Өршіл поэзиясы ұлт жадында мәңгі жаңғыра береді

0 3

Ұлы даланың ұлағатты үнін ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткізген жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай Жамбыл облысының орталығы – Тараз төрінде тағылымға толы тағзым рәсімі өтті. Қасиетті қаладағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тау тұлғаның рухына тағзым жасалды.

Салтанатты жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған өңір зиялылары, облыстық және қалалық мәслихаттардың, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, ардагерлер мен жастар қатысты. Жиналған қауым жыр жампозының ел бірлігін бекемдеудегі, ұлттық рухты асқақтатудағы айрықша орнын тебірене еске алып, оның өнегелі ғұмыры мен өршіл поэзиясы ұлт жадында мәңгі жаңғыра беретінін атап өтті.

Бүгінде мерейтой аясында өңір көлемінде сан алуан мәдени-көпшілік және рухани іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл бастамалар Жамбыл мұрасын кеңінен насихаттап, халық поэзиясының қадір-қасиетін жас ұрпақтың жүрегіне сіңіруге бағытталған. Ұлттық өнердің алтын арқауын жалғаған жыр алыбының шығармашылығы уақыт өткен сайын жаңа қырынан танылып, рухани қазынамыздың асыл өзегіне айналып отыр.

Айта кетерлігі, өңір аумағында бір аудан, 4 ауылдық округ, 4 елді мекен, бір даңғыл, 81 көше және 9 білім беру ұйымына Жамбыл Жабаевтың есімі берілген. Бұл – халықтың өз перзентіне деген шексіз құрметі мен тағзымының айқын көрінісі. Жыр сүлейінің есімі ел жадында мәңгілік жасап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.