Құлан өңірінде 74 жоба жүзеге асырылды

0 4

Т.Рысқұлов ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыс көп. Жоба жүзеге асырылған 7 жыл ішінде ауданда ауқымды жобалар іске асырылды. Жалпы алғанда, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылдан бері ауданда 23 елді мекен қамтылып, 5 миллиард теңгеден астам қаржыға 74 жоба жүзеге асырылып, 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Тарқатып айтсақ, 2021 жылы Құлан, Луговой және Каменка ауылдарында жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, денсаулық сақтау саласында Құлан ауылындағы аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңартылды. Ал білім беру саласында Құлан ауылындағы Юрий Гагарин атындағы мектепке қосымша спортзал салынса, Луговой ауылындағы М.Горький атындағы мектептің қазандығы газ жүйесіне ауыстырылып, жылу инфрақұрылымы жаңғыртылды.

Бұдан бөлек, спорт саласында айтарлықтай өзгерістер орын алып, Луговой ауылында заманауи спорт кешені бой көтеріп, жастардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Ал мәдениет саласында да көптеген жұмыстар атқарылып, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі, Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйі және «Сұлутөр» кинотеатры күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың игілігіне берілді.

2022 жылы жоба ауқымы кеңейе түсіп, 8 ауылдық елді мекенде 15 жоба жүзеге асырылды. Білім беру саласында Қарақат ауылындағы №2 орта мектеп пен Алғабас ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтті. Денсаулық сақтау саласы бойынша Жаңатұрмыс және Жақсылық ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар бой көтеріп, ауыл халқының игілігі үшін пайдалануға берілді. 2023 жылы 27 жоба жүзеге асырылды. Осы кезеңде Ақыртөбе, Көгершін және Рақым Сәбденов ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік кеңейді. Көгершін ауылында 90 орынды мәдениет үйі бой көтеріп, ауылдың мәдени өміріне серпін берді. Сонымен қатар Луговой ауылындағы мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңартылды.

2024 жылы Ақыртөбе ауылында жалпы құны 238,4 миллион теңгені құрайтын 140 орынды заманауи мәдениет үйі ашылды. Жаңатұрмыс ауылында құны жоба құны 307  миллион теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Сондай-ақ, Жаңатұрмыста 90 орынды мәдениет үйінің құрылысы басталды.

2025 жылы ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар аясында «Арай» тұрғын үй алқабында спорт кешенінің құрылысы басталды. Жобаға 110 миллион теңге бөлініп, қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында жол сапасын жақсарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2021-2025 жылдары аралығында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 79,6 шақырымды құрайтын 54 жоба қаржыландырылып, 21 елді мекеннің 71 көшесі жөнделді.