Әскери қызмет – әрбір азаматтың Отан алдындағы қасиетті борышы. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекет тәуелсіздігін қорғау және Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін нығайту жолында әскери міндетті азаматтардың атқаратын рөлі ерекше. Осыған байланысты елімізде жыл сайын әскери міндеттілерге арналған әскери оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып келеді.
Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің әскери міндеттілерді әскери оқу-жаттығу жиынына шақыру туралы қаулысына сәйкес, 2026 жылдың маусым-шілде айларында Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында кезекті әскери жиын өткізілмек.

Аталған жиынға Байзақ ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен 22 мен 38 жас аралығындағы 53 әскери міндетті азамат шақырылып отыр. Олар әскери бөлімдерде арнайы даярлықтан өтіп, өздерінің әскери білімдері мен тәжірибелерін жетілдіреді.
Әскери жиынның басты мақсаты – әскери міндеттілердің функционалдық міндеттерін жетілдіру, олардың жауынгерлік даярлық деңгейін көтеру, әскери машықтарын жаңғырту және төтенше жағдайларда немесе жұмылдыру кезеңінде жүктелетін міндеттерді сапалы орындауға дайындау болып табылады.
Жиын барысында қатысушылар саптық дайындық, атыс дайындығы, тактикалық машықтар, әскери техника мен қару-жарақты пайдалану ережелері бойынша теориялық және практикалық сабақтардан өтеді. Сонымен қатар әскери тәртіп пен әскери қызметтің негізгі қағидаларына қатысты білімдерін толықтырады.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар әскери міндетті азаматтардың кәсіби даярлығын арттырып қана қоймай, олардың патриоттық рухын күшейтуге, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және Отан қорғауға әрдайым дайын болуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда әлемдегі геосаяси жағдайлардың өзгеруі әр мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтуді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда әскери жиындардың маңызы артып, әскери резервтің даярлығын қамтамасыз етудегі тиімді тетіктердің біріне айналып отыр.
Әскери міндеттілер үшін бұл жиын – тек әскери машықтарды жетілдіру алаңы ғана емес, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті сезініп, мемлекет алдындағы борышын терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды мектеп.
Ел қорғанысының берік болуы – әрбір азаматтың дайындығы мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан әскери жиындарға қатысу – заң талаптарын орындаумен қатар, Отан алдындағы парызға деген адалдықтың көрінісі.