Отан қорғау – әр азаматтың парызы

0 3

Отан! Ел! Мемлекет! Әсіресе, Отан! Осынау төрт әріптен құралған жалғыз ауыз сөзде үлкен мән, өміріңнің мағынасы мен мазмұны жатыр. Себебі, әр азаматта Отан – біреу! Әр азаматтың қызметі, үйі, көлігі басқа да құндылықтары бірнеше болып, айналасында толып тұруы мүмкін. Бірақ, жалғыз байлығың, ол – Отан! Сол Отанды сүю, сол Отанды қорғау парызың. Кірпік қақпай, міз бақпай күзетуге тиіссің. Себебі, сол Отан саған азаматым деп сенеді. Арқа сүйейді. Шекарамызды өзіміздің батыр ұлдар күзетіп тұр деп, өз үйінде тыныш жүреді, алаңсыз тынығады. Нақтысын айтқанда, халқың алаңсыз, бейбіт өмір сүруі үшін сен азамат ретінде Отанның шекарасын қорғауға тиіссің. Себебі, сен туғанда анаң қалжа жеген. «Өмірге азаматты алып келдім. Болашақта елін қорғайтын сарбаз алып келдім» деп әр ата –ана ерекше мақтанады. Сол ана үмітін ақтау керек. Өз анаңның үміті өз алдына, Отан –ананың үмітін және ақтауың қажет. Себебі, сен – Азаматсың!

Осы перзентік парызды, Отан алдындағы қарызды белгілі ақындар ғажап сезініп суреттейді. Осы отаншылдық өлеңдер әскердегі әр сарбазға, әскерге баруға дайындалып жүрген әр азаматқа ерекше жігер, екпін беретіні анық. Мәселен, әйгілі ақын, поэзия мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың «Отан» өлеңіне назар аударайықшы. Мінекей!

«Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған

Жаным менің,Кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол оның шырылдаған!

Отан!Отан! Бәрінен биік екен.

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.

Отанды сүймеуің де күйік екен,

Отанды сүйгенің де күйік екен, деп толғанады аңыз ақын Мұқағали. «Жаным менің,Кеудемді жарып шық та,Бозторғайы бол оның шырылдаған!» деген қандай ғажап теңеу. Отанды қорғау жолында бозторғайдай шырылдап, үлкен борышты сезіне білсек, қанекей!

Ал, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аңыз ақын Қадыр Мырза Әлі «Жасыл жайлау» деген тақыппен Отанның, атамекеннің, Отанға деген парызды қасиетін керемет ашады. Оның арғы жағында жас сарбаздарды Отан қорғауға, Отанды сүюге шақыру бар. Бұл өлең әскери потриотизмге оң әсерт етеді. Тыңдап көрейікші!

Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем,

Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.

 Маңдайымнан сипап өткен самалды

Қазағымның алақаны деп білем

Қайда жүрсем атамекен, Көкейіңде жатады екен.

Күннің өзі қимай оны, Ұясына батады екен.

Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем,

Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.

Күннің нұрын, айдың аппақ сәулесін

 Қазағымның махаббаты деп білем.

Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем,

Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.

Асқар тауын аспаныммен астасқан,

Қазағымның мәртебесі деп білем, деп білем деп толғанады. Бұл өлеңге әйгілі композитор Ескендір Хасанғалиев ән жазғаны белгілі. Сол ән орындалғанда әр қазақ керемет толқиды. Бұл — ардақты Қадыр ақын мен қадірлі Ескендір ағаның әскери патриоттық тақырыпқа да қосқан ерен үлесі.

Жүрегі жырға толы ақындардың көпшілігі Отан, ел, жер, әскери өмір, патриоттық тақырыпты жырлаған. Мәселен, ақын Шорабек Айдаров «О, елім!» атты патриоттық өлеңінде:

О, елім, аз ба сенімің,

Күдікпен қарап болма алаң!

Қаумалап қалса сені мұң,

Қайғыңды ғана бөл маған.

Кезіксін мейлі қандай сын,

Шет қалу маған жат тіпті.

Қалыңдар қамтып әрқайсың,

Мендегі бөліп шаттықты.

