Туристік «Jibek joly» пойызы – Таразда

0 6

Мемлекет басшысы биылғы қаңтар айының соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасын көтерудегі сегіз бағытқа тоқталып өткені белгілі. Бірінші бағытты тарқата келе: «Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ, белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз  жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфроқұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын белесіздер. Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс. Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты», деп атап көрсетті.

Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасын орындау мақсатында ауқымды іс-шараларды қолға алуда. Соның бірі – 20-25 наурыз аралығында туристік «Jibek joly» пойызының кезекті сапары жоспарланып, жүзеге асты. Осыған орай «Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқан-Тараз-Алматы» бағытында ұйымдастырылған туристік пойыз сан ғасырлық тарихы бар, киелі де, шежірелі Тараз қаласына келіп, туристер көне де, жаңарған шаһардың тарихи-мәдени орындарымен танысты.

– «Jibek joly» пойызының туристік сапарына қатысушыларды салтанатты күтіп алу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оларға аймақтың тарихи-мәдени мұраларын таныстыру мақсатында жан-жақты ақпараттық-танымдық шаралар өткізілді. Туристер Тараз қаласына жеткенге дейін Қазақстанның бірнеше ірі қаласында аялдап, сондай-ақ көршілес Өзбекстанның Ташкент және Самарқан қалаларына сапар жасап, көне өркениет ошақтарымен танысты. Жалпы бұл ерекше туристік пойызбен 312 адам келді. Олардың басым бөлігі, яғни 300-і Қазақстан азаматтары болса, қалған 12-сі алыс және жақын шет мемлекеттерден келген шетелдік саяхатшылар, – дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гұлнұр Қойшыбекқызы.

«Jibek joly» пойызының алғашқы рейсі былтырғы 16-20 қараша аралығында ұйымдастырылып, саяхат бағыты Түркістан, Ташкент және Самарқан қалаларын қамтыған. Екінші рет биылғы 2-7 қаңтар аралығында ұйымдастырылып, маршрутқа қосымша Шымкент, Өзбекстанның Самарқан қалалары еніпті.

– «Jibek joly» туристік маршрутымен бірге бірнеше қаланы аралап, кең-байтақ өлкеміздің аса бай тарихи-мәдени мұрасымен тереңірек танысу мүмкіндігіне ие болдық. Осы сапар аясында сан ғасырлық тарихы бар қасиетті жерлерді көзбен көріп, ұлттық құндылықтармен етене жақын танысып келеміз. Бүгін ежелгі Тараз қаласына табан тіреп, бала күнімізден құлағымызға жаттанды болған бұл өңірдің әулиелі мекен екендігін тағы бір мәрте сезіндік. Қаланың тұрғындары өздерінің ата-бабадан мирас болып қалған қонақжайлылық дәстүрінен жаңылмай, бізді зор ықыласпен, ерекше сән-салтанатпен қарсы алды, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны, турист Сырлыбек Жолмағанбетов.

Туристер үш топқа бөлініп, Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Ерте ислам мешіті және Қарахан, Айша бибі, Бабажа хатун кесенелерімен танысты.

Әлемде өркениетті мемлекеттердің дені өздеріндегі табиғат таңғажайыптарын, ертеден жеткен жәдігерлерді, архитектураның әлемдік соңғы үлгілерін тамашалатуға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер тартып жатады. Ондай мемлекеттердің қоржыны алыс-жақын шетелдерден келетін туристердің қаржысымен де толады. Мемлекет басшысы «Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар» деп атап көрсеткендей әулиелі өңір – Жамбыл облысында да қарасаң көз тоймайтын көрікті жерлермен қатар, ғасырдан ғасырға жеткен тарихи орындар да аз емес. 2000 жылдық тарихы бар, әулиелер мекені болған Тараздың маңайы да алыс-жзақын шетелден және кең байтақ еліміздің әр өңірінен келетін туристерді сөзсіз қызықтырады.