Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Техникалық құралдармен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу, жаңа оңалту орталықтарын ашу және арнайы қызметтерді кеңейту мақсатында республикамыздың, облыстары мен қалаларында, аудандарында атқарылып жатқан ауқымды істер аз емес. Бүгінгі қоғамның мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген экономикалық, саяси және өзге де құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыруда мүгедектердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету.
Бүгінде еліміздегі ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету, қоғамдағы инклюзияны дамыту және мүмкіндігі шектеулі адамдарға құрметпен қарау – кешенді және көпқырлы саясаттың бір бөлігіне айналды. Аталған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру барысында Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Төрегелдиевтің айтуынша, бүгінге облыс көлемінде 45912 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде 1-ші топтағы – 4 950 адам, 2-ші топ – 16364, 3-ші топ – 17739 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6859 адам. 2026 жылы мүгедектігі бар адамдардың жеке рабилитациялау және оңалту бағдарламаларына (сурдо-тифло құралдар, санаторлық-курорттық және протез-ортопедиялық бұйымдар, кресло-арбалар) бюджеттен 8,7 миллиард теңге бөлінген. Осы жылдың төрт айында әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 58,8 пайызды құрап отыр. Ал республикада орташа көрсеткіш – 92 пайыз.
Басқарма тарапынан жұмыспен қамту шаралары да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мәселен, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жалпы бюджет көлемі 44,5 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде трансферттер – 15,5 миллиард теңге, облыстық бюджет – 12,3 миллиард теңге, қала және аудан бюджеттері – 16,7 миллиард теңге болып қалыптасып отыр. Есепті кезеңде басқарманың бюджеті бойынша жоспар 5381,2 мың теңгені құрап, нақты игерілуі 5368,5 мың теңгені құрады, нәтижесінде жоспар 99,8 пайызға орындалған.
Облыс тұрғындарының жалпы саны 1221,4 мың адамды құрайды. Бүгінгі күні 517,1 мың адам жұмыспен қамтылса, жұмыссыздар саны 25,9 мың адам, ал жалдамалы жұмысшылар 363,2 мың адамды құраған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 153,8 мың адам. Сонымен бүгінгі күні өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Жастар арасында жұмыссыздық 3,1 пайыз болып отыр.
– Осы жылы халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 65 мың жұмыс орындарын құру жоспарланған (26 522 – тұрақты жұмыс орындары), 2 айдың қортындысымен 3319 мың адам жұмысқа орналасты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 792 мыңнан астам жұмыс орны құрылды (жоспар – 6 750 мың). Мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде ұлттық жобалар және тұжырымдамалары аясында 738 жұмыс орны жоспарланды. Электронды еңбек биржасында жұмыс берушілердегі бос жұмыс орындарына 1981 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына субсидияланатын жұмыс орындары 546 адам қатысты. Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант 820 адамға беру жоспарланды, – дейді Самат Төрегелдиев.
Бұдан бөлек, субсидияланатын жұмыс орындарына 8045 жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланып, жыл басынан бері субсидияланатын жұмыс орындарына 546 адам орналастырылған. Оның ішінде 526 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылса, 20 адам жастар тәжірибесіне жіберілген, 275 адам әлеуметтік жұмыс орындарына тарту жоспарланса, 75 адам «Күміс жас» жобалары аясында жұмысқа тарту жоспарланып отыр екен. Жұмыссыз азаматтарды білім беру ұйымдарында және жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылып, жоспарға сәйкес 1085 жұмыссыз азамат оқуға жолданған. Сонай-ақ, skills.enbek.kz платформасында (бұдан әрі – платформа) 567 жұмыссыз азамат онлайн курстарды аяқтаса, оның 537-і тиісті сертификатын алған. Сонымен қатар, платформада «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн курсын 356 адам аяқтап, оның 132-і сертификат алған.
Биыл облыстан 37 отбасыдан тұратын 130 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Атап айтсақ, Солтүстік Қазастан облысына, 6 отбасыдан тұратын 26 адам, Қостанай облысына, 17 отбасыдан тұраты 64 адам, Павлодар облысына,1 2 отбасыдан тұратын 37 адам көшіп барған. Аталған азаматтарға мансап орталықтары тарапынан сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген. Ал 514 отбасыдан тұратын 932 адамға (Өзбекстаннан – 743, Қырғызстаннан – 69 адам, Түркіменстаннан – 79 адам, Ресейден – 1, Тәжікстаннан – 37, Қытайдан – 3) қандас мәртебесі берілген. Сонымен қатар, 66 отбасыдан тұратын 83 адамға қандас мәртебесі ұзартылған.
