Бесқарағай ауданында орман өрттерінің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін жаңа нысан пайдалануға берілді. Дөңгелек орманшылығында салынған өрт сөндіру станциясының ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Бесқарағай өңірі орман қорының көлемі жағынан облыстағы маңызды аумақтардың бірі саналады. Аудан жерінде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының алты филиалына тиесілі 390 мың гектар орман алқабы бар. Бұл аумақта орман шаруашылығы саласының 1074 қызметкері еңбек етеді.
Орманды өрттен қорғау жүйесін күшейту мақсатында «Семей орманы» резерватының аумағында бірқатар жаңа нысан бой көтерді. Атап айтқанда, II типті төрт орман өрт сөндіру станциясы іске қосылды. Оның екеуі Бөкебай филиалының Шадруха және Беген филиалының Дөңгелек орманшылықтарында орналасқан. Бұдан бөлек, Жетіжар және Беген ауылдарында өрт сөндіру бекеттері пайдалануға берілді.
Дөңгелек орманшылығындағы жаңа станцияның жалпы аумағы 330 шаршы метр. Нысан бір мезгілде бес өрт сөндіру техникасын орналастыруға есептелген. Мұнда 41 маман жұмыс істейді.
Жаңа инфрақұрылым орман алқабында өрт шыққан жағдайда техника мен мамандарды оқиға орнына барынша қысқа уақытта жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге арнайы көліктердің тұрақты әзірлігін қамтамасыз етіп, өртті алғашқы кезеңінде ауыздықтауға жағдай жасайды.
Станцияның ашылуында облыс әкімі орманды қорғау бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті. Берік Уәлидің айтуынша, табиғи аумақтарды сақтау үшін өрттің алдын алу шараларымен қатар, материалдық-техникалық базаны тұрақты түрде жаңартып отыру қажет.
«Бесқарағайдың қарағайлы орманы – ортақ табиғи қазына. Оны қорғау тек сала мамандарына емес, баршаға ортақ міндет. Соңғы жылдары болған ірі орман өрттері қауіпсіздік жүйесін күшейтіп, алдын алу жұмыстарын жаңа деңгейге көтерудің қажеттігін көрсетті. Сондықтан алдағы уақытта да орман шаруашылығының техникалық мүмкіндігін арттырып, өртке қарсы инфрақұрылымды жетілдіруге және қызметкерлерге қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға басымдық береміз», – деді облыс әкімі.
Жаңа нысанның іске қосылуын орман шаруашылығы саласының ардагерлері де оң бағалады. Ұзақ жылдар осы салада еңбек еткен зейнеткер Нұржан Ошақбаев үшін станцияның ашылуы – көптен күткен жаңалық.
Оның айтуынша, бүгінде отбасының келесі буыны да орман шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы мамандардың жұмысын жеңілдетіп, орманды қорғау мүмкіндігін арттырады.
Жаңа станцияның пайдалануға берілуі Бесқарағайдағы орман өрттеріне қарсы инфрақұрылымды күшейтудегі кезекті қадам болып отыр. Ал мұндай нысандардың көбеюі табиғи аумақтарды сақтауға және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.