Бюджет қаражатын жымқырудың жолы кесілуде

0 2

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ауылшаруашылығына бөлінетін субсидия қаражатының заңсыз жұмсалуына жол бермеу, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және экономикалық тергеп-тексеру органдары мен кәсіпкерлер палатасының өзара іс-қимылы мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Брифинг барысында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқармасы басшысының орынбасары Шерхан Пірімқұл саладағы өзекті мәселелерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Спикердің айтуынша, соңғы алты жыл ішінде бюджет қаражатын жымқыруға байланысты Қылмыстық кодекстің «Жымқыру» және «Алаяқтық» баптары бойынша ондаған қылмыстық іс тіркелген. Келтірілген шығын көлемі миллиардтаған теңгеге жеткен. Оның бір бөлігі мемлекетке қайтарылып, заңсыз жолмен алынған мүліктер тәркіленген.

Маман әсіресе ауылшаруашылығы саласында қаржы жымқыру деректері жиі кездесетінін атап өтті.

– Ауылшаруашылығы – өңір экономикасының негізгі салаларының бірі. Мыңдаған адам осы бағытта еңбек етіп келеді. Сондықтан мемлекет тарапынан бөлінетін қолдау көлемі де аз емес. Алайда субсидиялау жүйесіндегі кемшіліктер мен жемқорлық тәуекелдері бюджет қаржысының талан-таражға түсуіне әкеп соқтыруда, – деді Шерхан Пірімқұл.

Оның айтуынша, кей жағдайларда делдалдар мемлекеттік қолдауды алаяқтық жолмен иемденіп, шаруаларға тиесілі қаражатты өз мақсаттарына пайдаланып кеткен. Мәселен, элиталық таңқурай көшеттерін сатып алуға бөлінген қомақты қаржының мақсатсыз жұмсалғаны анықталған. Тексеру барысында субсидия көрсетілген егістік алқаптарынан тиісті өнім табылмаған. Аталған дерек бойынша сот шешімі шығып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар ауылшаруашылық техникаларын алу бағдарламалары аясында да заңбұзушылықтар тіркелген. Алаяқтар фермерлердің атынан жалған өтінімдер рәсімдеп, мемлекет қаражатын иемденген. Соның салдарынан көптеген шаруа қожалықтары сапасыз техника алып, шығынға ұшыраған. Қазіргі таңда мұндай әрекеттерден зардап шеккен екі жүзден астам шаруа қожалығы анықталып, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.

Брифинг барысында кәсіпкерлерге электрондық цифрлық қолтаңбаны бөгде адамдарға бермеу қажеттігі қатаң ескертілді. Мамандар мұндай немқұрайлылық алаяқтардың заңсыз әрекеттеріне жол ашатынын айтты. Сондай-ақ экономикалық құқықбұзушылықтар туралы ақпаратты арнайы «AFM Insider» телеграм-боты немесе департаменттің сенім телефоны арқылы хабарлауға болатыны жеткізілді.

Жиын соңында спикер заң талаптарын сақтау, мемлекеттік қолдауды мақсатты пайдалану және адал кәсіпкерлік қағидаттарын ұстану агроөнеркәсіп саласының тұрақты дамуының басты кепілі екенін атап өтті.