Адамның ең асыл қасиеті – мейірім мен жан жылуы. Әке мен ананың жан жылуын ешкім бере алмас, бірақ бала жүрегіне жол тауып, оның азамат болып қалыптасуына педагог қауымның қосар үлесі зор. Осындай мейірімді бүгінде балаларға облыстық жасөспірімдер үйі беруге, саналы азамат етіп тәрбиелеуге күш салып келеді.
Мекеме 2001 жылы Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың жұбайы Сара Назарбаеваның ұсынысымен Облыстық жасөспірімдер үйі болып ашылған еді. Содан бері мекеме ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім, тұл жетім жасөспірімдер 15 жастан 23 жасқа дейін осы орталықта тәрбиеленеді. Жасөспірімдер үйінің басты мақсаты – жасөспірімдерді жаңа өмірге бейімдеу, оның болашағына бағыт бағдар беру.
Баланың аты қай кезде де бала ғой. Аналық мейірім іздегендерге өзіміз де анадай қамқорлық көрсетеміз. Кейбір балалардың табиғаты үйге жақындау болып тұрады. Оны өзіңде сезінесің. Сондықтан қолдан келген мүмкіндікке қарай оларға отбасы жылуын беруге, үйдің тағамынан дәм татуға, жанұя мейірімін сезінулеріне көмек көрсетуге тырысамыз. Шындап келгенде, мұндағы әрбір қызметкер бір-бірден баланы бала етіп, аналық мейрімін, ата-аналық қамқорлығын көрсетуге күш салады. Нақтырақ айтсақ, мамандардың осында «бір баласы» бар деуге толық негіз бар. Әрине, мемлекет жүктейтін жауапкершілікті біздер еш ұмытпаймыз. Дегенмен оларға отбасылық жылу беру біз өз міндетіміз деп білеміз.
Орталықта тәрбиеленген, тұрмыс құру жасындағы қыздарымыз отбасын құратын болса ұлттық салт-дәстүрімізге сай ұзатамыз, ал ұлдарымыздың үйленіп, шаңырақ құруына да болысамыз. Мекемеде арнайы дастарқандарын жазып, ол қуаныштарды көпшілік болып атап өтеміз.
Дегенмен орталықтағы әрбір қызметкердің, тәрбиешілер мен педагогтердің өз міндеті мен жауапкершілігі бар. Олардың мекемедегі жасөспірімдердің тәрбиесіне тигізіп жатқан көмегі де зор. Мәселен, асханада педагог тәрбиеші оларды ас дайындауға баулысы, тігінші киім пішуге, тігін тігуге, шеберлікке үйретеді. Еңбекке баулу арқылы педагог тәрбиешілер балалардың өмірге деген құштарлықтарын арттырып, жақсы білім, жақсы тәрбие алып шығуларына бастамашы болады. Осылайша балалардың өмірге деген қажетті дағдыларын бойларына сіңіріп жатады. Ал өзім педагог ұйымдастырушы ретінде, әрбір баланың өз бойындағы талантын тануға, шығармашылық қабілетін ашуға тырысып, мәдени іс-шараларға тартып келемін. Бүгінде орталықта қоғамдық жұмысқа, мәдени іс-шараларға атсалысатын балалар көбейіп келе жатқаны қуантады.