Ақ халатты абзал жандарға алғыс

0 1

Денсаулық – адам үшін ең үлкен байлық. Ал, сол байлықты сақтап, сырқат жандарға үміт сыйлайтын дәрігерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Аурухана мен емхана табалдырығын аттаған әрбір жан ақ халатты жандардың білімі мен мейіріміне сүйенеді. Осындай жауапты сәттерде адамға тек ем ғана емес, жылы сөз бен жанашыр көзқарас та аса қажет.

Осы орайда Сарқан ауданының тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп жүрген бір топ дәрігерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Атап айтқанда, емхана басшысы Аида Қанатбек, стационар бөлімінің меңгерушісі Арайлым Кәрібаева, терапевт дәрігер Гүлсара Батырбекова, терапия бөлімінің бас медбикесі Алмагүл Садықова, эндокринолог Ажар Болатқызы, кардиолог Мәнсия Ондасынқызы – өз ісін жетік меңгерген, науқасқа жанашыр мамандар.

Емхана басшысы Аида Ерланқызы емхананың жұмысын жүйелі ұйымдастырып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөліп келеді. Әрбір келушінің мәселесіне түсіністікпен қарап, ұжым жұмысының бір бағытта жүруіне басшылық жасайды. Стационар бөлімінің меңгерушісі Арайлым Бегарысқызы да жауапты қызметті абыроймен атқаруда. Оның кәсібилігі мен талапшылдығы стационардағы емдеу үдерісінің сапасын арттырып, науқастардың уақытында қажетті көмекті алуына жол ашып отыр. Ал, терапевт дәрігер Гүлсара Түсіпқанқызы емделушілермен ашық сөйлесіп, әр науқастың жағдайына мұқият қарайды. Оның тағайындаған емі мен берген кеңестері талай жанның сауығып кетуіне себеп болды. Эндокринолог Ажар Болатқызы созылмалы аурумен есепте тұрған науқастарды тұрақты бақылауда ұстап, олардың денсаулығын жақсартуға атсалысып жүр. Ал, кардиолог Мәнсия Ондасынқызы жүрек дертімен келген науқастарға дер кезінде диагноз қойып, кәсіби көмек көрсетуде. Бұл дәрігердің барлығын біріктіретін ортақ қасиет – өз мамандығына деген адалдық пен адамға деген шынайы жанашырлық. Олар үшін әр науқастың амандығы – басты мақсат.

Ақ халатты абзал жандардың көрсеткен сапалы медициналық көмегі, мейірімді қарым-қатынасы және тынымсыз еңбегі үшін зор алғыс білдіремін. Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз арта берсін. Отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін.