«Жеңіл ақша» – ауыр жаза

0 0

Жаз мезгілі басталысымен жастардың бос уақыты көбейетіні белгілі. Дәл осы кезеңде оңай табыс табуды көздейтін күмәнді ұсыныстар да жиілей түседі. Әсіресе әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлер арқылы таралатын «жоғары табысты жұмыс» туралы хабарламалардың артында көбіне заңсыз әрекеттер тұрады. Соның ішінде есірткі қылмысына тарту деректері де аз емес.

Осыған байланысты Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастарға арнайы ескерту жасап, заңсыз әрекеттердің соңы ауыр жауапкершілікке әкелетінін түсіндіруде. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қаскөйлер жастарды көбіне интернет арқылы арбайды. Әлеуметтік желілерде «тәжірибе қажет емес», «тез табыс», «онлайн жұмыс» деген жарнамалар арқылы жасөспірімдерге түрлі тапсырмалар ұсынылады. Оның ішінде есірткі сататын интернет-дүкендердің мекенжайларын қабырғаға граффити түрінде жазу, тыйым салынған заттарды жасыратын орындар әзірлеу, курьерлік қызмет атқару секілді заңсыз әрекеттер бар.

Кей жастар мұны қарапайым жұмыс немесе зиянсыз әрекет деп қабылдауы мүмкін. Алайда заң алдында мұндай қадамдардың барлығы есірткі бизнесіне қатысу ретінде бағаланады.

Мамандардың айтуынша, ұйымдастырушылар көбіне көзден тасада қалып, ал негізгі жауапкершілік жастардың мойнына жүктеледі. Нәтижесінде бір сәттік қызығушылық пен жеңіл ақшаға деген әуестік жас адамның тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін. Полиция қызметкерлері есірткі құралдарын насихаттайтын немесе жарнамалайтын граффити жазуларын салудың өзі қылмыстық жауапкершілікке жататынын еске салады. Мұндай әрекет үшін мүлкін тәркілеумен қатар алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу фактілері бойынша бес жылдан жиырма жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазіргі таңда өңірде Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күніне орай кең көлемді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. 25 мамыр мен 26 маусым аралығында өтетін айлық аясында жастармен кездесулер өткізіліп, құқықтық түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Мамандардың пікірінше, есірткі қылмысының алдын алуда отбасы тәрбиесі мен ақпараттық сауаттылықтың маңызы зор. Әсіресе жасөспірімдердің интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы қажет.

Қоғам үшін ең үлкен қауіптің бірі – жастардың болашағына балта шабатын есірткі бизнесі. Сондықтан әр жас өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, заңды әрі қауіпсіз жолды таңдауы тиіс.