Болашақ қорғаушылар тәрбиеленуде

0 1

Тараз қаласына қарасты Жібек жолы ауданының Жалпақтөбе алабындағы В.Чкалов атындағы орта мектепте жас ұрпақты отансүйгіштікке, заңды құрметтеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға баулуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. Білім ордасында «Жас сақшы» сыныбының ашылу салтанаты өтіп, оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.

Салтанатты іс-шараға Тараз қаласы Жібек жолы аудандық полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Д.Турлыбаев, бөлім бастығының орынбасары, полиция майоры Т.Сайлаубаев, құқық қорғау саласының қызметкерлері, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

Іс-шара барысында мектептің 7 «А» сыныбынан іріктелген 26 оқушы «Жас сақшы» қатарына қабылданып, салтанатты түрде Ант қабылдады. Жас өрендер ел заңдарын құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға, Отанға адал қызмет етуге және өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға серт берді. Оларға арнайы куәліктер табысталып, жаңа сыныптың мүшелері ретінде алғашқы қадамдарын жасады.

Жиынның ерекше сәнін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің оркестрі келтірді. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өткен салтанат қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, патриоттық рухты асқақтатты. Сонымен қатар мектеп оқушылары ән айтып, өлең оқып, түрлі шығармашылық қойылымдар ұсынып, мерекелік бағдарламаны мазмұнды ете түсті.

Іс-шара барысында қонақтар жас сақшыларға ақжарма тілектерін арнап, олардың бойынан елжандылық, жауапкершілік пен тәртіптілік қасиеттерді көруге сенім білдірді. Олар мұндай жобалардың жасөспірімдердің азаматтық ұстанымын қалыптастыруда және құқықтық сауаттылығын арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.

«Жас сақшы» сыныбының жұмысына барлық жағдай жасалған. Мектепте арнайы кабинет жабдықталып, онда құқық қорғау органдарының қызметі, Қазақстанның батыр тұлғалары және құқықтық тәрбиеге қатысты ақпараттар орналастырылған. Сондай-ақ «Егеменді ел батырлары» бұрышы жасақталып, оқушыларға өнеге болатын тұлғалар туралы мәліметтер берілген. Кабинетте сынып мүшелерінің тізімі мен жұмыс ережелері де көрнекі түрде көрсетілген.

Арнайы кабинетпен таныстыру барысында Жібек жолы аудандық полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі А. Әміребек жас сақшылар үшін жүйелі түрде құқықтық сабақтар ұйымдастырылатынын айтты. Оның айтуынша, аптасына бір рет өткізілетін кездесулерде оқушылар құқықтық сауаттылық, қоғамдық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін толықтырады.

Бүгінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда «Жас сақшы» жобасы жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың заң талаптарын түсінуіне және құқық қорғау органдарының қызметіне қызығушылық танытуына мүмкіндік береді.

Жаңа бастама оқушылардың бойында тәртіптілік пен жауапкершілікті қалыптастырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауына да оң ықпал етпек. Сонымен бірге бұл жоба құқық бұзушылықтың алдын алуға, жас буынның құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдағы заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

«Жас сақшы» сыныбының ашылуы – жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы игі бастамалардың бірі. Ел болашағы саналатын жастардың саналы, білімді әрі заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуына бағытталған мұндай жобалардың маңызы зор.