Жетісу облысының орталығында «ZETA» сауда желісінің еліміз бойынша ең үлкен, заманауи үлгідегі сауда үйі ашылды.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл өңір тұрғындарын қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Қаламызда осындай ірі сауда нысанының ашылуы өте маңызды. Бұл, біріншіден, қала экономикасына тартылатын инвестиция көлемін арттырады. Екіншіден, тұрғындарды жаңа тұрақты жұмыс орындарымен қамтиды. Біз қаламызда осындай отандық ірі сауда желілерін ашамын деген инвесторларға әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгін ашылып отырған «ZETA» еліміз бойынша ең үлкен сауда нүктелерінің бірі. Бұл қаламыздың экономикалық тұрғыдан дамып келе жатқанын, қала тұрғындарының әл-ауқатының артып отырғанын және отандық өнімге деген сұраныстың көбейгенін көрсетеді, – деді шаһар басшысы.
Жаңа нысан шаһардағы Астана даңғылы бойындағы №5 мекенжайда орналасқан. Қос қабатты ғимараттың жалпы ауданы 5 мың шаршы метр. Онда үйге қажетті жиһаздардан бастап, тұрмыстық және интерьерге арналған түрлі бұйымдарға дейін кең таңдау ұсынылған. Заманауи талаптарға сай салынған нысан көліктердің кіріп-шығуына ыңғайлы және сауда жасаушыларға да барынша қолайлы.
«ZETA» сауда үйінің негізін қалаушы Мақсұт Омарбаевтың айтуынша, жаңадан ашылған бұл сауда орнында 55 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Енді алдағы уақытта Талдықорған қаласынан жиһаз құрастыратын арнайы цех ашу жоспарлануда.
Мамандардың мәліметінше, қазақстандық «ZETA» өндірістік компаниясы 1996 жылы жұмыс бастаған. Кәсіпорын қазір еліміздегі ұлттық нарықта кең ассортименттегі жиһаз, пластик және металл өнімдерін шығаратын тұрақты көшбасшылардың біріне айналған.