Тілім менің тірлігімнің айғағы

0 3

Тіл – халықтың жаны, сәні әрі сол мемлекетті салт-дәстүрімен қоса айқындап, ерекшелейтін құрал. Адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы сөйлесу, байланысу болып табылады.

Қазақ би-шешендері бір ауыз сөзбен-ақ сүйем жер үшін батырларға рух беріп отырды. Шексіз, шетсіз даламның қойнауындағы байлығындай қазақ тілінің сөздік қоры мол екенін кешегі таңнан таңға жырлаған жыраулардан, бізге келіп жеткен аңыз-қиссалардан аңғарамыз. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет күндердің болғаны тарихтан белгілі. Халқымыз талай теперішті бастан өткерді. Қазақ ұлты өзінің тілін, дінін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. Дегенмен «сабақты ине сәтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында тіл мәселесін қозғап, қазақ тілінің мәртебісін көтеру туралы айтты. Кириллицадан латынға көшу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. Бірі шет елдермен экономика, білім, экспорт жөнінде байланысу бұрынғыға қарағанда тиімді болатын алға тартса, бірі кейбір сөздердің латынға аударылмайтынын және тәуелсіздік алған жылдан бастап қазақ тілі үшін күрескен тіл жанашырларының еңбегінін зая кететінін айтып дабыл қақты. Қоғамдық орындарда, мекемелерде жарымжан жарнама мен мағынасы майысқан мәтіндер жиі көзімізге ілігеді. Оның басты себебі туған тілін жастай меңгермеуі, мемлекеттік тілге салғырт қарауы деп ойлаймын. Жастар арасындағы түсініксіз, қыстырма сөздер тілдің тазалығына зиян келтіреді.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейміз. Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл-қызы болайық, өзгенің емес, өз ұлтымыздың тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!