Тұрғындарға жаңа талаптар түсіндірілді

0 4

Қоғамда заң үстемдігін қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстары бүгінде жаңа форматта жалғасып келеді. Соның бірі – Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі мен аудан прокуратурасының бірлесіп ұйымдастырған Instagram әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирі. Онлайн кездесу барысында тұрғындарға соңғы уақытта өзекті мәселеге айналған заңсыз қудалау, яғни сталкинг тақырыбы жан-жақты түсіндірілді.

Тікелей эфирге Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының міндетін атқарушы Димаш Қалмашев пен аудан әкімінің баспасөз хатшысы Динара Төлемісова қатысты. Эфирдің негізгі мақсаты – азаматтарға заңсыз қудалаудың белгілерін түсіндіру, мұндай әрекеттердің құқықтық салдарын жеткізу және тұрғындардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа заң талаптарымен таныстыру болды.

Эфир барысында Димаш Темірланұлы ең алдымен «сталкинг» ұғымына тоқталды. Оның айтуынша, бұл – адамның еркінен тыс қайта-қайта байланыс орнатуға тырысу, жүйелі түрде аңду, мазалау, қорқыту, психологиялық қысым көрсету немесе жеке өміріне қол сұғу секілді әрекеттердің жиынтығы. Мұндай іс-әрекеттер адамның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіріп, оның қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Прокурор тұрғындар арасында жиі туындайтын «Сталкингті қалай тануға болады?», «Қандай жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну керек?», «Заң бұзушы қандай жауапкершілікке тартылады?» деген сұрақтарға нақты мысалдар арқылы жауап беріп, заң талаптарын қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндірді.

Эфир барысында жаңа заңнамалық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 16 шілдеде қабылданған өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 115-1-баппен толықтырылды. Жаңа нормаға сәйкес адамның еркіне қарсы онымен байланыс орнатуға немесе аңдуға бағытталған, елеулі зиян келтіруге әкеп соққан заңсыз қудалау әрекеттері қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қаралады.

Бұл құқықбұзушылық үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.

– Жаңа заңның басты мақсаты – азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз ету, заңсыз қудалаудың алдын алу және әр адамның қауіпсіздігін қорғау. Егер азаматтар өздеріне қатысты жүйелі мазалау, аңду немесе қорқыту әрекеттерін байқаса, мұндай жағдайды елемей қалмай, құқық қорғау органдарына уақытылы жүгінуі қажет, – деді Димаш Қалмашев.

Оның айтуынша, көптеген жағдайда заңсыз қудалау әлеуметтік желілер, мессенджерлер немесе телефон арқылы үздіксіз хабарлама жіберу, адамның жүрген жерін бақылау, рұқсатсыз соңынан еру, қорқыту немесе психологиялық қысым көрсету түрінде көрініс табуы мүмкін. Сондықтан мұндай әрекеттерге дер кезінде құқықтық баға беру маңызды.

Тікелей эфир интерактивті форматта өтті. Желі қолданушылары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, заң талаптары бойынша нақты жауап алды. Тұрғындар әсіресе жаңа заңның қолданылу тәртібі, дәлелдемелерді жинау жолдары және құқық қорғау органдарына жүгіну рәсіміне қатысты сұрақтарға қызығушылық танытты.

Мамандардың айтуынша, құқықтық ағарту жұмыстарының мұндай форматы тұрғындардың заңға деген сенімін арттырып қана қоймай, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді. Сондықтан аудан прокуратурасы мен әкімдік алдағы уақытта да халықпен ашық диалог орнатуға бағытталған онлайн кездесулер мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Қоғамдағы қауіпсіздік әр азаматтың құқықтарының қорғалуынан басталады. Ал заң талаптарын білу және оларды сақтау – құқықтық мемлекет құрудың басты қағидаларының бірі.