Адалдық – сапалы мемлекеттік қызметтің кепілі

0 2

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – мемлекет дамуының, қоғам тұрақтылығы мен азаматтардың әлауқатының негізгі кепілі. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының салдары, олар үшін көзделген жауапкершілік түрлері және олардың мемлекеттік қызмет беделіне тигізетін кері әсері туралы жан-жақты түсіндіру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалардың немесе оларға теңестірілген адамдардың қызметтік өкілеттіктерін жеке басының немесе үшінші тұлғалардың пайдасына заңсыз пайдалануы. Мұндай құқық бұзушылықтарға пара алу және беру, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену, сондай-ақ мүдделер қақтығысын жасыру жатады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін бірнеше жауапкершілік түрлері көзделген. Ең алдымен, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ол айыппұл салу, бас бостандығын шектеу немесе айыру, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру сияқты қатаң шараларды қамтиды. Бұдан бөлек, әкімшілік жауапкершілік аясында айыппұлдар мен әкімшілік жазалар қолданылады. Тәртіптік жауапкершілік мемлекеттік қызметшілерге қатысты ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс немесе қызметінен босату түрінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, азаматтық-құқықтық жауапкершілік келтірілген залалды өтеуді және заңсыз алынған мүлікті мемлекет пайдасына қайтаруды міндеттейді.

Сыбайлас жемқорлықтың салдары қоғам үшін аса ауыр. Ол экономикалық дамуды тежеп, инвестициялық тартымдылықты төмендетеді, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеледі. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, әділетсіздік пен теңсіздік тереңдеп, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі әлсірейді. Құқықтық мәдениеттің төмендеуі де осы құбылыстың тікелей салдарының бірі болып табылады.

Аталған құқықбұзушылық тардың мемлекеттік қызмет беделіне тигізетін кері әсері ерекше алаңдаушылық тудырады. Сыбайлас жемқорлық фактілері халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін төмендетіп қана қоймай, адал әрі кәсіби қызметшілердің еңбегіне нұқсан келтіреді. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметтің тартымдылығы азайып, білікті кадрларды тарту мен ұстап қалу мәселелері күрделене түседі.

Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүйелі түрде күшейту қажет. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету, цифрландыруды кеңейту, қоғамдық бақылауды дамыту және әрбір мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын қатаң сақтауы – осы бағыттағы негізгі басымдықтар болып табылады.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өткім келеді. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, адалдық пен әділдік қағидаларын ұстанған жағдайда ғана біз тиімді, ашық және халық сеніміне ие мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыра аламыз.