Алматы қаласындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы миссиясына қатысатын қазақстандық үшінші бітімгерлік контингентті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Бітімгерлік операциялар орталығының басшылығы, әскери ардагерлер, қызметтестер мен әскери қызметшілердің ата-аналары және жақындары қатысты.
Рәсім барысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков сөз сөйлеп, Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы үлесіне тоқталды.
– Бітімгерлік қызмет – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл – Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілігі мен бейбіт бастамаларының нақты көрінісі. Сіздер мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына аттанғалы отырсыздар. Бұл – үлкен сенім мен зор жауапкершілік, – деді генерал-майор.
Іс-шара барысында әскери қызметшілердің туыстары да жылы лебіздерін білдірді. Екінші бітімгерлік құрам сапында болған әскери қызметшінің әкесі Ғұмар Маратұлы жауынгерлерге сәттілік тілеп, елге аман-есен оралуларына тілектестігін жеткізді.
Одан кейін үшінші ұлттық бітімгерлік контингенттің командирі подполковник Ілияс Алматов бастаған әскери қызметшілер саптық жүріспен плацтан өтті. Артынша 139 әскери қызметші Голан жоталарындағы миссияда жүрген екінші құрамды алмастыру үшін Алматы халықаралық әуежайына аттанды.
Бүгінде қазақстандық бітімгерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыс пен Африкадағы бірнеше миссиясына қатысып келеді. Олар Ливан, Сирия, Батыс Сахара, Оңтүстік Судан, Конго Демократиялық Республикасы және Орталық Африка Республикасындағы тұрақтылықты сақтау жұмыстарына атсалысуда.
Қазақстандық әскери қызметшілер миссия барысында атысты тоқтату режимін бақылау, патрульдеу, бақылау бекеттерін күзету, жарылыс қаупі бар заттарды залалсыздандыру, сондай-ақ БҰҰ қызметкерлерін алып жүру және эвакуациялау сынды жауапты міндеттерді атқарады.
Айта кету керек, бұған дейін Голан жоталарында қызмет атқарған қазақстандық бітімгерлік құрамдар өздеріне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындап, БҰҰ басшылығы тарапынан оң баға алған болатын.
Халықаралық қауіпсіздік жолындағы бұл миссия – қазақстандық әскерилердің кәсіби даярлығы мен ел алдындағы адалдығын тағы бір мәрте айқындай түсті.