Соңғы үш жылда Сыр өңіріне 2 триллион теңге инвестиция тартылған

0 3

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Атамекен ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев облыс кәсіпкерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Сыр өңірінің бизнес қауымдастығы, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері, салалық басқармалар мен мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қаржы институттарының жетекшілері қатысқан кездесу барысында кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар ортаға салынды.

Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатқанын атап көрсетіп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген болатын. Оның жөні де бар. Өңірдің  даму қарқыны жоғары. Ел экономикасындағы 20,5 пайыз үлеспен Қызылорда облысы республикадағы алғашқы үштікке еніп отыр.

Бүгінде аймақта инвестициялық ахуал қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соңғы үш жылда облыс экономикасына шамамен 2 триллион теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 27 инвестициялық жоба іске асқан. Мемлекет басшысының қолдауымен түркиялық инвестор «Акса Энерджи» компаниясы құны 215 миллиард теңге болатын, қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу электр орталығын салды. Оған бюджет қаражаты есебінен 15 миллиард теңгеге 45 шақырым газ құбыры тартылған. Өңірде нан өнімдерін өндіретін кешен, кірпіш және айна зауыттары, күріш пен ас тұзын өңдеу кәсіпорындары, сондай-ақ шағын өнеркәсіптік аймақ пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, қуаттылығы 40 мегаватт болатын күн электр стансасы іске қосылды.

Аймақ экономикасын әртараптандыру бағытында 2026–2029 жылдар аралығында 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Аталған бастамалар нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.

«Мемлекет басшысы қойған маңызды стратегиялық міндет – толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастау, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті дамыту. Бұл міндетті мемлекет пен бизнес бірге әрекет еткенде ғана орындай алады», – деген Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті бизнес қауымдастықты экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге бағытталған сапалы жобаларды жүзеге асыруға, инвестиция көлемін арттыруға шақырды. Ол үшін әкімдік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнесті қолдау және дамыту бағытындағы маңызды шараларды қабылдауға әрқашан дайын екенін атап айтты.