Көрермендерге жаңа қазақ анимациялық туынды – «Шоқан. Қашқария сапары» атты толықметражды мультфильм жол тартты. Бұл шығарма әйгілі ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға жасаған зерттеу экспедициясына негізделген.
Төртінші құрылтай барысында Мемлекет басшысы кино өнерінің идеологиялық маңызына тоқталып, ұлттық нақыштағы туындылардың көптеп шығуын қолдау қажеттігін атап өткен еді. Осы орайда жарық көрген жаңа анимациялық жоба – жас ұрпаққа тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттаудағы маңызды қадам.
Мультфильмде оқиға желісі фантастикалық элементтермен байытылған. Кішкентай Азат есімді кейіпкер сиқырлы компастың көмегімен 1858 жылға тап болады. Бұл – жас Шоқанның Қашқарияға аттанған кезеңі. Азат пен Шоқан бірігіп, Қашқар қаласының тыныштығын сақтау жолында түрлі сынақтардан өтеді. Оқиғаның негізгі желісі – зерттеушінің Тянь-Шань тауларын зерттеуші Петр Семеновтен алған сиқырлы кілтті Қашқар қаласына жеткізуі. Бұл кілт ғайып болған күшті қайтарады, алайда оған зұлым күштер де көз тігеді.
Фильмде кейіпкерлер екі топқа бөлінген: жақсылық жолындағы қаһармандар – Шоқан, Азат және керуенбасы Мұсабай ақсақал, ал қарама-қарсы күштер – түрлі мифологиялық құбыжықтар мен антагонист Тай Цзю.
Мультфильмнің креативті продюсері Самат Әлім тарихи оқиғаны фантастикалық жанрмен үйлестіру оңай болмағанын атап өтті. Қашқарияға сапар кезінде қалаға кірудің қиын болғанын көрсету үшін антагонистік күштер қосылған. Бұл кейіпкерлер негізінен қытай мифологиясына сүйене отырып жасалған. Мысалы, «Жасыл құбыжық» образы қытай аңыздарындағы «Цзой ю» бейнесінен алынған. Сондай-ақ Шоқанның күнделігіндегі деректерден шабыт алынып, оның жазбаларындағы «Албасты рухы» мультфильмде Айпері кейіпкері ретінде көрініс тапқан.
Продюсердің айтуынша, тарихи тақырыптағы анимациялық жобаны әзірлеу үлкен жауапкершілік жүктейді. Барлық детальдер – кейіпкерлердің киімі, сөйлеу мәнері, оқиғалар желісі – мұқият зерттелді. Дегенмен, кейбір жайттар толық сақталмағандықтан, бүгінгі көрерменге түсінікті болу үшін аздаған өзгерістер енгізілді. Мәселен, Шоқанның сапар кезінде шашын тақырлап алуы мүмкін деген дерек бар, бірақ экрандағы танымал бейнесін сақтап қалу үшін бұл шешімге бармаған.
Мультфильмнің режиссері Дамир Құтбаев жобаны жасауда 50-ден астам маманның еңбектенгенін және тарихи оқиғаларға барынша дәлдік беруге тырысқандарын айтады. Бұл туынды балаларға ғылым мен батылдықтың қатар жүретінін көрсетуді көздейді.
Шоқан Уәлиханов тек ғалым емес, ол – саяхатшы, зерттеуші әрі өз дәуірінің батыры. Анимациядағы оқиға желісі арқылы көрермендерге оның ерлігі мен табандылығы көрсетіледі. Фильм жас көрерменнің бойына батылдық, әділдік, достық секілді құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Сондай-ақ Қашқариядағы мәдениет пен дәстүрлер арқылы тарих пен этнографияға қызығушылық тудыруға мүмкіндік береді.
Оқиғаның шарықтау шегінде Тай Цзю Қашқарды қиратып, оның қорғанысын бұзбақ болғанда, болашақтан келген Азаттың батылдығы мен Шоқанның ержүректігі қаланы құтқарады. Кішкентай көрермен үшін бұл ерекше рухани серпіліс сыйлайтын оқиға болмақ.
Осылайша, «Шоқан. Қашқария сапары» мультфильмі қазақ анимациясындағы жаңа кезеңді бастап, балалар санасында тың қаһарманның қалыптасуына ықпал етіп отыр.