Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында тағы бір заманауи білім беру мекемесі пайдалануға берілді. Тараз қаласының Жібек жолы ауданына қарасты Шөлдала алқабында бой көтерген №70 орта мектеп 600 оқушыға арналған.
Жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналар қауымын айтулы оқиғамен құттықтады. Өңір басшысы білім беру саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың маңыздылығына тоқталып, жаңа оқу ордасынан терең білімді, ойы сергек, мақсаты айқын, елінің болашағына бейжай қарамайтын жас ұрпақ тәрбиеленіп шығатынына сенім білдірді.
– Соңғы жылдары облыста білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында алты мектеп пайдалануға беріліп, мыңдаған оқушы қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда білім алуда. Бұл жоба өңірдегі үш ауысымды мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгін сол игі бастаманың жалғасы ретінде тағы бір еңселі мектеп есігін айқара ашты. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына бағытталған маңызды қадам, – деген аймақ басшысы мектеп ұжымына заманауи интерактивті тақтаның сертификатын табыстады.

Жаңа білім ошағы барлық талаптарға сай салынған. Үш қабатты ғимаратта 33 оқу кабинеті, мәжіліс залы, кең асхана, екі спорт залы, STEM және робототехника кабинеттері, екі компьютер сыныбы, кітапхана, үш зертхана, үш шеберхана және бес коворкинг орталығы орналасқан. Оқу кабинеттері жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Қазіргі таңда №70 орта мектепте 723 оқушы білім алуда, 60-қа жуық педагог қызмет атқарады.
Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында білім беру саласында жалпы құны 25 миллиард теңгені құрайтын 26 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін 11 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, оның бесеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасының талаптарына толық сай келеді. Жыл соңына дейін тағы екі білім беру нысанын аяқтау жоспарланып отыр.