– Жыл басынан 39 жұмыс берушіге шетел жұмыс күшін тартуға 1095 шетел азаматына рұқсат берілді. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелеріне сәйкес барлығы 535,8 миллион теңге салық төленді. Ал биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 35515 адамды қамту жоспарланып, оларға барлығы 3,4 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Ағымдағы жылдың 1 мамырына атаулы әлеуметтік көмек 2816 отбасындағы 15638 адамға барлығы 883,5 миллион теңгеге тағайындалып, 2578 отбасындағы 14236 адамға барлығы 648,5 миллион теңгесі төленді. АӘК тағайындалған адам саны облыстағы халық санының 1,3 пайыз үлесін құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда АӘК алушылар саны 428 отбасы (-14,7%) 2182 (-13,5%) адамға азайған.
Жыл басынан 1 мамырға дейін шартты ақшалай көмек 1903 отбасы, 11739 адамға тағайындалған, оның ішінде еңбекке қабілеттілер саны 4784 адам. Тұрақты жұмысы барлар және жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған саны 2196 адам (тұрақты жұмысы – 1858, белсенді шара – 338), жылдық индикатор 71,8 пайызды құраса, қазіргі таңда орындалуы 71,4 пайызды құрап отыр, – дейді Самат Төрегелдиев.
Жалпы күнделікті өмірде айналамыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қалай өмір сүріп жатқанын аңғармайтынымыз рас. Әр адамның тең мүмкіндіктерге ие болуы – қоғамның дамығандығының басты көрсеткіші. Өкінішке қарай, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты стереотиптер, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және әлеуметтік кедергілер олардың өмірін күрделендіре түседі.
Біз бәріміз бірдей қоғам мүшесіміз, сондықтан барлығына тең мүмкіндіктер жасау – ортақ міндетіміз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін толыққанды тұлға ретінде сезінуіне әсер ететін бірнеше маңызды фактор бар. Біріншіден, қолжетімді орта құру. Яғни арнайы пандустар, лифтілер, тактильді жолдар және инклюзивті көлік жүйесі – олардың еркін қозғалысын қамтамасыз етудің басты шарттары. Тағы бір мүмкіндік сандық қолжетімділік: веб-сайттар мен қосымшалар көру немесе есту қабілеті шектеулі адамдар үшін ыңғайлы болуы тиіс. Екіншіден, инклюзивті білім беру. Арнайы қажеттіліктері бар балалар қалыпты мектептерде оқи алуы үшін оқу бағдарламалары мен оқыту әдістері бейімделуі қажет. Мұғалімдер мен оқушылар арасында инклюзивті мәдениетті қалыптастыру маңызды.
Үшіншіден, жұмыспен қамту және экономикалық тәуелсіздік. Бұл еліміздегі ең басты факторлардың бірі болып табылады. Көптеген компаниялар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алудан тартынады. Алайда, олардың кәсіби әлеуетін дұрыс бағалап, лайықты жұмыс жағдайын жасаса, олар қоғамға үлкен үлес қоса алатындығы айғақ. Немесе мемлекеттік бағдарламалар мен арнайы квоталар олардың еңбек нарығына енуіне көмектесуі керек.
Тағы бір маңызы зор фактор – көзқарас. Қоғамдық көзқарасты өзгерту басты мәселе. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жанашырлықпен қарау жеткіліксіз – оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдауымыз керек. Масс-медиа мен мәдениет бұл мәселені ашық көтеріп, оң үлгілерді көрсетуі қажет.
