Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау, оларға қатысты құқықбұзушылықтарды болдырмау. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балаларды әлеуметтік қолдау мен құқықтық қорғау бағытында бірқатар заңнамалық реформалар жүзеге асуда. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Дегенмен, осыған қарамастан балалардың зардап шегу деректері азаймай отыр. Бұл ретте, жауапты мемлекеттік органдар өз міндетіне салғырт қарауы және білікті мамандардың жетіспеу мәселесі де бар. Себебі, соңғы жылдары облыста балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен және оларға жасалған қылмыстардың көрінісі азаймауда.
Осыған орай Байзақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан прокуроры Ақберген Мүлкемановтың төрағалығымен аудан аумағында қылмыстың деңгейін төмендету бағытында мемлекеттік органдармен атқарылып жатқан профилактикалық іс-шаралардың тиімділігі бойынша мекемеаралық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімі Олжас Баққараев қатысты. Сондай-ақ аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен құқық қорғау органының қызметкерлері қатысып отырды.
Мәжілісті кіріспе сөзбен ашқан аудан прокуроры Ақберген Жанысбекұлы аудан аумағындағы құқықтық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Күн тәртібінде қылмыстық ахуалдың жай-күйі, құқықбұзушылық профилактикасы, оның ішінде бұрын сотты болғандар, кәмелетке толмағандар мен профилактикалық шаралардың тиімділігі туралы мәселелер қаралды.
– Бүгінгі күнге білім беру ұйымдарында оқушылар арасындағы қатерді анықтап, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлағаны үшін рейтингтік көрсеткіштің оң бағалау тәжірибесі енгізілген. Талдау көрсеткендей, әлі де болса мектеп әкімшілігінің оқыс оқиғаларды жасыру фактілері бар. Өкініштісі, оқушы өзінің қиын жағдайы туралы «қызыл» белгі берсе де, жауаптылардың тиісті шара қабылдамауы орын алуда. Бұған мысал Мойынқұм ауданында зорлық-зомбылыққа ұшыраған оқушы сауалнамада «өзінің өмірге қызығушылығы жоқ екендігін және түңілгендігін» көрсеткен. Алайда, мамандар бұл мәселеге назар аудармаған. Бұл ретте, тиісті мамандардың жауапсыздығы – болашақ ұрпақ тағдырына жасалған қылмыс ретінде бағалануы тиіс. Мұндай жағдай бізде орын алмауы керек. Жалпы кез келген құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға тиіспіз, – деді аудан прокуроры.
Аудан прокурорының орынбасары Сержан Әбдіқұлов құқықбұзушылықтың алдын алудың қоғам үшін маңызы зор екендігін атап өтті. Биылғы жылдың алғашқы 3 айында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны төмендеген. Ал бұл құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты бірлесе жұмыс істегеннің жемісі. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істегенде ғана халықтың сенімі артатыны айтылды.
Аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Руслан Ерген өткен үш айда бөлім тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды. Құқық қорғау саласындағы жұмыстар, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында қолға алынған шаралармен бөлісті. Ал аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов өз сөзінде құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың барысын баяндады. Мұндай жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғасын таба беретініне тоқтала кетті.
Басқа ауылдық округтерге қарағанда қылмыс саны көбірек орын алып отырған Сарыкемер, Бурыл ауылдық округінің әкімдері Еркін Заурбеков пен Ерлан Әшірбеков қылмыстың алдын алу жолында атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.
Аталған мәселелер жиынға қатысушылар тарапынан жан-жақты талқыланып, орын алған кемшіліктер сынға алынды. Сонымен қатар, мәселеге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.
Жиынды қорытындылаған аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов тиісті сала басшыларына құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық және қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.