Су ресурстарын тиімді басқару мәселелері талқыланды

0 4

Қазіргі таңда су ресурстарын басқару тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың маңызды факторы болып отыр. Суды есеппен пайдалану, үнемдеу технологиясын енгізу және трансшекаралық су саясатын жетілдіру – күн тәртібіндегі өзекті міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі», деген болатын.

Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданындағы Сеңкібай және Өтеміс каналдарында вегетациялық кезеңге дейін жүргізілген құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ министр Сеңкібай, Белхожа және Өтеміс каналдарындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарын өз көзімен көріп, тиісті мәліметтер алды.

Бұдан кейін министр Байзақ ауданының орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу технологияларын енгізу және каналдарды жөндеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Кездесуге министрліктің комитет төрағасы, департамент директорлары, басқарма басшылары, «Шу-Талас» бассейндік су инспекциясы мен «ҚазСушар» РМК басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері және шаруашылық иелері қатысты.

«Мемлекет басшысы еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін су ресурстарының жетіспеушілігі мен оларды тиімді пайдаланудың маңызды шараларын қолға алуда. Облысымыздағы су нысандарын жаңарту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып отыр. Биылғы жылы Ислам даму банкінен қаржылық қолдау тарту арқылы бірқатар күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады», – деп атап өтті өз сөзінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алтай Әлі.

Кездесуде «Шу-Талас» бассейндік су инспекциясының басшысы Талғат Ибраев салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталса, министрліктің суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің басшысы Қарлығаш Нұриханова егістікті жаңбырлатып, тамшылатып суарудың артықшылықтарын және суды үнемдеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар, суды үнемдеу технологиясына мемлекет тарапынан қаржы көлемінің артқаны да айтылды.

«ҚазСушар» РМК Жамбыл филиалының басшысы Қайрат Аманов облыстағы каналдар туралы толық ақпарат берді. Оның айтуынша, филиал теңгерімінде 575 су шаруашылығы нысаны бар, оның ішінде Байзақ ауданында 102 канал орналасқан. Олар магистралды, шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық каналдарына бөлінген. Биылғы жылы Ислам даму банкі аясында Байзақ ауданы бойынша ұзындығы 251,3 шақырымды құрайтын 60 арнаға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Суармалы жер көлемі – 22 293 гектар, бұл облыстағы нысандардың 42 пайызын құрайды.

Кездесуге келген тұрғындар ішкі каналдар жөніндегі сұрақтарын қойып, министр мен филиал басшысынан нақты жауап алды. Министр қорытынды сөзінде суды үнемдеуге басымдық берілетінін, кешенді жоспардағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатқанын, және атқарылған жұмыстардың нәтижесін тұрғындар жақын арада көретінін атап өтті.

Кездесу соңында министр бірнеше шаруашылық жетекшісін жеке қабылдап, олардың сұраныстары бойынша қажетті бағытта кеңестер берді.