Қазақстанда мүгедектер өмірінің әртүрлі аспектілері бойынша көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілген. Республикамызда мүгедектікке қатысты көзқарастардың теориялық үлгілерін, эволюциясын зерттей отырып, үш негізгі модельді бөліп көрсетсек болады. Мүгедектік жайында сөз қозғағанда алғаш ойға медицина келетіні рас. Медициналық үлгіні ХХ ғасырдың басынан мүгедектік ең алдымен медициналық мәселе ретінде қарастырылды. Кейінен1980 жылдары мәселе әлеуметтік модельге айналып, басты назар әлеуметтік кедергілерге және мүгедектердің қоғам интеграциясына аударылды. Соңғы модель бүгінгі күні – Инклюзия моделі. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірдің барлық салаларына толық қосылуына көмек.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергілерді жойып, олар үшін жайлы орта қалыптастыру – тек мемлекеттің емес, әрқайсысымыздың міндетіміз. Бұл қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін басты факторлардың бірі. Егер біз барлығына тең мүмкіндік жасасақ, шын мәнінде әділетті әрі дамыған қоғам құра аламыз. Біз осы көкейтесті мәселелерді жүзеге асыруға барынша тырысуымыз керек деп ойлаймын.
Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген «Жол картасының» 84-тармағына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 136 нысанды бейімдеу жоспарланып, оның 35-не 28,9 миллион теңге қаралған. 36 нысанда бейімдеу жұмыстарын, 60 нысан ішінара жүргізілген. Сонымен қатар облыс бойынша 1519 нысан Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген. Ал басқармаға қарасты 21 медициналық-әлеуметтік мекемелер бар болса, соның ішінде мүгедектігі бар және жалғызбасты қарттар адамдарды қабылдайтын стационарлық үлгідегі 7 мекемеде (№1,2,3,7 орталықтар қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған, №5,6 орталықтар жүйке ауруымен ауыратындарға арналған және №4 кемтар балаларға арналған орталықтары) мемлекет қамқорлығына мүгедектігі бар және жалғызбасты қарт 1226 адам алынған. Олар бекітілген стандартқа сәйкес 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылуда (әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени қызметтер).
Сонымен қатар, мүгедектігі бар ересектер мен балаларға арналған 10 орталықта (Жамбыл облыстық әлеуметтік бейімдеу және Жамбыл облыстық балаларға арналған, Жамбыл облыстық балаларға арналған филиалы (Аса ауылы) Қаратыстақ ауылдық, Меркі, Шу, Қордай, Талас, Сарысу аудандық мүгедек балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталықтары және Аутизмі бар блаларды қолдау орталықтарында) 862 мүгедектігі бар ересектер мен балалар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды.
Күндіз болу жағдайындағы 11 орталықта (Отбасын қолдау (Анаға тағзым, Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм және Талас аудандық орталықтары) және Жамбыл облыстық пен Меркі аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары) 1792 адамға әлеуметтік қызметтер ұсынылуда.
Уақытша болу жағдайындағы 2 орталықта (Жамбыл облыстық және Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтары) жыл басынан 159 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылды.
Мүгедектігі бар және жалғызбасты қарттарға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда, есепті кезеңге 1975 адамға әлеуметтік қорғау бағытында қызметтер ұсынылуда.
Одан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың да атқарып отырған жұмыстары айтарлықтай. Есепті мерзімге 252 адамға әлеуметтік қызметтер ұсынылуда. Сондай-ақ, Байзақ, Жуалы, Меркі және Мойынқұм аудандарында 80 мүгедектігі бар ересектер мен балаларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан күндіз болу жағдайында оңалту және бейімдеу орталықтары арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде.
– Қазіргі таңда арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу бойынша жұмыстар «Социум» ақпараттық базасы арқылы жүргізілуде. Жан басына қаржыландыруды жүзеге асыру мақсатында бірінші кезеңде негізгі құралдардың реестрі бойынша мәліметтер ақпараттық жүйеге енгізілді. Қазіргі уақытта басқарма тарапынан арнаулы әлеуметтік қызметтердің стационар, жартылай стационар және уақытша болу жағдайлары бойынша 2026 жылға тарифтерді бекітіліп, әлеуметтік портлда келісі-шарттар жасалынды.
Есепті мерзімге Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері үйде күтім көрсету бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асыруға өту бойынша жұмыстар жүргізуде. Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 2026 жылға арналған тарифті бекітті, қалған аудандар тарифті бекіту жұмыстарын жүргізуде. Тараз қаласы мен Байзақ, Сарысу, Шу аудандарында «Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары» КММ-і ашылды. 2026 жылдың басынан облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну толығымен жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшуге дайындық жұмыстары аяқталуда, – дейді Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Төрегелдиев.
