешкі, 209,7 мың жылқы, 9,1 мың түйе және 2 миллион 198 мыңнан астам құс бар екен. Бұл ауыл шаруашылығы есебінде тіркелген төрт түлік пен құс саны. Басқарма өкілдері мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде мал шаруашылығы тұрақты дамып келе жатқанын айтуда. Соның есебінен биыл ет өндірісі 2,4 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға артса, жалпы мал басы өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға көбейген.
Осыған сәйкес мал санының өсуіне байланысты жем-шөпке деген сұраныс та өсіп отыр. Егер өткен жылы өңірге шамамен 1,7 миллион тонна мал азығы қажет болса, биыл бұл көрсеткіш 200 мың тоннаға көбейген. Сондықтан шаруалар қысқы маусымға қажетті қорды толық қалыптастыру үшін жем-шөп дайындау жұмыстарын күшейтіп, науқанды белгіленген мерзімде аяқтауға күш салуда.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы берген мәлімет бойынша, бүгінгі күні асыл тұқымды мүйізді ірі қараның үлесі 12,1 пайызды немесе 52,1 мың басты құраса, асыл тұқымды қой саны 792,1 мың басқа жетіп, олардың үлесі 26,2 пайызға жеткен. Бұл бағытта 359 шаруа қожалығы асыл тұқымды қой өсірсе, 59 шаруашылық асыл тұқымды ірі қарамен айналысуда. Жоғарыда айтқанымыздай, өңірде мал басының көбеюі қысқы кезеңге қажетті жем-шөп қорын сапалы әрі уақытылы дайындауды талап етеді. Осы мақсатта облыста мал азығын дайындау науқаны жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын көрдік.
Жалпы өңірдегі ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 4,6 миллион гектардан асады. Оның 781,8 мың гектары егістік болса, 3,5 миллион гектары жайылымдық алқаптарды құрайды. Мұндай табиғи мүмкіндік мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Өңірде өткен айының ортасынан бастап шөп шабу қызу асталып кеткен болатын. Қазіргі таңда 144 мың гектар алқаптың шөбі шабылған. Бұл жоспарланған көлемнің жартысынан астамын құрайды. Нәтижесінде 624,8 мың тоннадан астам шөп дайындалған. Биылғы табиғи-климаттық жағдай да жем-шөп дайындауға қолайлы болып отыр. Қарлы қыс, жауын-шашынды көктем және жаз мезгіліндегі жауынның аз болуы шөптің бітік шығуына әрі орақ жұмыстарының кідіріссіз жүргізілуіне мүмкіндік берді. Байзақ, Жамбыл, Меркі, Т. Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласында алғашқы шабындық толық аяқталған.
Өңірде мал азығын өндіретін төрт ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жылына жалпы қуаттылығы 90 мың тоннаға дейін құрама жем өндіруге қауқарлы. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп, шаруалардың жем-шөппен тұрақты қамтылуына ықпал етуде.
Мамандардың есебіне сәйкес, алдағы қыс мезгілін қиындықсыз өткізу үшін облыс бойынша 1,9 миллион тонна мал азығын дайындау көзделген. Оның ішінде 62 мың тонна сүрлем, 81 мың тонна пішендеме және 109 мың тонна сабан қоры жасалуы тиіс.