Өзгеден көрме кем мені,

Сенімді мен де ақтаймын.

Қалап ал барды мендегі,

Өзімде қалсын тек қайғым.

Берейін сарқып бәрін мен,

Бойда асыл болса бөлек тым.

Кіршіксіз таза жаныммен,

О, елім, саған керекпін, – деп толғанады.

Шорабек ақын «Өзгеден көрме кем мені, сенімді мен де ақтаймын» деп ағынан жарылады. Бұл жерде Отанның сенімін ақтай алмау ауыр жаза екенін меңзегені. «Кіршіксіз таза жаныммен,О, елім, саған керекпін» деген жоллдарда да көп мағына бар. Отанды кіршіксіз сүю, елге шексіз құрмет байқалады. Шорабек ақынның осы өлеңінен оң әсер алып, бірнеше жас азамат әскерге өз еркімен баруға ниет білдіріп жатса, бұл өлеңнің мұратына жеткені болар еді. Отан, әскери потриотизм тақырыбы – өміршең, Отан бар да Отанға деген құрмет әрқашан болуы тиіс.

Қарабөгеттің қос қыраны әскерден абыройлы оралды

Әрине, естіп біліп, көріп байқап жүрміз, қазір біраз жас азаматтар әскерге баруға құлықсыз. Әскери борышын өтеуге құлшынып, жанып тұрған жігітті аз кездестіреміз. Жігіттің баршасын жазғырудан аулақпыз. Арасында жүрегі Отан деп соққан патриоттары да аз емес. Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір ер-азаматтың қасиетті парызы.

Осы парызды жүрегімен түсінетіндер азайып бара жатқаны жанымызға батады. Кезінде ағаларымыз әр үйден Отан қорғауға әскерге барды. Оларды ата-аналары мақтаныш санап, сыртынан айналып толғанып отыратын. Анау үйдің баласы әскерде жүр деген сөз әр мектеп оқушысына, болашақ сарбаздардың бойына қанат бітіретін. Тіпті, бәріміз ертерек есейіп, әскери форма киіп, сарбаз болғымыз келіп кететін. Ойнасақ, сарбаз болып, Отанның шекарасын қорғап ойнаушы едік.

Ал ағарымыз әскерден келсе ше? Ауылдың азаматтары әскерден келсе, ауыл үшін үлкен той болатын. «Пәленшенің баласы әскерден келіпті» деп барлық жұрт сол баласы армиядан келген үйге қарай ағылатын. Ол – бұзылмас заң. Ал, ол үйдегі ата-ана, бауырлар ол күні ерекше қуанып, шаттанып, барлық көше тұрғындарын үлкен құрметпен қарсы алып, мәре-сәре болатын. Тойдың үлкені сол баласы әскерден келген үйде өтіп жататын. Әскери формамен оралған ағаларын көріп, барлық ауыл балалары тағы да әскер жайлы қиялдап кететін. Ағаларымыз киіп келген әскери форма күндіз ойымызда жүріп, ұйықтаған сәтте түнде түсісімізге кіретін. Ерекше қызығушы едік. Әскерді бітіріп келу деген үлкен азамат болғаныңды, өмірді ұққаныңды, өз жолыңа түскеніңді білдіруші еді. Жақында осындай той Мойынқұм ауданы, Қарабөгет ауылында болды.

Қарабөгет ауылының қос тумасы, бір үйдің тірегі болған ағайынды Жалғас және Жасұлан Бейсен әскери борыштарын абыроймен атқарып, туған ауылына оралды.

Бұл жігіттер жай ғана оралып қоймай, өздерімен бірге үлкен мақтаныш ала келді. Олар өздері қызмет еткен №31775 әскери бөлімі командирінің арнайы Мадақтама грамотасымен марапатталды. Бұл – сарбаздардың әскери дайындықтағы үздіктігін, тәртібі мен Отанға деген адалдығын айғақтайтын жоғары марапат. Әскери бөлім командирі өз марапатында ағайынды жігіттердің жауынгерлік міндеттерді орындаудағы қырағылығын және әскери қызметтің қиындықтарына төтеп бере білген төзімділіктерін ерекше атап өткен. «Ата-ананың берген тәрбиесі мен ауылдың таза ауасында шыңдалған жігіттер нағыз сарбазға тән қасиеттерді көрсете білді. Мұндай азаматтарды тәрбиелеген Қарабөгет топырағына және ата-анасына алғысымыз шексіз», делінген бөлім басшылығының лебізінде.

