Ауыл жастарының әлеуетін арттыруға бағытталған жоба

0 2

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде ауылдық жерде тұратын және жұмыссыз жастарды қолдауға бағытталған жаңа әлеуметтік жобаның таныстырылымына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында жастардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, жұмыспен қамтылуына және өз кәсібін ашуына бағытталған бастаманың негізгі бағыттары мен жүзеге асырылу тетіктері таныстырылды.

Баспасөз мәслихатында «Талдықорған өңірлік жұмысқа орналасуға жәрдемдесу қоры» қоғамдық қорының президенті Светлана Садуакасова сөз сөйлеп, «Ауыл жастары – жаңа үміттер, Жетісу жастары – жарқын жол» атты әлеуметтік жобаның маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, жоба ауылдық жерлерде тұратын жұмыссыз жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруды, кәсіпкерлікке деген қызығушылығын оятуды және тұрақты жұмыспен қамтылуына қолдау көрсетуді көздейді. Сонымен қатар жастардың заманауи еңбек нарығына бейімделуіне, өз ісін бастауына және экономикалық тұрғыдан дербес болуына жағдай жасау – жобаның басты міндеттерінің бірі.

Жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық қолдауымен және Жетісу облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Светлана Садуакасованың айтуынша, қатысушылар үшін жан-жақты оқыту бағдарламасы әзірленген. Жоба аясында ақпараттық кездесулер, тұлғалық даму тренингтері, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға арналған семинарлар, командалық жұмыс дағдыларын дамыту сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен бірге жастар кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, қаржылық сауаттылық бойынша білім алады.

Оқыту барысында қатысушылар бизнес-жоспар әзірлеуді үйреніп, өз жобаларын қорғауға дайындалады. Бұл ретте тәжірибелі кәсіпкерлер мен сарапшылар тарапынан тәлімгерлік қолдау көрсетіліп, әрбір қатысушы өз бизнес-идеясын жетілдіруге мүмкіндік алады.

Жобаның ең маңызды кезеңдерінің бірі – гранттық конкурс. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған 10 бизнес-жобаға әрқайсысына 3 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Мұндай қаржылай қолдау ауыл жастарының жеке кәсібін бастап, жаңа жұмыс орындарын ашуына және өңір экономикасының дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.

Бүгінде жоба аясындағы алғашқы іс-шаралар Көксу, Ескелді, Ақсу, Алакөл аудандары мен Текелі қаласында ұйымдастырылып үлгерді. Бұл өңірлерде жастарға арналған ақпараттық кездесулер өткізіліп, кәсіпкерлік негіздері бойынша алғашқы оқыту курстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта жоба ауқымы кеңейіп, облыстың басқа да аудан-қалаларындағы жастарды қамту жоспарланып отыр.

Баспасөз мәслихатында Светлана Садуакасова жастарды ұсынылып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз идеяларын жүзеге асырудан қорықпауға шақырды.

– Бүгінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттары жастардың бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Осындай жобалар ауыл жастарының әлеуетін ашып, олардың кәсіпкерлікке келуіне, жаңа жұмыс орындарын құруына және туған өлкесінің дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді, – деді қор президенті.

Жоба ауылдық жердегі жастардың білімін жетілдіруге, кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыруға және тұрақты табыс көзін ашуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі ретінде бағалануда.