Жамбыл облысының Сарысу ауданында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысына арналған капсула салу рәсімі өтті. Ауқымды инвестициялық жоба Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі саналады және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Салтанатты рәсім Астана мен құрылыс алаңын телемост арқылы байланыстырған форматта ұйымдастырылды. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, жаңартылатын энергия саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі – Masdar компаниясының басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи қатысты. Құрылыс жүргізілетін алаңнан телемостқа «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қосылды.
Жоба Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Оның аясында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясы және сыйымдылығы 600 МВт/сағат энергия жинақтау жүйесі салынады. Бұл электр энергиясын тұрақты өндіруге мүмкіндік беріп, жаңартылатын энергия көздерінің тиімділігін арттыруға жол ашады.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 742 миллиард теңгені құрайды. Инвестициялық жобаны іске асыру мен сүйемелдеуді «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ қамтамасыз етуде. Сарапшылардың пікірінше, мұндай көлемдегі инвестиция өңірдің экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, құрылыс және пайдалану кезеңдерінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бұл бастаманың Қазақстанның энергетика секторын жаңғыртудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру – елдің ұзақмерзімді энергетикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бұл жоба Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия саласындағы ең ірі бастамалардың бірі екенін жеткізді.
– Қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысы өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін және халықаралық серіктестердің Қазақстан экономикасына деген сенімін көрсетеді. Бұл жоба Жамбыл облысының энергетикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, еліміздің тұрақты дамуына да елеулі үлес қосады, – деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, жаңартылатын энергия көздерін дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық бағыттарға толық сәйкес келеді. Мұндай жобалар энергетикалық қауіпсіздікті күшейтіп, көміртегі шығарындыларын азайтуға, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Ербол Қарашөкеев Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығына және Masdar компаниясына Жамбыл өңіріне сенім білдіріп, ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниет танытқаны үшін алғыс айтты.
Жел электр станциясын 2029 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Нысан толық іске қосылғаннан кейін ол еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
Бүгінде Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша республикадағы жетекші өңірлердің бірі саналады. Қазіргі уақытта өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт болатын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 2029 жылға дейін Мойынқұм ауданында қуаттылығы тағы 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жоспарланып отыр.
Аталған екі ірі жоба толық іске асырылғаннан кейін облыстағы жаңартылатын энергия нысандарының саны 24-ке жетіп, олардың жалпы белгіленген қуаты 2,5 ГВт-ты құрайды. Бұл көрсеткіш Қазақстанның оңтүстік аймақтарының энергетикалық тұрақтылығын арттырып, елдегі электр энергиясы өндірісінде «жасыл» энергетиканың үлесін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған мұндай ауқымды инвестициялық жобалар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Сонымен қатар халықаралық әріптестік, жаңа технологиялар трансферті және экологиялық таза энергия өндірісінің артуы елдің индустриялық-инновациялық даму саясатының маңызды бағыттарының бірі ретінде өзектілігін сақтап отыр.