Құрдымға апаратын дерт

0 1

Кешегі Кеңестер одағы кезеңінің жақсы жақтары да болды деп айтып жүрміз. Сол жақсы жағының бірі – баланың кішкентай кезінен адалдық пен шыншылдыққа тәрбиелеу еді. Мектеп табалдырығын аттаған бала 3-4 айдан соң октябрят қатарына қабылданып, кеудесіне жұлдызша тағылатын. Ол – сен енді белсенді оқушы қатарына өттің, жақсы оқып, адал болуың керек дегенді білдіруші еді. Одан соң үшінші сыныптың аяғына таман оқу озаттарын пионер қатарына қабылдайтын. Оның жауапкершілігі тіпті жоғары. Сол уақытта балалардың арасында «Пионер өтірік айтпайды» деген сөз тараған. Мұны естіген пионер қатарындағы оқушылардың өтірік айтуы қылмыспен тең еді. Сегізінші сыныпта комсомол ұйымына мүше боласың. Оның салмағы өте үлкен. Комсомолға өткен оқушы өздерін есейіп кеткендей сезінетін. Олар пионер мен октябряттарға басшылық жасап, аға немесе әпке ретінде бағыт беретін. Жақсылыққа жетелейтін.

Мұның барлығын неге айтып отырмыз? Сол октябрят, пионер, комсомол болып, үлгілі жолдан өткен ұрпақ басқаша тәрбиеленді. Ұрлыққа, бұзақылыққа, жаман істерге барған жоқ. Біреудің мүлкіне қол салу былай тұрсын, қалтасында тиын жүрсе, қайдан келген ақша деп ойланатын. Адалдықты ту ететін. Сол кездегі идеология жастарды осылай тәрбиелеп, адалдықтың жолына салып жіберетін. Біз де октябрят, пионер қатарына сынып бойынша алғашқылардың бірі болып қабылдандық. Комсомолға өтетін жылы Коммунистік партия тарап кетіп, ондай белеске өте алмадық. Бірақ, ешқашан өтірік айтпайтын, адал жүретін пионер мектебінің өзі де бізді көптеген жақсы қасиеттерге баулыған еді.

   Осы тұста бір оқиғаны айтайын. Кеңестер Одағы тарап, еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдар.  Совхозда тұрушы едік. Совхоздың да бұрынғыдай қызығы қалмаған кез. Совхоздың 900 гектар егістік алқабына су апаратын үлкен канал бар. Сол каналдың  машина-тракторлар өтетін дәу көпірінде екі есік бар еді. Кешкілік мал өтпесін деп сол есіктерді қарауыл ағалар жауып қоятын. Бірер жылдан соң сол есік тозып, қараусыз қалды. 1993 жылдары болуы керек, бір күні әлгі көпір жаққа барғанда әлгі есікті ұстап қалып едім, тарс етіп сыртқа қарай құлап түсті.  Селк ете қалдым. Жүрегім атша тулады. Бойымызда октябрят, пионер кезден сіңіп қалған адалдық қасиеті бар ғой. Әлгі көпірдің құлап жатқан есігіне көп қарадым. «Кім сындырды, неге қараусыз қалды?» деген ой мазалай берді. Сол күні үйге үлкен ой, басқаша әсермен оралғаным есімде. Ол біздің бойымызға Кеңестер одағы сіңірген адалдық идеолгиясының әсер еді. Біздің бала күнімізде жемқорлық деген болған жоқ. Үлкендерден бастап балаға дейін Коммунистік идеяның тәрбиесімен жүрді. Ол тәрбиенің бастауында адалдық пен шындық, турашылдық тұрды.

   Бабаларымыз білді. Қалай жүріп тұруды, адалдықтың асыл қасиет екенін ұқты. «Тек жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің» деді. Тек жүру дегеніңіз – кісінің ала жібін аттамау. «Адам болам десең – адал бол», «Адал дос – алтыннан қымбат» деген мақалдардың де айтылуы бекер емес.  Сол қанатты сөздің бәрі сүзгіден өткен, өмірлік тәжірибенің жемісі.

Еліміз  ширек ғасырдан бері жемқорлық деген дертпен күресіп келеді. Әйтеуір, күн сайын «Анау басшы ұсталыпты», «Анау дөкейдің қолына кісен салыныпты» деп естіп жатамыз. Жақсы жолдардан өтіп, билік басына  келген сыйлы азаматтардың біразы осы жемқорлық дертінің құрбанына айналып жатады. Осындайда «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген мақал ойға оралады. Қанағатсыздыққа салынып, құрдымға кеткен қанша адам бар?

