Кешегі Ұлы Отан соғысы қазақ халқының әр аудан, әр ауылына оңай соқпағаны анық. Сол сұрапыл жылдарда бір ғана Мойынқұм ауданынан 4 мыңға жуық азаматтардың Отан қорғауға аттанғаны дәлелденіп, айтылып жүр. Солардың қатарында ерлік істерімен танылған Сүндет Көрпебаев майдангер атамыз да бар.
Майдангер атамыз туралы немересі Әлия Көрпебаева зерделеген нақты деректерді айтатын болсақ. Сүндет Көрпебайұлы 1916 жылы 15 қарашада Қарағанды облысы, Шет ауданы, Босаға ауылында дүниеге келген. 1928 жылы отбасымен бірге бұрынғы Көктерек ауданына (қазіргі Мойынқұм) сол кездегі Гуляевка ауылына көшіп келеді. Сол кездегі Чапаев атындағы ұжымшардың «Қырық қазық» фермасында мал дәрігері болып еңбек еткен. 1942 жылы Шу аудандық әскери комиссариаты арқылы Ұлы Отан соғысына жіберіледі. №132 жеке атқыштар бригадасында отандық борышын атқарған. «Қызыл армияның ержүрек жауынгері» деген атауға өзге майдандастарымен бірге ие болған. 1942 жылдың жаз айында көзінен жараланып, ауруханаға түскен. 1942 жылдың 27 тамызында Ресейдің Калинин облысы, Новоторжский ауданы, Торжок қаласында орналасқан әскери ауруханадан шығып, үйіне оралады. Әскерден босатылғанымен, еңбек мандатынан босатылмаған. Еңбекке араласып, алыста майданда жүрген достарына күш берген. Майдан даласын өз көзімен көріп келген, қолына қару ұстаған адам үшін Ұлы Отан соғысы екі есе ауыр. Сондықтан Сүндет қария майданның зардабын екі есе ауыр сезінген.

Сүндет Көрпебайұлы 1944 жылы үйленіп, 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Атап айтсақ, Аблан, Қабылан, Қобылан, Қабыл атты ұлдар және Үрқия атты қыз өмірден өз орнын тауып, бейбіт өмірде биік-биік белестерден көрінген. Сүндет ата 1952 жылы 36 жасында өмірден озған. Бұл жерде, әрине, соғыс зардабы үлкен әсер еткені анық.
Қазіргі таңда Сүндет атаның ұл-қыздарын жұрт ерекше құрметпен атайды. Олардан тараған немерелер де жоғары білім алып, Тәуелсіз қазақ елінің дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосуда. Бұл ретте үлкен ұлы Абланның ұл-қыздарына тоқтала кеткіміз келеді. Аблан Сүндетұлынан Майра, Әлия деген қыздар, Жәнібек есімді ұл тарап, өсіп-өнген. Қазіргі таңда осы ұл-қыздар майдангер аталары туралы деректер іздеп, оң нәтижеге жетіп жатыр.