Екі бірдей ұлын әскерге аттандырып, олардың абыроймен оралғанын көрген ата-анасы мен ауылдастары үшін бұл – үлкен мереке. Қарабөгет ауылының жастарына үлгі боларлық бұл қадам – ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Болат Әуелбаев осы орайда: « Отандық борышын абыройлы өтеп қайту – үлкен азаматтық. Бұл екі жігіттің әскердегі үлгілі жұмыстарын біз жоғары бағалаймыз. Біз де өз тарапымыздан қос батырды аман-есен оралуларымен құттықтаймыз! Қолдарындағы марапаттары құтты болып, алдағы азаматтық өмірде де биік белестерден көріне берулеріне тілектеспіз» деп өз қолдауы мен құттықтауын жеткізді.

Отан алдындағы борыш

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Болат Әуелбаев жергілікті БАҚ өкілдерімен байланысып, күнделікті жұмыстары туралы ақпараттармен бөлісіп тұрады. Бұл екі тарап үшін де қолайлы.

Біз бөлім бастығына «Отан қорғаған алдыңғы толқын ағаларға қандай жеңілдіктер мен қолдаулар бар?» деген сауалмен қайырылған едік.

«Ол ағаларымызға құрметіміз әрқашан жоғары. Ел басына күн туғанда от кешкен Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтар — мемлекеттің ерекше қамқорлығында. Қазіргі таңда қолданыстағы заңнама аясында бұл санаттағы жандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары ауқымды», еді ол.

Оодполковник Болат Әуелбаевтың айтуынша, 2026 жылғы көрсеткіштерге сәйкес, ардагерлерге берілетін негізгі жеңілдіктер мен төлемдер мынандай екен.

Ардагерлерге ай сайын берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы — әлеуметтік қолдаудың негізгі тетігі. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің (1 АЕК = 4 325 теңге) өсуіне байланысты төлем мөлшері де ұлғайды: Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль қатысушылары үшін: Ай сайынғы жәрдемақы 6,19 АЕК немесе 26 772 теңгені құрайды. Мүгедектігі бар ардагерлер үшін: Төлем мөлшері 7,55 АЕК-ке (32 654 теңге) дейін көтерілген. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктер тарапынан 7 және 9 мамыр мерекелеріне орай бюджет мүмкіндігіне қарай біржолғы ақшалай көмек беріліп тұрады. Ардагерлер бірнеше салық түрінен босатылған немесе жеңілдіктерге ие: Көлік салығы: Қозғалтқыш көлемі 4 000 текше сантиметрге дейінгі бір автокөлік үшін салық төленбейді. Мүлік салығы. Жеке меншігіндегі үйі немесе пәтері бар ардагерлер заңда белгіленген лимит шегінде салықтан босатылады. Жер салығы. Тұрғын үй қоры орналасқан жер телімдеріне салық салынбайды. Мемлекеттік алымдар. Нотариаттық қызметтер мен сотқа жүгіну кезінде ардагерлердің көп жағдайда мемлекеттік алым төлемеуге құқығы бар.

«Денсаулық – басты байлық» екені анық қағида. Мемлекет ардагерлердің денсаулығын оңалтуға баса назар аударады. Атап айтқанда, емханаларда кезексіз қызмет көрсету; мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жылына бір реет шипажай-курорттық емделуге жолдама алу; тегін тіс протездеу (бағалы металдарды қоспағанда) қызметтері қарастырылған.

Сонымен қатар, «Ардагерлер туралы» Заңға сәйкес, бұл санаттағы азаматтар мемлекеттік қордан баспана алу кезегінде басымдыққа ие. Сондай-ақ, жергілікті мәслихаттардың шешімімен коммуналдық қызметтерге төленетін шығындарды өтеу үшін арнайы әлеуметтік көмектер тағайындалуы мүмкін.

Мемлекетіміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек еткен жандарды ұлықтау – ұрпақ алдындағы қарыз бен парыз. Оларға көрсетілген әлеуметтік қолдау – осы құрметтің бір парасы.

Әр жүректе патриоттық сезім, Отанға құрмет болуы тиіс

«Әскер – ердің мектебі, ұлттың ұжданы. Отан алдындағы борышты өтеу – өткенге тағзым – бүгінге қызмет, келешекке аманат. Патиротизм – тек Әнұран шырқап, Ту ұстау емес, ішкі рух, азаматтық парызға адалдық. Сондықтан әрбір жас елдің қорғаны болуға, әрбір ата-ана баласының ер болып өсуіне үлес қосуы керек», деді Мойынқұм аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімің бастығы, подполковник Болат Әуелбаев.

Отан – қастерлі байлық. Отанды қорғау – әр азамат үшін басты міндет. Елдіңді қорғау, әскери борышыңды өтеу жазылмаған заң болуы тиіс. Кезінде бір шаңырақтың жалғыз ұл баласы болса, әскерден босатылады деген шешім де болды. Сол кезде де көптеген шаңырақтың балалары әкеден жалғыз туылса да әскерге барды. Бойларындағы намыс пен жігер оты ойнап өз еріктермен барды. Міне – нағыз патриотизм. Міне – нағыз қазақ жігітінің бойынан Отаншылдық боп тулап аққан қан. «Біз үйдің жалғыз перзенті болдым. Бірақ, әскерге Отандық борышымды өтеуге бардым. Намыстанып, өз еркіммен бардым. Сыныптастарым, ауылдастарым қуанып әскерге кетіп жатқанда өзімді далада жалғыз қалғандай сезіндім. Өз еркіммен сұранып кеттім. Ата –анам да бұл шешіміме қарсы болған жоқ. Отандық борышымды өтеп келгеніме ерекше қуанамын», дейді қазір ветеринария саласында еңбек ететін жиеніміз  Мақсат Мұсаханұлы.

Осы партиотизм біздің атамыздан, әкеміз бен анамыздан сіңген еді. Осы патриотизмді біз мектепте ұстаздардан да естіп, ұғып, бойымызға сіңірдік. Әр ұстаздың сөзі де, өзі де бізге қымбат болатын. Әр ұстаз сөзі – әскердегі командирдың сөзіндей қуатты еді. Қазіргі таңда да мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушыларының рөлін арттыру қажет. Сол алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері де өздерінің міндеттерін жете сезінгендері жөн. Себебі, олар еліміздің қорғаныс саласына болашақ сарбаздарды әзірлеуде. Ол болашақ сарбаздарды патриот, Отаншыл, өнегелі, намысшыл етіп тәрбиелеуге сол ұстаз міндетті. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі оқушылардың физикалық дайындығына, шынығып, күштерін дамытып өсуіне, жылдам қимылдап, мергендік пен төзімділікке дайын болуға баулуға міндетті. Болашақ сарбаздың физикалық дайындығы да ерекше әсер етеді. Оны жүрекпен сезініп, түсінген жөн. Мектепте балаларды әскери өмірге дайындайтын ұстаз маман өзі әскер өмірін жақсы білген, Отаншыл азамат болуы тиіс. Ол алдымен балаларға өзі үлгі болғаны жөн. Сонда болашақ сазбар балалардың әскери саладағы ұстаздарынан үйренері көп болады.

Бұл жерде шаңырақтағы ата-ананың да ықпалы бар. Әр ата-ана баласын бақылап, назар аударып, тәрбиелеп отырғаны жөн. Баласының ел азаматы екенін, Отанын қорғау керектігін, Отанның қауіпсіздігіне әр жас азамат жауапты екеінін түсінгендері дұрыс. Сонда, әр балада патриоттық сезім, Отанға құрмет сезімі ұлғаяды. Әр жас жеткіншектің, әр сарбаздың Отанға деген құрметі ұлғайса, еліміздің шекарасы нығаяды. Оған сеніміміз кәміл. Себебі, еліміздің шекарасын өзіміздің патриот азаматтар ғана күзете алады.