Дара тұлғаға – мәңгілік құрмет

0 4

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толды. Осы айтулы датаға орай Тараз қаласындағы ел мақтанышына айналған тұлғаның еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ұлы тұлғаның рухына тағзым жасалды.

Тағылымды іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен белсенді жастар қатысты. Жиналған жұртшылық ұлт тарихында өшпес із қалдырған қайраткердің жарқын бейнесін еске алып, елге сіңірген ерен еңбегіне құрмет көрсетті.

Іс-шара барысында белгілі журналист, қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов сөз сөйлеп, Дінмұхамед Ахметұлының халқымен біте қайнасқан тағдырына, ел басқарудағы кемеңгерлігі мен адами болмысына кеңінен тоқталды. Ол Қонаевтың ел мүддесін бәрінен биік қойған, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын терең түсінген дара басшы болғанын атап өтті.

Жиында ұлы тұлғаның адамгершілік қасиеттері, биік парасаты, принципшілдігі мен қарапайымдылығы ерекше аталды. Айналасындағы адамдарға деген шынайы құрметі мен жауапкершілігі ел жадында мәңгі сақталғаны айтылды.

– Бүгін – қазақ халқы үшін айрықша күн. Ұлт жанашыры, елдің асыл азаматы Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Осындай тағылымды шаралар арқылы біз ұлы тұлғаның рухына тағзым етіп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа оның өнегелі өмір жолын үлгі етеміз. Дінмұхамед Ахметұлы – әр қазақтың жүрегінен орын алған, жастарға жол көрсеткен кемеңгер. Оның жасампаз істерін ұмытпау, есімін ұлықтау – бәріміздің ортақ парызымыз, – деді Халықаралық Қонаев қоры облыстық филиалының төрағасы Қибат Асқарбеков.

Сондай-ақ ол қордың өңірде атқарып келе жатқан жұмыстарына тоқталып, Дінмұхамед Қонаевтың есімін ұлықтауға бағытталған спорттық жарыстар, мүшәйралар, «Қонаев оқулары» тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, Қонаевты көзі көрген, тәлім-тәрбиесін алған тұлғалармен кездесулер өткізу арқылы жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру бағытында нақты жоспарлар бар екенін айтты.

Тағылымды жиын елге адал қызмет етудің, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткен ұлы тұлғаның рухына деген халықтың шексіз құрметін тағы бір мәрте айқын аңғартты. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмір жолы – әділдік пен парасаттың, елге қалтқысыз қызмет етудің мәңгілік мектебі.