Сөзімізді нақтылай түссек, майдангердің немересі Жәнібек Абланұлы Көрпебаев еліміздің Президентінің атына хат жазған. Ол хатта: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен, Көрпебаев Жәнібек Абланұлы, Ұлы Отан соғысында фашистерге қарсы кескілескен шайқастарда жанқиярлықпен соғысқан 132-ші жеке атқыштар батальонының жауынгері, мерген Көрпебаев Сүндеттің ұрпағымын. Сізге үлкен үмітпен және зор өтінішпен жүгінемін. Жылдар өте келе әділдіктің салтанат құрып, ерлік наградасының өз иесін табуы, яғни Сіздің әкеңіз – Кемел Тоқаевтың Польша аумағындағы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған марапаттау парағының өзіңізге табысталуы бізді ерекше жігерлендірді. Сол кезде Сіз: «Майдангерлер – жеңімпаз халықтың туын биік көтерген болаттай берік ұрпақ» деп атап өткен едіңіз. Біз барша ел болып Сіздің әкеңізді мақтан тұтамыз. Кемел Тоқаев бүкіл ғұмырын әдебиетке, оқырман қауымға адал қызмет етуге арнады. Оның көркем прозасы жай ғана беллетристика емес, меніңше, оның шығармалары «Пулитцер сыйлығына» лайық. Мысалы, «Тасқын» шығармасы отандық оқырманды терең әсерге бөлеп, оны қазақ детектив жанрының негізін қалаушы ретінде танытты. Осы орайда, Кемел Тоқаев – қазақ халқының мақтанышы екенін шынайы түрде атап өткім келеді. Сізді еліміздің шынайы патриоты, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, саяси ғылымдардың докторы ретінде білеміз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында, Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында атам Көрпебаев Сүндеттің ерлігін мәңгі есте қалдыруға көмек беруіңізді сұраймын. Қолда бар деректерге сәйкес, Көрпебаев Сүндет 132-ші жеке атқыштар батальоны құрамында фашистерге қарсы ауыр шайқастарда ерлікпен соғысып жүріп, 1942 жылғы 24 тамызда сол көзінен ауыр жараланған (жарақат сипатына қарап, мергендер арасындағы атыс болған деп болжаймыз). Ол СЭГ-1822 бөлімінен эвакуациялық госпиталь №3443-ке емделуге түскен. Кейін ауыр жарақатына байланысты елге, Қазақстанға демобилизацияланған. Бұл мәліметтер Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві мемлекеттік қазыналық мекемесінің хатынан алынды. Ауыр жарақат пен контузия салдарынан ештеңе есінде қалмаған Көрпебаев Сүндет 1943 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылына оралған. Атаның айтуынша, елге қайтар жолда ауыр жаралы әрі контузия алған, оны тонап кеткен. Соның салдарынан майданнан берілген құжаттары сақталмаған. Елге оралғаннан кейін де ауыр жарақатынан толық айыға алмай, бірнеше жылдан соң қайтыс болған. Жоғарыда баяндалғандардың негізінде және Ұлы Отан соғысына қатысқан атамның ерлігін мәңгі есте қалдыру, сондай-ақ қазақстандық жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында Сізден төмендегіні сұраймын: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Ұлы Отан соғысының қатысушысы, 132-ші жеке атқыштар батальонының жауынгері, қызыл әскер Көрпебаев Сүндетке қатысты марапаттау құжаттарын туысы ретінде маған табыстауды, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві мемлекеттік қазыналық мекемесінің хаты негізінде Көрпебаев Сүндетке Ұлы Отан соғысының қатысушысы ретінде наградалардың (ордендер, медальдар және төсбелгілер) берілгені туралы архивтік анықтама ұсынуды немесе тиісті наградаларды (қайтыс болғаннан кейін) тағайындауды, Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Ерлік» мемориалдық кешеніндегі естелік тақтаға «Көрпебаев Сүндет» есімін енгізуді сұраймын» деп жазылған.
Осы хатқа Президент аппараты назар аударып, Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Ерлік» мемориалдық кешеніндегі естелік тақтаға «Майдангер Көрпебаев Сүндет» есімі енгізілді. Мұның өзі майдангер Сүндет Көрпебаевтың ұрпақтары үшін зор қуаныш болғаны анық. «Біз сол сәтте үлкен толғаныста болдық. Қуанышымыз үлкен болды. Сіңлім Әлиямен бірге барып, ерлік тақтасына жазылған атамыздың есімін қайта-қайта оқып, әуелі Мемлекет басшысына, соны жазған жауапты азаматтарға риза болдық. Біз Сүндет атамызбен әрқашан мақтанамыз. Ол кісі Мойынқұм ауылында тұрған. Атамның бірнеше перзенті Мойынқұм ауылында тұрған. Майдангерлердің есімдері ұмытылмайды. Атамның дап есімін ешқашан ұмытпай, ардақтаймыз», – дейді майдангердің немересі Майра Абланқызы.