Жол ережесін сақтау – жүргізушінің басты міндеті

0 2

Мемлекет басшысының былтырғы қыркүйектегі «Жасанды интелект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі. Мен былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине, біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің  өзіне байланысты, себебі, жол ережесін бұзатындар аз емес. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет. Сондай-ақ электр самокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ, қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр. Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер енгізілді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар», деп Үкіметке қоғамды алаңдатып отырған мәселе жөнінде нақты міндет жүктеді.

Мемлекет басшысы  бір емес, екі рет кейінгі жылдардағы Жолдауларында көтерген жол қауіпсіздігі мәселесі аса өзекті екенін аңғартса керек. Дегенмен, полиция, әкімдік, жолға қатысты құрылымдар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауқымды жұмыс атқарып та жатыр. Алдын алу шаралары қанша  қолға алынып жатса да, әл-әзір жол-көлік оқиғасының алдын алу мүмкін болмай тұр. Тіпті, әлеуметтік желіден екі көліктің соқтығысынан оннан аса адамның, бір көліктегі бүтіндей отбасы мүшелерінің ажал құшқаны жайлы суыт хабарларға көз түскенде жүрек шіркін езіліп кеткендей болады. Бұрын үлкендер балалармен жолға шыға бермейтін. Көбіне ересек балалардың қарауында үйде қалдыратын. Қазір бүкіл отбасы болып, көлікпен жолға шығу белең алған. Жүргізушінің қапелімде қалғып кетуі, жылдамдықты арттыру немесе қалта телефонымен сөйлесу, басқа да жол ережелерін сақтамаудың салдарынан айдың күннің аманында апатты жағдайлар орын алуда. Жолдың тарлығы мен сапасыздығы да жол-көлік оқиғасының орын алуына әсер етеді. Тіпті, ішімдік ішіп рөлге отыратындар да бар. 

Ішкі істер министрілгі баспасөз қызметінің дерегінше, былтыр республика жолдарында 32 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Полиция қызметкерлері 14 миллионнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің жолын кескен.  Оның ішінде жылдамдықты арттыру, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану фактілері кездескен. 23 мың жүргізуші мас күйінде ұсталыпты. Сот шешімдерімен 28,7 мың құқық бұзушы көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 24 мың адам әкімшілік қамауға алынған.

Полиция қызметкерлері 41,1 мың жол тексеруін жүргізіп, 90 мың жол кемшілігін анықтапты. Жол жамылғысын тиісті деңгейде ұстамағаны үшін 7,4 мың лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылыпты.

Ең тиімді шаралардың бірі – ұзындығы 2 мың шақырымды қамтитын автожолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу болған. Нәтижесінде аталған учаскелерде жол апатынан қаза тапқандар саны 12 пайызға төмендеген. Қазіргі таңда жүйе 8 бағытта – Астана – Щучинск, Астана – Павлодар, Шымкент – Тараз және тағы басқа бағытта жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта тағы 10 бағытта енгізу жоспарланса керек.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады, себебі, жылдамдықты асыру мен салғырттық жолдағы қайғылы жағдайлардың негізгі себептері болып қала беруде.

Жамбыл облысында да жол-көлік оқиғаларының санының алдын алуда ауқымды жұмыстар атқарылып жатса керек. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қауіпті учаскелерде жолдың тарылуы, дрондар арқылы бақылауды күшейту, сондай-ақ жүргізушілердің шаршауының алдын алуға бағытталған рейдтер кезінде түсіндіру шаралары ұйымдастырылған.

Бұдан бөлек, Тараз қаласында және облыстық жолдарда анықталған қауіпті учаскелерге қосымша жол белгілері орнатылып, жол таңбалары жаңартылып,патрульдік бақылау күшейтілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғалары салдарынан болған өлім-жітім 23,2 пайызға азайған.

Өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың басынан бері әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері автомобиль жолдарының жағдайына 2381 тексеру жүргізіпті. Осы шаралар аясында 16386 шақырым жол            төсемі тексерілген. Нәтижесінде, облыс жолдарында инфрақұрылым мен көлік пен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысына қатысты 10579 түрлі кемшілік анықталған. Жол пайдалану ұйымдарының басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою үшін 2381 нұсқама берілген. Автожолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын орындамағаны үшін 293 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарында полиция қызметкерлерінің нұсқамаларын елемеген Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Шу, Меркі аудандарының           әкімдік өкілдері де бар.

Берілген нұсқамалар бойынша облыс жолдарында ауқымды жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, 518 жаңа жол белгісі орнатылып, тоғыз бағдаршам кешені монтаждалған. 11325 шақырым жол таңбалары жаңартылып, 11721 шаршы метр жол төсемі жөнделіп, 30 жол буфері ауыстырылыпты. 3363 сигналдық діңгек және 6200 жарық қайтарғыш катафот орнатылған. 4102 метр қоршау ауыстырылып, 730 метр жасанды жол кедергілері қалпына келтірілген. Тоғыз жол учаскесіне жыпылықтайтын маяктар, жануарлар мен патруль көліктерінің макеттері қойылған. Ал, 53 ауылдық тасжол учаскесінде үш жолағы жаңартылған.

Балалардың жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылғанын атап өткен орынды болар. Жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру мекемелерінің маңайы тексеріліп, мектептер мен балабақшалардың алдында жол таңбалары жаңартылып, тиісті ескерту және шектеу белгілері орнатылған.

Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, автожолдардың жағдайына бақылауды әрі қарай күшейтуді жоспарлап отырса керек, әсіресе, білім беру нысандарының жанында және апатты-қауіпті учаскелерде.

Сонымен қатар, патрульдік қызмет жаяу жүргіншілерін жолынан өткізбейтін жүргізушілерді анықтау үшін рейдтік іс-шаралар өткізуде. Мәселен, жол қауіпсіздігі апталығы аясында Таразда №32 бағыттағы автобустың жүргізушісі жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жыл басынан бері осындай құқықбұзушылық жасаған 1311 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылыпты. Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге құрмет көрсету жол қауіпсіздігінің негізгі қағидаларының бірі екенін атап өтеді. Сонымен бірге, жаяу жүргіншілер де жол қозғалысы ережелерін сақтап, жолды тек арнайы белгіленген жерлерден кесіп өту тиіс екенін    еске салады.

Статистикаға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының ең көп таралған себебі – жылдамдықты асыру. Жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру үшін техникалық бақылау құралдары қолданылады. Бір жыл бұрын облыстық полиция департаментінде 150 метр қашықтықтағы көлік құралдарын анықтап, үш жолаққа дейін бақылау жасай алатын жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендер таныстырылған. Осы жерде бір атап көрсететін мәселе – Тараз қаласында бағдаршамның жиі өшіп қалуы. Облыстық ішкі істер департаменті қалалық әкімдікпен осы мәселені уақыт созбай қолға алса дейміз. Өңірде 3 «Интегра», 4 «Red Speed» , 38 «Автоураган», «Hyundai» базасындағы мобильді 4 «Автоураган», «JAC» базасындағы 10 «Арқан» жүйесі және басқа  да техникалар жұмыс істейтін көрінеді.

Облыста жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс биылда жүйелі түрде жалғасуда. Оны қай бағытқа болмасын облыс аумағындағы жолмен жүргенде де, Тараз қаласында да байқап жүрміз. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізушілерге зор міндет жүктелетіні естен шықпағаны жөн.