Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласында бірқатар құрылыс және инфрақұрылым нысандарына жұмыс сапарын жасап, қала аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Сапар барысында жылу жүйелерін жаңарту, абаттандыру және тұрғын үй аулаларын ретке келтіру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Алдымен өңір басшысы Д. Қонаев және С. Сейфуллин көшелерінің бойында орналасқан М-3 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасының орындалу барысын тексерді. Жоба аясында тозу деңгейі 65 пайызға жеткен құбырлар кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.
Әкім жауаптыларға мердігер ұйымның жұмыс қарқынын арттыруды, сондай-ақ жобаның сапалы әрі уақтылы аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар Д. Қонаев көшесінің аталған бөлігін мүмкіндігінше ертерек көлік қозғалысына ашып, тұрғындармен тұрақты ақпараттық байланыс орнатудың маңызын атап өтті. Жоба толық аяқталғаннан кейін жол жабыны мен абаттандыру жұмыстарының сапалы қалпына келтірілуі де тапсырылды.
Бұдан кейін облыс әкімі «Жайлау» шағын ауданында орналасқан №13 үй маңындағы сквердің жағдайымен танысты. Тексеру барысында аумақта шөптің шамадан тыс өсіп, күтімнің әлсірегені байқалды. Осыған байланысты ол «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын күшейтіп, қоғамдық кеңістікті жүйелі ретке келтіру қажеттігін айтты.
Өңір басшысы жаз мезгіліндегі қураған шөптердің өрт қауіпсіздігіне төндіретін қауіпін де ескертіп, бұл бағыттағы алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Қоғамдық аумақтардың тазалығы мен қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайтынын ерекше атап өтті.
Сапардың келесі кезеңінде әкім «Самал» (7) және «Алатау» (8) шағын аудандарындағы ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Мамандардың мәліметінше, бұл аумақтағы жылу құбырларының 75 пайызы тозған, сондықтан қайта жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі уақытта ыстық су беру уақытша тоқтатылған.
Өңір басшысы мердігерлерге жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, ал дайын болған учаскелерде тұрғындарға ыстық суды кезең-кезеңімен қайта қосуды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс жүріп жатқан аумақтарда тұрғындардың еркін қозғалысына кедергі келтірмеу, аулаларға кіріп-шығуды шектемеу қажеттігін ескертті.
Жұмыс сапарының соңында Ербол Қарашөкеев «Астана» 12 шағын ауданындағы №9 және №10 тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда жаңадан салынған спорт алаңшасының сапасына ерекше назар аударылып, оны тұрғындар игілігіне беру жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
Әкім Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігі мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қатысты тапсырмаларының маңызын атап өтіп, демалыс алаңдарын заманауи әрі қауіпсіз стандарттарға сай жасау қажеттігін айтты. Жауапты мекемелерге нысандарды тұрғындардың сұранысына бейімдеп, ұзақ мерзімді пайдалануға қолайлы ету міндеті жүктелді.