Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеру үшін «Келешек мектептері» жобасына бастамашы болды. Осы бағытта Түркістан облысында білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Жақында Келес ауданының Абай ауылында «Келешек мектептері» жобасы аясында 600 орынды мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. №65 жалпы білім беретін мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады.
– Бүгін Келес ауданындағы тағы бір қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Баршаңызды заман талабына сай, жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Республика көлемінде «Келешек мектептері» жобасы аясында салынатын 217 мектептің 29-ы немесе 13 пайызы біздің өңірде бой көтерді. Өткен оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 16 мектепті тапсыру жұмысы аяқталып келеді. Осы жоба арқылы Келес ауданында осымен үшінші мектеп іске қосылуда. Бұл аудан өзіндік тарихымен, еңбекқор халқымен ерекшеленеді. Сондықтан да мұндағы әрбір игі бастама ел рухын көтеріп, жас ұрпаққа тағылым берері анық. Жаңа мектепте білім алған оқушылар еліміздің сенімін ақтай берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте спорт залы, мәдениет залы, асхана, коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған.
Жаңа мектепті аралап көрген ата-аналар мен оқушылар ғимараттың кеңдігі мен сәніне ерекше ризашылықтарын білдірді.