Қазақстан Қарулы күштерінде азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын тәмамдаған және екі жылдық әскери қызметке шақырылған запастағы офицерлердің оқу-жаттығу жиыны жалғасуда. Ел көлемінде ұйымдастырылған дайындық шараларына үш жүзден астам жас офицер қатысып жатыр.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде 100-ден астам запастағы офицер базалық тактикалық дайындықтан өтті. Осыған байланысты Тараз гарнизонының Офицерлер үйінде салтанатты жиын ұйымдастырылып, оған Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери сала өкілдері қатысты.
Жиын барысында интернационалист-жауынгер, отставкадағы генерал-майор Әлімжан Ерниязов жас офицерлерге ақ батасын беріп, әскери қызметтің маңызы туралы ой бөлісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір айға созылған қарқынды оқу барысында қатысушылар кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп, әскери қызметтің негізгі бағыттары бойынша тәжірибе жинақтаған.
Бағдарлама аясында жас офицерлер тактикалық даярлық, атыс дайындығы, инженерлік және техникалық пәндер, байланыс жүйесін ұйымдастыру, әскери техниканы басқару, барлау ісі бойынша арнайы сабақтардан өтті. Сонымен қатар әскери ортада тәртіп пен басқару машықтарын меңгеруге басымдық берілген.
63563 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген лейтенант Санжар Тұрдәлиев әскери қызметке шақырылуды үлкен жауапкершілік деп бағалайды.
– Бұл жиын бізге әскери білімімізді тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндік берді. Әсіресе тактикалық дайындық пен әскери басқару бағытындағы сабақтардың пайдасы зор болды. Әскери жолды таңдауыма атамның ерлігі әсер етті. Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаевтың жолын жалғастыру – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді жас офицер.
Ал Қарағанды техникалық университетінің түлегі Ерболат Өмірбек әскери салада кәсіби тәжірибе жинақтауға ниетті екенін айтады. Ол қазіргі таңда автомобиль және сауытты техника қызметі бойынша лауазымға тағайындалған.
– Азаматтық мамандығым логистика саласына байланысты болғандықтан, әскери қызметте де осы бағытта тәжірибе жинақтап жатырмын. Бұл кезең өзімді шыңдап, кәсіби тұрғыда өсуіме мүмкіндік береді, – дейді лейтенант.
Сонымен қатар Алматы қаласындағы әскери бөлімдерде азық-түлік, киім-кешек, жанар-жағармай және коммуналдық қамтамасыз ету салалары бойынша да арнайы мамандар даярланған. Жас офицерлер күнделікті қызметті ұйымдастыру, құжат жүргізу және бөлімшелермен жұмыс істеу тәртібін меңгеруде.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің «Жағалау» полигонында өткен оқу-жаттығу барысында офицерлер тактикалық, атыс және дене дайындығы бойынша кешенді сынақтардан өтті. Әскери топография мен бөлімшелерді басқару бағытындағы сабақтар да бағдарламаға енгізілген.
Қазіргі уақытта запастағы офицерлер мамандандырылған дайындық кезеңінен өтуде. Оқу толық аяқталғаннан кейін олар әскери бөлімдердегі өз лауазымдары бойынша қызметтерін жалғастырады.
Мамандардың айтуынша, мұндай даярлық жұмыстары жас офицерлердің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, ел қорғанысын күшейтуге де оң ықпал етеді.