Ауылшаруашылығы саласында өзіндік орны бар, егіс және мал шаруашылығымен қатар айналысып жүрген қожалықтың бірі – «Спасское Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сандықтау ауданында орналасқан ірі агроқұрылым өз қызметінің барлық бағыттары бойынша сенімді дамуын жалғастыруда.
Серіктестік басшысы Магомед Абуевтің айтуынша, бүгінгі күні агроөнеркәсіп құрылымында мүйізді ірі қараның 150 басы бар. Барлығы аналық бас. Алдағы жылдары табындағы мал басын 300 басқа жеткізу жоспарлануда.
– Бүгінгі күні Үкіметіміз еліміздегі шағын және орта кәсіпті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Сол қолдауды өзіміз де сезініп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Біздің ұстанған жолымыз – ата-бабадан жалғасып келе жатқан мал шаруашылығы. Міндетіміз – мал басын көбейту ғана емес, сонымен қатар малды ұстау жағдайларын жақсарту және өнімділікті арттыру. Біз жаңа технологияларды белсенді түрде енгізіп, жем-шөп сапасын қатаң бақылауда ұстаймыз, бұл тұрақты өсім мен дамуды қамтамасыз етеді, – деді серіктестік басшысы Магомед Абуев.
Халқымызда «Мал – баққанға бітеді» деген жақсы сөз бар. Шындап келгенде малдың жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында, ай тақырда тұрып мал қоң жинамайды. Малға да бап керек. Мұның барлығы агроқұрылымда жақсы жолға қойылған. Мұндай қолдау мал басын көбейтуге мүмкіндік беріп, өз кезегінде ет және сүт өнімдерін өндіру көлемінің артуына оң әсерін тигізері анық.
Магомед Абуевтің айтуынша, малға қажетті жем-шөп шаруашылықтың 7898 гектар алқаптан дайындалуда. Бүгінгі күні серіктестік егіс алқаптарын әртараптандыруды жалғастырып, күнбағыс, зығыр, рапс сияқты майлы дақылдардың, сондай-ақ жасымықты қоса алғанда, бұршақ тұқымдас дақылдардың үлесін арттыруда. Шаруашылықта пайдаланылатын тұқым материалы сапа бойынша қатаң тексерістен өткен және тек мамандандырылған тұқым шаруашылықтарындағы сенімді жеткізушілерден сатып алынады.
Бүгінгі күні серіктестік көктемгі дала жұмыстарына дайындықты бастап кеткен. Шаруашылықтың машина-трактор паркі толық қуатында жұмыс істеп тұр. Көктемгі дала жұмыстарына 6 егіс кешені, 6 «КамАЗ» жүк көлігі, 6 трактор, «Horsch» бүріккіші және 3 культиватор жұмылдырылғалы отыр.
«Спасское Агро» ЖШС қызметінің негізгі бағыттарының бірі – жергілікті фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау. Осы бағдарлама аясында жыл сайын қоғамдық табынды дамыту мақсатында 4 асыл тұқымды бұқа және бақташыларға 2 жылқы беріледі. 2025 жылы жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басы 190 басты құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 230 басқа дейін өсті, бұл тиімді, әрі үйлесімді жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Бабын тапсаң ғана табыс болады. Қазір серіктестік малды қыстауларда ұстап, жайлы қыстатуда. Ал, тауарлы сүт және ет бағытында жұмыс істейтін фермаларда да жұмыс қалыпты. «Спасское Агро» ЖШС аграрлық салада өз әлеуетін кеңейтіп, жаңа тәсілдерді енгізуді жалғастыруда, бұл өз кезегінде оң нәтижелер беруде.