Экология – тек табиғат мәселесі ғана емес, қоғамның, мемлекеттің, әрбір азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін басты бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен Тәртіп» апталығы аясында еліміздің әр өңірінде қоғамдық тәртіппен қатар, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды шаралар қолға алынып жатыр. Соның бірі – Жамбыл облысында табиғат қорғау прокуратурасының үйлестіруімен өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы.
Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті нығайту, табиғатқа жанашырлықпен қарау қажеттігін қоғамға ұғындыру. Бұл бастамаға еріктілер, жастар, мемлекеттік органдар өкілдері және табиғатқа бей-жай қарамайтын тұрғындар белсенді қатысты.
Тазалық жұмыстары Жамбыл жұртшылығына етене таныс, екі саябақ – «Жеңіс» және «Мамыр тоғайында» ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, облыстың басты су көзі саналатын Талас өзенінің жағалауы мен оған іргелес жасыл аймақ қоқыстан тазарды. Бұл жерлердің экологиялық жағдайы қала экожүйесі үшін аса маңызды, сондықтан мұндай жұмыстар уақытылы әрі жүйелі жүргізілуі тиіс.
Іс-шара барысында қатысушылар өз ісімен заң мен қоғамдық тәртіпке құрметтің жарқын үлгісін көрсетті. Олар тазалықты сақтау тек мемлекеттік міндет емес, барша азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін өз әрекетімен дәлелдеді.
Акция аясында халықпен кездесу өткізіліп, тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу, қоқысты дұрыс сұрыптау және белгіленген орындарға шығару мәселелері бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Экологиялық құқықбұзушылықтарға жол бермеу жолдары да кеңінен түсіндірілді.
Статистикалық мәліметтер алаңдатарлық: жыл басынан бері облыс аумағында 252 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған. Сонымен қатар, 3 300-ден астам экологиялық құқықбұзушылық тіркеліп отыр. Құзырлы органдардың араласуымен екі жүз тоннаға жуық қалдық заңсыз төгілген орындардан арнайы полигондарға шығарылды.
«Таза Қазақстан» акциясы тек бір реттік экологиялық шара емес. Бұл – қоғамға ой тастайтын, әр азаматты өзінің өмір сүріп отырған ортасына жауапкершілікпен қарауға шақыратын маңызды бастама. Табиғатты қорғау – болашақты қорғау екенін ұмытпайық.