Көксудағы қоныстой: жас мамандар баспаналы болды

0 4

Көксу ауданында әлеуметтік маңызы зор жоба жүзеге асырылып, ауылдың болашағын баянды ететін жас мамандарға зор қуаныш сыйланды. Балпық би ауылында бой көтерген жаңа көппәтерлі тұрғын үйдің кілті медицина, білім және құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге табысталды.

Бұл бастама облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тікелей қолдауымен қолға алынып, аудандағы кадр тапшылығын азайту және ауылға келген мамандардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған. Жаңа үйден 15 дәрігер, 4 мұғалім және полиция қызметкері баспана алды. Бұған дейін олардың көбі орталықтан қатынап, жалдамалы пәтерде тұрған болатын. Енді, міне, тұрақты баспанамен қамтамасыз етіліп, өз міндеттерін алаңсыз атқаруға мүмкіндік алды.

Өңір басшысы Бейбіт Исабаев жұмыс сапарымен келіп, жаңа үйдің сапасын, ауласындағы абаттандыру жұмыстарын көріп, қоныстой иелерімен жүздесті. «Кейінгі бір жылдың ішінде ауданға жиырмадан астам дәрігер келіп, қызметке кірісті. Сол мамандардың тұрмыс жағдайын шешу – басты міндеттердің бірі. Бұл тұрғын үй – олардың еңбегіне деген құрмет. Алдағы уақытта осындай жобаларды көбейту көзделіп отыр. Ауылдың жаңа келбетін қалыптастыру үшін жасыл аймақтар, инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар қатар дамиды», – деді облыс әкімі.

Көксулық дәрігерлердің бірі, аудандық аурухананың невропатологі Нұргүл Бұхарова туған жерге оралып, елге қызмет етудің үлгісін көрсетіп жүрген маман. Ол жаңа пәтерге ие болуын ауыл дәрігерлеріне көрсетілген зор қамқорлық деп бағалады. «Алматыда оқып, біраз жыл еңбек еттім. Бірақ, туған жерге келу – өз шешімім. Енді, міне, баспаналы болдым. Бұл – ауылға келген дәрігерлер үшін үлкен демеу», – дейді ол.

Пәтер иелерінің қатарында полиция қызметкері Еламан Дәулетов те бар. Ол бірнеше жылдан бері құқық қорғау саласында еңбек етіп келеді. «Бұған дейін пәтер жалдап тұратынмын, себебі менің қызметім бойынша өтемақы қарастырылмаған. Ал, қазір отбасыммен өз үйімізге кіріп, қуанышқа бөленіп отырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай қолдау – біз үшін зор ынталандыру», – дейді ол.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мөлдір Жеңіс те бұл күнді өміріндегі ең қуанышты сәттердің бірі деп қабылдады. «Көпбалалы анамын, ауыл мектебінде 2018 жылдан бері еңбек етемін. Өз үйімізге ие болу – біздің отбасымыз үшін үлкен бақыт. Ауылда еңбек ететін мамандарға жасалып жатқан мұндай жағдай жастарды елге қызмет етуге жігерлендіреді», – дейді педагог.

Жаңа 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы биыл сәуір айында басталып, мерзімінде толық аяқталған. Нысанды «Жаркент Алғыр» құрылыс компаниясы салған. Компания директоры Жалғас Алтынбековтің айтуынша, үйде 10 үш бөлмелі, 5 екі бөлмелі және 5 бір бөлмелі пәтер бар. Сонымен қатар, инженерлік желілер тартылып, ауласы абаттандырылған.

Көксу ауданында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы айтарлықтай қарқын алған. Соңғы үш жылда 175 үй пайдалануға беріліп, биылдың өзінде 110 отбасы жаңа баспанаға қоныстанды. Соның нәтижесінде тұрғын үй кезегі 5,8 пайызға қысқарған.

Айта кету керек, биылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй кезегін жүргізу мен пәтер беру қызметі «Отбасы банкке» жүктелген. Бұл қадам баспана бөлудің ашықтығын арттырып, әділдікке негізделген жаңа жүйе қалыптастыруға бағытталған.

Көксу ауданындағы бұл жоба – ауылға келген жас мамандарды ынталандырудың, олардың қоғам алдындағы жауапты еңбегін бағалаудың нақты көрінісі. Дәрігер мен мұғалімге жағдай жасалған жерде ауыл өмірі жанданып, елдің еңсесі көтеріледі.