Жемқорлық  –  жегі құрт. Одан арылу үшін немесе азайту үшін не істеуіміз қажет? Ең алдымен мектептегі оқушының көзқарасын, тәрбиесін,  ниеті мен бағытын түзеуіміз қажет. Бұл туралы Меркі ауданы, Тескентоған орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғани Әбдірәсілов былай деп ой толғайды. «Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін қауіпті әлеуметтік дерттердің бірі. Әсіресе ұстаздар арасында бұл мәселе ерекше назарда болуға тиіс, себебі мұғалімдер жас ұрпаққа адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтарын үйрететін тұлғалар. Сондықтан әрбір ұстаз өз ісінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуі қажет. Ұстаздар адал еңбек арқылы ғана жастарға шынайы үлгі бола алады. Оқушылардың бойына әділеттілік пен парасаттылықты дарытуда мұғалімнің мінез-құлқы, әрбір іс-әрекеті маңызды рөл атқарады. Егер ұстаз өз ісінде әділ болса, жас ұрпақ та осы құндылықтарды саналы түрде меңгереді. Мұғалімдерге адал болу ғана емес, сонымен бірге өзгелердің де жемқорлыққа жол бермеуіне ықпал ету маңызды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әрбір азаматтың борышы. Білім беру жүйесінде, отбасында және қоғамда адалдық, әділдік және адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру маңызды. Әр адам өзінің өмірлік ұстанымдарын таза, парасатты қалыптастыру арқылы қоғамның дамуына үлес қоса алады. Мемлекеттік мекемелерде ашықтықты арттыру, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды қатаңдату – бұл бағыттағы маңызды қадамдар.

Осылайша, ұстаздарымыздың адал еңбегі мен дұрыс бағыт-бағдары қоғамның жарқын болашағының кепілі болмақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әрбір ұстаздың ұстанымы, адалдығы мен әділдігі үлкен мәнге ие. Егер әрбір адам сыбайлас жемқорлыққа «жоқ» деп айтса, онда біздің қоғамымыз әлдеқайда таза, әділетті және дамыған болар еді», – дейді ол.

Осындайда  бір  нақыл  еске түседі. Есте жоқ ескі заманда  бір  қаһарлы патша өмір сүріпті. Бір күні патшаның жалғыз баласы  ауырады. Ауырғанда күннен күнге әлсіреп, жағдайы ауырлап бара жатады. Сол ауылда Данышпан атты емші бар екен. Патша сол емшіні де шақырады да «Баламды емдеп жазасың» деп тапсырады. Баласы жазылса, есепсіз мол сыйлық беретінін айтады. Емші баламен қырық күн бойы жұмыс жасайды. Тек қырық бірінші күні  «Балаңыз бал жемесін» деп ескертеді. Бала сол күннен бастап бал жемей,  бірнеше тәуліктің ішінде жазылып  кетеді. Сонда патша ашуланып  әлгі емшіні өзіне алдырады.

– Сен баламның бал жемесе жазылатынын білдің ғой. Неге қырық күн бойы қинамай, бірден айтпайсың, басыңды  кесіп алайын ба?  – деп ашуланады.

Сонда емші:

– Тақсыр, сіз  кесіп аламын десеңіз, міне басым. Сіздің әміріңіздің орындалатынын білемін. Бірақ, жауабымды таңдап алыңыз, сосын басымды кессеңіз де, дарға ассаңыз да ризамын. Рас, балаңызға бал жемесін деп қырық күннен соң айттым. Оның себебі, ол кезде өзім бал жеуші едім. Өзім бал жеп жүріп, балаға бал жеме десем, ем қонбайтын еді. Сондықтан, баланы ойната жүріп, қырық күн бойы өзім бал жемей, тазардым. Содан соң қырық бірінші күні «Балаңыз бал жемесін» деп айттым,   –   депті.

– Ендеше, мен райымнан қайттым, сені түсіндім. Саған мың рақмет. Саған өміріңе жететін мол сыйлық бергіземін, – деген патша емшіге құрмет жасап, мол сыйлық беріп, үйіне қайтарыпты.

Бұл жерден біз нені ұғамыз? Емші өзі бал жеп жүргенде балаға емшілік қасиетінің  жүрмейтінін білді. Сол сияқты қазіргі таңда өзі жемқорлыққа барған  әке баласына қалай таза жүр, ұрлық жасама, тәртіп бұзба деп айта алады. Өзі адалдықтан алыс адамдардың ұрпақтарының бойында ізгі қасиеттер болуы мүмкін бе? Сенің жасаған жемқорлық  әрекетіңнің залалы өзіңе ғана емес, ұрпақтарыңа жетеді. Жемқорлық кесапаты балаңның баласы тиеді. Осыны есіңнен шығармағанымыз жөн. Кісінің ақысын жеу, оңай олжа іздеу ешқашан жасылыққа жетелемеген. Біз осыны үнемі жадымызда ұстағанымыз дұрыс.