Тең мүмкіндікке бастар жол

0 4

Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен инклюзивті білім беру тиімділігін арттыру мәселелері талқыланған жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында саладағы өзекті мәселелер сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты ұсыныстар ортаға салынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде әрбір баланың білім алу құқығы тең дәрежеде қамтамасыз етілуі тиіс екенін бірнеше мәрте атап өткен. Президенттің айтуынша, баланың жеке ерекшелігі мен қажеттілігіне қарамастан жан-жақты қолдау көрсету – әділетті әрі орнықты қоғам қалыптастырудың басты алғышарты. Осы ұстаным бүгінде елімізде жүргізіліп жатқан білім беру реформаларының негізіне айналып отыр.

Қабылданып жатқан жүйелі шаралардың нәтижесінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған инфрақұрылым кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Қазіргі таңда республика бойынша 537 бейінді ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 48 арнайы балабақша, 99 мектеп, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 238 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы және 14 оңалту орталығы бар. Сонымен бірге, жалпы білім беретін ұйымдар жанынан ашылған қолдау кабинеттерінің саны 1 095-ке жетті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі мектептердің 95,2 пайызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға қажетті жағдай жасаған. Бүгінде инклюзивті ортада 94 527 бала білім алуда. Ал, мемлекеттік тапсырыс аясында 7 775 мүмкіндігі шектеулі бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіштер инклюзивті білім берудің елімізде жүйелі түрде дамып келе жатқанын аңғартады.

Жұмыс тобының отырысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауға бағытталған мүдделі мемлекеттік органдар мен сарапшылардың ұсынымдары таныстырылды. Ұсыныстар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелері арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге бағытталған. Негізгі мақсат – баланың өмірінің барлық кезеңінде қажетті қызметтерге үздіксіз әрі сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Сарапшылардың пікірінше, инклюзивті білім беру тек арнайы инфрақұрылым құрумен шектелмеуі тиіс. Ол педагог кадрлардың кәсіби даярлығын арттыруды, ата-аналармен жұмысты жүйелеуді және қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруды талап етеді. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі кешенді саясатты одан әрі жалғастырып, барлық бала үшін сапалы білімге тең қолжетімділік қалыптастыруды көздейді. Бұл – болашақта әлеуметтік әділетті әрі біртұтас қоғам құрудың берік негізі.