Мақсат – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету

0 3

2026 жылғы 25 мамырдан 26 мамырға қараған түні полиция қызметкерлері жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған жаппай профилактикалық рейдтер өткізді.

Полиция қызметкерлерінің назарында ойын-сауық орындары, көшелер, аулалар, саябақтар және жастар көп жиналатын өзге де орындар болды. Түнгі тексерулер барысында полицейлер жасөспірімдер тарапынан да, заң талаптарын елемеген мекемелер жағынан да ондаған құқықбұзушылықтың жолын кесті.

Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 27 дерегі анықталды. Сонымен қатар полиция жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарына жіберілуінің 4 дерегін және ата-аналардың немесе заңды өкілдердің бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамауының 5 дерегін тіркеді. Барлық құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Профилактикалық іс-шаралар жол қауіпсіздігін де қамтыды. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 148 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 38 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Жамбыл облысы Полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың бос уақытын өткізуін және әсіресе кешкі және түнгі уақытта жүрген жерін қатаң бақылауда ұстауға шақырады. Сонымен қатар жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертеді.