Баршамызда бір ғана Отан бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Осы өзіміздің мемлекетіміздің тыныштығы мен тұтастығы, қауіпсіздігі сіз бен біздің патриоттық көзқарасымызға, кеудемізде лүпілдеп соғып тұрған жүрегіміздің Отаншылдығына байланысты. Екінші дүниежүзілік соғыста осы міндет алдыңғы толқынның, яғни, аталарымыздың мойынында болды. Кеңес әскерінің айбынды командирі сол уақытта «Россия жері кең байтақ, бірақ бізге шегінуге жол жоқ, артымызда – Москва» деді. Міне, осы ұранды естіген барша Кеңес сарбаздары жігерленіп кетті. Отаншылдық, патриоттық рухтары оянып, дүр сілкінді. Сол сілкінудің нәтижесінде Мәскеу қаласының іргесіне келіп, қауіп төндіріп тұрған жау солдаттарын кері қайтара білді. Кеңестер Одағының жүрегі саналған Мәскеу қаласына кіргізген жоқ. Яғни, Кеңес әскерлерінің айбынды командирі әскерге күш беретін керек сөзді керек кезінде айта білді. Әрине, кейде ұран сөзбен де сарбаздарды сілкіндіре алмайсың. Ол сөздердің айтылуында да, айта білуде де маңыз бар. Мәселе сол маңызды түсінуде.
Мықты әскер – мемлекеттің айбыны
Біздің мемлекетте де әскери салаға ерекше назар аударылған, көңіл бөлінген. Себебі, мықты әскер – мемлекеттің айбыны. Осыны Қорғаныс саласындағы жоғары лауазымды азаматтар да, қатардағы сарбаз да бірдей сезінуі тиіс. Сонда әскердің мықтылығы мен қуаттылығы артады. Әскери қызмет туралы алуан түрлі заң бар. Әр заңның өзіндік маңызы бар.
Мәселен, Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV Заңының маңызы бір бөлек. Осы Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызметті өткеруі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі мемлекеттік саясат негіздерін айқындады. Бұл Заңның 1-бабында «Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар» түсіндірген. Сол Заң күшімен айқындалған түсіндірмелердің маңызы жоғары. Мәселен, мұнан кейінгі құндылықтарға назар аударып көрейікші. Онда былай нақты көрсетілген:
1) адъюнкт – жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік əскери оқу орнында білім алып жатқан офицерлік және сержанттық құрамдардың əскери қызметшісі; 1-1) азаматтық персонал адамдары (жұмыскерлер) – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда (бұдан әрі – Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар) мемлекеттік қызметтегі немесе еңбек қатынастарында тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) ауыспалы құрам – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың штат санына кірмейтін әскери, арнаулы оқу орындарында білім алып жатқан Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар әскери қызметшілерінің санаты;
3) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер – осы Заңда көзделген мерзімге Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскери қызметке шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтары;
4) əскерге шақыруды кейінге қалдыру – осы Заңда көзделген негіздер бойынша азаматтарды əскери қызметке шақыру мерзімін ауыстыру;
5) əскерге шақыру жасына дейінгілер – әскерге шақыру жасына толғанға дейін əскери қызметке даярлықтан өтетін Қазақстан Республикасының ер азаматтары;
6) əскерге шақырылушылар – жергілікті əскери басқару органдарында әскери есепте тұратын жəне мерзімді əскери қызметке шақырылуға жататын Қазақстан Республикасының ер азаматтары;
7) əскери атақ – əскери қызметшіге жəне əскери міндеттіге берілетін əскери айырым белгісі;
8) əскери билет – азаматтың əскери қызметке тиесілігін жəне əскери міндеттілікке қатыстылығын айқындайтын бірыңғай мерзімсіз жеке есептік-əскери құжаты;
9) әскери бөлімнің (мекеменің) штаты – құрамды, ұйымдық-штаттық құрылымды, жеке құрамның санын және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қару-жарақ пен әскери техникасы кадастрына сәйкес бекітіп берілген негізгі қару-жарақ пен әскери техниканың санын айқындайтын құжат;
10) əскери есепке алу – əскерге шақырылушылар, əскери қызметшілер мен жұмылдыру ресурстары туралы сандық жəне сапалық деректерді есепке алу жəне талдау жүйесі;
11) əскери жиындар – əскери міндеттілер мен азаматтардың əскери білім алуы жəне оны жетілдіруі мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда əскери басқару органдары, уəкілетті мемлекеттік органдар əскери даярлық бойынша өткізетін іс-шаралар.
Əскери жиындарда қандай жиындар жатады? Ол жағы да Заңда көрсетілген. Атап айтқанда, «Оқу-жаттығу жиындары – əскери міндеттілерді даярлау жəне қайта даярлау мақсатында өткізілетін əскери жиындар түрі» немесе «Тексеру жиындары – соғыс уақытының ұйымдастырушылық-штаттық құрылымында міндеттерді орындауға арналған, əскери бөлімдердің əзірлігін тексеру мақсатында өткізілетін əскери жиындар түрі» деп айқын көрсетілген.
Арнайы жиындар – төтенше жағдай режимін енгізу жəне қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды орындау мақсатында жəне Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де жағдайларда өткізілетін əскери жиындар түрі болып бөлінеді. Бұл туралы да Заңда айқын белгіленіп, нақты жазылған.
«Әскери интерн – əскери интернатурада білім алып жатқан əскери қызметші; Әскери интернатура – жоғары əскери оқу орнының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыратын, клиникалық практикаға рұқсат алу үшін əскери қызметшілерді базалық жоғары медициналық білім беру шеңберінде клиникалық мамандықтар бойынша даярлау нысаны. Әскери кафедра (әскери факультет) – запастағы офицерлер және (немесе) запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша студенттерді әскери даярлауды және әскери-патриоттық тәрбиелеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының құрылымдық бөлімшесі» деп айқын жазылып, қажетті тарапқа ұсынылған.
Сонымен қатар, аталған Заңда: «Әскери киім нысаны – Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен, əскери қызметшілердің Қарулы Күштерге, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарға тиесілігін айқындайтын, ерекшелік жəне айырым белгілері бар нысанды киім (киім-кешек) жəне жабдық» деп көрсеткен.
Сондықтан, 18 жасқа толған денсаулығы жарамды әр жас азамат әскерге баруға, Отанын қорғауға міндетті. Кеше атасы мен әкесі, ағалары қорғаған еліміздің шекарасын қорғауға қызмет ету – әр сарбаз үшін мақтаныш болуы тиіс. Олар шекараны қорғағанын, Отандық борышын өтегенін зор мақтанышпен, өзгелерге үлгі ретінде айтуы тиіс. Себебі, біздің әр азаматтымыз патриот болуы керек. Сол патриот азаматтар елге жоғары деңгейде қызмет ете алады. Себебі, Отанымызды өзіміздің жігерлі де намысты азаматтардан басқа ешкім қорғамайды. Отан да, шекара да, Отанға деген құрмет сезімі де өзімізге керек. Бұл орайда, 18 жасқа 2026 жылдың ақпан айында толған азамат Нұрзат Қарасайдың патриоттық сезімі өте жоғары. Ол өз қалауымен әскер қатарына сұранып, өзінің қатарластарын да Отан қорғауға шақырып жүр.
– Отан – өзіміздің айбынды мемлекетіміз. Кешелері мемлекетімізді аталарымыз қорғады. Олар бұдан да қиын шақта, соғыс жағдайында еліне қалқан болды. Олардың ойында «Өз Отанымды қасық қаным қалғанша қорғауым керек» деген асқақ рух тұрды. Сол асқақ рух олардың намысын жаныды, жігерін шыңдады. Сол аталарымыз Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап, өздерінің мақсаттарына жетті. Міне, біз сол батыр аталардың бүгінгі ұрпақтарымыз. Біздің бойымызда да сол аталарымыздың асқақ рухы, батырлығы бар. Сол батырлық бәрімізге қажетті асыл қасиет.
Мен жақында 18 жасқа толдым. Яғни, әскерге шақырылуға жарамды жасқа жеттім. Тіпті, қазір дәрігерлік тексеруден өтіп, армия қатарына алынсам деп ниеттеніп отырмын. Өзімнің сыныптастарыма да, замандастарыма да үнемі осы ойымды айтып, оларды да патриот болуға шақырып жүрмін. Мен, әрине, жүз мыңдаған болашақ сарбаздың бірі ғанамын. Жеке менің ғана күшім ештеңеге жетпеуі мүмкін. Бірақ, айналадағы патриот жігіттермен біріксек, үлкен күшке айналамыз. Оны жақсы түсініп отырмыз. Үлкен әскери күшке айналсақ, сырттан келетін қатерлердің алдын алатын мықты қамалға айналамыз. Біз патриот жастар өз халқымыздың тыныштығын күзету, қауіпсіздігін қорғау жолында алынбас қамалға айналуымыз керек. Ол – Отанымыздың үлкен қуанышы. Себебі, Отан ана біздердей патриот ұлдарына сенім артады. Отанды қорғайтын батыр ұлдарымыз бар деп бағалайды. Осы ер балалар өмірге келген кезде «Сарбаз туылды», «Отан қорғаушы азамат өмірге келді» деп жатады. Міне, біз шыр етіп, дүние есігін ашқан кезімізде осындай сөздер айтылып, әлі сәби болсақ та, болашақ Отан қорғаушылардың тізіміне қосылады екенбіз. Енді, міне, 18 жасқа толып, Отанды қорғауға міндетті кезеңге келдік. Керісінше, қазір біздің інілеріміз өмірге келіп, ақ бесікте сәби болып тербеліп жатыр. Сол сәбилердің ұйқысы тыныш, күлкісі алаңсыз болу үшін біз әскерге барып, Отанды қорғауға тиіспіз, –дейді болашақ сарбаз Нұрзат Қарасайұлы.
18 жастағы жігерлі, жас азаматтан мұндай пікір есту бізді де қанаттандырып тастады. Мұндай патриот азаматтардың ісі – әр жігітке үлгі болуы тиіс.
«Айбын – 2026» әскери ойыны Мыңаралдың мәртебесін көтерді
Отан қорғау – абыройлы міндет, бүгінгі оқушы – ертеңгі Қарулы Күштер қатарындағы жауынгер. Әскери «Патриот» айлығы аясында, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 34 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 81 жылдығына орай Мойынқұм ауданының білім бөлімі мектеп оқушылары арасында «Айбын-2026» әскери-спорттық сайыс ұйымдастырды. Сайыс Мыңарал стансасындағы Мыңарал орта мектебінің спорт алаңында өтті.
Іс-шараға Мойынқұм аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Медет Тойшыбеков пен Қайрат Рұсқұлбеков атындағы орта мектебі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушы Нұрсұлтан Берік қатысып, өздерінің әскери тәжірибелерін болашақ Отан қорғаушылармен бөлісті. Мыңарал орта мектебі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Бауыржан Мәлімбеков те осы жиында өзінің шәкірттерімен бірге жоғары өнер көрсетіп, сапалы дайындықпен келгенін байқатты.
Жиынның мақсаты – жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу, саламатты өмір салтын насихаттау және дамыту бойынша жұмыстардың мазмұнын жетілдіру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Патриот болу – алаңға шығып ұрандату емес, қажырлы еңбек ету. Ел мен жердің қасиетін жүрегімен сезіне білген адам ғана ерлікке бара алады. Бұл – жастарымызға тән қасиет», деп атап өткен болатын. Жастарға патриоттық тәрбие беру – елдің болашағына салынған берік негіз!
Әскери-спорттық сайысқа Мойынқұм ауданы білім беру ұйымдарының оқушылар командалары қатысты. Атап айтар болсақ Мыңарал орта мектебінің командасын алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Бауыржан Мәлімбеков басқарды. Сонымен қатар Кенесары Қасымов атындағы шағын орталықты орта мектебі жетекшісі Исалиев Сұлтан, №1 орта мектебі жетекшісі Құттыбаев Самат, Әлтай Төлепбергенов атындағы орта мектебі жетекшісі Қалдарбеков Нұржан әскери ойынға шәкірттерін жақсы дайындықпен әкеліпті. Әр команда 10 оқушыдан құралды. Атап айтқанда, 7 ұл, 3 қыз. Бұл сайыс та қыздар да өздерінің дайындықтарының жоғары екенін байқатты.
Алдымен мектептің спорт алаңында командалар сапқа тұрғызылып, мемлекеттік Ту енгізіліп, Әнұран орындалды. Пневматикалық винтовкадан жатып ату, садақ ату, АК-74 оқу қаруын жартылай бөлшектеу және жинақтау, кермеде тартылу, гір көтеру, қол күрес (армрестлинг) және арқан тарту сайыстары бойынша үздіктер анықталып, іріктелді. Міне, осылай нағыз жігер мен намыс сыналатын сәтте әр команда жұдырықтай жұмылып, бірлік пен қажымас жігерлерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Арнайы комиссияның шешімімен бірінші орынды Кенесары Қасымов атындағы шағын орталықты орта мектебінің командасы иеленсе, екінші орын Мыңарал орта мектебі командасы құрамасына бұйырды. Жүлделі үшінші орындарды Әлтай Төлепбергенов атындағы орта мектебі құрама командасы мен №1 орта мектебі құрама командалары өзара бөлісті.
Қатысушылар өздерінің табандылығы мен жоғары дайындығының арқасында көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, өз мектептерінің намысын абыроймен қорғады. Әсіресе жеңімпаз атанған командалар ұйымшылдық пен шеберліктің үлгісін көрсетті. Бүгін мектеп намысын абыройлы қорғағандар ертең ел намысын, елңіміздің шекарасын да үлкен жауапкершілікпен қорғай алады. Дәл осы намысшыл оқушылардан ертең әскерден қашатын емес, әскерге баруға асығатын азамат шығады.
– Елдің әскері сол мемлекеттің жігерлі, жас, физикалық күші мықты 18 жастағы және 18 жастан асқан азаматтарынан құралады. Әскери борышыңды өтеу – азаматтық міндетің. Отанды сүю – әр азаматтың қасиетті борышы. Ал оны қорғау жолында ерлік көрсетіп, жанын шүберекке түйіп, ел тыныштығы үшін майданға аттанған жандардың орны ерекше. Міне, сол Отанын сүйген ғаламат жандар бізге үлгі. Сондай ардақты тұлғалардың бірі – менің атам Түсіп Мәлімбеков .
Атам 1909 жылы бұрынғы Көктерек ауданы, Мыңарал ауылында дүниеге келген. Отанымызға қауіп төнген ең қиын кезеңінде, яғни 1942 жылы туған елін қорғау үшін Ұлы Отан соғысына аттаныпты. Ол Қызыл әскер қатарына Шу ауданының жергілікті әскери бөлімінен шақырылады. Әскери борышын 39-резервтік атқыштар полкінің 3-резервтік атқыштар дивизиясында бастаған. Сталинград шайқасына қатысқан, Белоруссия майданында ауыр жарақаттар алып, госпитальде емделіп, қайтадан майдан даласына оралып, соңына дейін табандылық танытқан. Отанын қорғау жолында қарша борап тұрған оққа қарай талай рет шабылға шыққан екен. Командирлерінің бұйрығын бұлжытпай орындаған. Оны кейіннен ұл-қыздарына, ауылдастарына әңгімелеп, айтып беріп отырған.
Польша шекарасында бір қол, бір аяқтан жаралы болып, контузия алып, госпитальдан кейін 1944 жылы елге қайтарылған. Сол бір зұлмат жылдары атамның майдан шебінде жауға қарсы күресіп, Отан үшін от кешіп, бейбіт өмір сыйлау жолында жан аямай қызмет еткені – біздей ұрпақтары үшін мақтаныш. Туған елінің болашағы, ұрпағының бейбіт өмірі үшін ештеңеден тайсалмай, майдан даласында жанкешті ерлік көрсеткен қазақтың қайсар ұлы.
Соғыс аяқталған соң атам туған жерге оралып, бейбіт өмірде де елге адал еңбек етті. Жас ұрпаққа үлгі болып, ақыл-кеңесін аямай, үлкенді сыйлауға, елді сүюге тәрбиеледі. Оның қарапайым, бірақ биік болмысы — бүкіл әулетіне өнеге. Денесінен алынбай қалған оқ қалдықтарының зардабынан жыл сайын Алматыдағы әскери госпитальға емделуге жіберетін. Кейін инсульт алып, жаралы қолы мен аяғы жансызданып қалды. Талай жыл емделсе де түзелмеді. 1983 жылы сәуірде 74 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Оның төзімділігі мен батырлығы, Отанға деген адалдығы – ұзақ әңгіме. Атамның есімін ауылдастар да үлкен құрметпен айтып отырады.
Атамның ерлік жолын әрдайым еске аламын. Ол – менің рухани тірегім, өмірлік үлгі тұтар тұлғам. Атамның жолын қуып ұстаздық қызмет атқарып жүрмін. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі ретінде ауыл жастарын әскерге дайындап жүргенімді мақтан етемін. Қазақстан Республикасының әскери саласына болашақ сапбаздарды сапалы дайындау арқылы үлесімді қоса беремін, – дейді Мыңарал орта мектебі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Бауыржан Мәлімбеков.
Осылайша, «Айбын – 2026» әскери-спорттық сайыс жас сарбаздардың рухын шыңдап қана қоймай, олардың бойындағы жеңіске деген жігерін арттырған маңызды іс-шара болды.