Бүгінгі цифрлы заманда интернет пен ұялы байланыс арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер көбейіп барады. Олар технологияны ғана емес, адам психологиясын да терең меңгеріп алған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ескертуінше, қаскүнемдер адамның сеніміне кіру үшін түрлі психологиялық әдістерді қолданады. Олар сенімді сөйлеу, шұғыл шешім қабылдату, қорқыту, аяныш тудыру сияқты тәсілдер арқылы азаматты алдап, ақшасы мен жеке мәліметтерін қолға түсіреді.
Алаяқтар алдымен адамның бойында үрей тудыратын жағдай жасайды. «Шотыңыз бұғатталып жатыр», «банк картасынан күмәнді операция тіркелді», «дереу ақша аударуыңыз керек» немесе «мүмкіндікті жіберіп алуыңыз мүмкін» деген сияқты асықтыратын хабарламалар арқылы адамды ойлануға мұрша бермей әрекетке итермелейді. Мұндай қысым кезінде адамдар көбіне дұрыс шешім қабылдай алмай, қателікке бой алдырады. Сол сәтте алаяқтарға қажет мәліметті өз қолымен беріп қояды.
Тағы бір кең тараған тәсіл – эмоцияға қысым жасау. Қаскөйлер кейде өздерін полиция немесе банк қызметкері, тіпті мемлекеттік органның өкілі ретінде таныстырып, «жақыныңыз қиындыққа тап болды» немесе «шұғыл көмек керек» деп сананы тұмшалайды. Мұндайда адам қорқыныш не аяныштың жетегінде қалып, не болып жатқанын түсінбей қалады. Осындай сәттерде олар жеке деректерін, картаның нөмірін, банкке келетін құпия «SMS»-кодтарды айтып қояды.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстану маңызды. Ешқашан бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, карта нөмірі мен «CVV» кодты, банк қосымшасына келетін құпия сөздерді айтпаңыз. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, бейтаныс адамдар ұсынған қосымшаларды жүктемеңіз. Телефон арқылы өзін қандай қызметкер ретінде таныстырса да, әңгімені доғарып, қажет болса, өзіңіз ресми нөмірге хабарласыңыз. Әсіресе, сізден ақша аударуды немесе қандай да бір деректі дереу растауды талап етсе – бұл анық алаяқтық белгісі. Мұндай жағдайлар телефон немесе мессенджер арқылы емес, заң аясында, ресми түрде ғана шешіледі.
Қаржылық және цифрлық қауіпсіздік – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сол себепті әрбір азамат өзіне де, жақындарына да жауапкершілікпен қарап, ақпараттық сауатын арттыруы қажет. Асығыс шешімнен сақ болайық. Эмоцияға ерік бермей, әр жағдайды байыппен бағалайық. Себебі, алаяқтың басты қаруы – сіздің асығыстығыңыз бен сенгіштігіңіз.