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға мүмкіндік те мол. Жалпы олар мейірімді, көзқарастары, ой-тұжырымдары, түйсіктері бөлек. Бойдағы күш-жігер, іштегі бұлқыныс оларды өмірді ынта-шынтасымен сүюге жетелейді. Табиғатынан талантты, талапты жандардың бұл тобы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Елімізде оларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, кедергісіз орта қалыптастыруға жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек», деп ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптастыру қажеттігін тапсырды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 695 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар, олардың 95 мыңы – балалар. Бұл көрсеткіш жыл сайын 3-4 пайызға өсіп отыр. Қорқынышты көрсеткіштің алдыңғы үштігінде Түркістан, Алматы, Қарағанды өңірлері тұр. Он екі мүшесінде ақау болғанымен, қалыпты жағдайда өмір сүруге бейім тұлғаларды бүгінде кез келген салада кездестіруге болады. Ел қатарлы еңбек етіп, кәсібінен нәсібін тауып отырғандары қаншама. Білімді де білікті мамандар қатарын толықтырып жүрген жандар да жетерлік. Яғни, қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктер ауқымы артып, әлеуметтік жәрдемақылары да өскен. Кенді аймақта да мүмкіндігі шектеулі жандардың еңсесін түсірмес үшін, оларға қолдан келгенше қолдау көрсетілуде.
Мүгедектерді жұмыспен қамту оңай шаруа емес. Десек те, дамыған елдердің бәрінде еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі жұмыс істейді. Бұл мемлекет үшін де, мүгедектер үшін де, қоғам үшін де тиімді. Аймақта да бұл мәселеге баса назар аударылып келеді. Кемтар жандарды жұмысқа орналастыру мәселесінде кез келген жерде қиындықтар кездеседі. Жұмыс берушілердің барлығы бірдей мүгедек жандарды қызметке қабылдауға құштар болып тұрған жоқ. Сондықтан, олармен келісім жасау қиындау. Екінші бір мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігінде жоғары білімді азамат екендігін дәлелдейтін дипломы, ешқандай мамандығы жоқ. Сондықтан, мүгедек жандар өзі қалаған қызметке орналасып, жеткілікті жалақы алудан қағылады. Міне, осы түйткілдер мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке тарту кезінде біраз қиындықтар туғызады. Аймақта мүгедектігі бар, бірақ, еңбекке қабілетті жүзден астам адам бар. Оның ішінде мүгедектігі бар жұмыспен қамтылғандар да баршылық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді. «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет ДЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым», – деді ҚР Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында.
Өңірімізде тұрып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандардың әрқайсысының тағдыры әртүрлі, біреулері туабітті кемтар атанса, енді біреулері тағдырдың тәлкегіне ұшырағандар. Осындай мүмкіндігі шектеулі адамдарға қамқорлық көрсету қоғамның парызы болып саналады. Мүгедек жандар қоғамнан тыс қалмауы үшін соңғы уақытта мемлекет тарапынан көңіл бөліне бастады. Мүмкіндігі шектеулі жандар 18 жастан кейін де назардан тыс қалмауы керек. Үкіметтен берілетін қолдау, мүмкіндік, қаражаттың қысқартылмағаны дұрыс. Жазылмайтын дерті бар жандар кейде қараусыз, қоғамнан сырт қалып қояды. Осының бәрі қараушы адамға, әсіресе ата-анаға өте ауыр соққы.
Қоғамда тағдыр тауқыметімен туабітті мүгедек болып жатқандар және жол-көлік апатына түсіп, мүгедек болғандар өте көп. Негізі, мүмкіндігі шектеулі жандарды – мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақыны алушыларды үш топқа бөледі. Жалпы аурулар бойынша әскери қызметте жарақат алғандар мен мемлекеттік орган қызметкерлеріне арнайы жәрдемақы беріледі. Қазір елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар өте көп. Олардың барлығына бірдей көмек берілмейді. Көп ата-аналар тіпті мемлекет тарапынан қандай көмектер беріліп, құқықтары қандай екенін де білмейді.