Бизнесім қоныстойдан басталды

0 3

Екінші курс студентімін. Оқуыма барып-келіп жүргеніммен, ойым сан сақта.  Оқуым бір жақтан, қосымша табыс табуды да ой елегінен өткіземін. Бір шаруамен  айналысайын десем  реті келмейді.  Күзде  үлкен үйімізді бітіріп, қоныстой жасадық. 

Қонақтарға арнап, тәтті әзірлеп, дастарқанға қойдым. Жалпы, дастарқан мәзірін дайындауды мектепте оқып жүрген шақтан ұнатамын. Келген сыйлы қонақтарымыз  тәттінің дәмін татып, тәнті болатын. Бұл жолы да ағайын-туыстан мақтау естіп,  қуанып  қалдым. Сол сәттен бастап жаңа ойлар келе бастады.

Осылайша қоныстойды өткіздік.  Күндер өтіп жатты. Ақылы бөлімде білім алғандықтан, ата-анама салмақ салмай, оқуымның ақысын өзім төлегім келді. Көп ойландым, қай салаға жақын екенімді зерттедім. Зерттей келе, кондитерлік кәсіпке жақын екенімді түсіндім. Қоныстойда дайындаған тәтті қонақтарға ұнағанын ескеріп, хоббиімді табыс көзіне айналдыруды жөн санадым. Ата-анам бірден қолдады. Жаңа жылдың қарсаңында тәттіні үйден пісіріп, анам екеуміз дүкендерге өткізе бастадық. Кейбір дүкендер СЭС-тен анықтама, «сызықтық код» және жеке кәсіпкер деген куәлік болмағандықтан, алып барған тауарлардан бас тартты. Көңіл-күйім түсіп, «әрі қарай қайтемін?» деген үрей бойымды биледі. Осы сәтте анам мені  қолдап, әкеммен ақылдасып, өндірістік бөлім ашуға бел будық. Бір апта жақсылап ойланып, жоспар құрып, ата-анаммен Алматы қаласына жол тарттық. Елге танымал «ЯЛАН» базарынан өндірістік бөлімге керекті құрал-жабдықтарды алып, керемет көңіл-күймен қайттық. Келесі жоспарда жеке кәсіпкерлік куәлігін, СЭС-тен анықтама куәлігін, «сызықтық код» және жалға орынжай алу болды. Талдықорған қаласына келе салысымен, осы жұмыстарды іске асырдық. Осылайша өз кәсібімді ақырындап жүргізе бастадым.

Бастамасы оңай болған жоқ. Көп еңбек еттім, барлығына өзім жауапты болдым. Сатып алушылар менің тәттімді мақтан етіп отыратын. Мақтаудан кейін, жұмыс істеуге деген ниетім арта түсетін. Қазіргі таңда «ИП Жетписбаева» кәсібінің жүріп тұрғанына бір жыл болды. Өнімімізді  сатып алушылар көбейді. Осылайша, қоныстойдан бастау алған ойларымды іске асырып, кәсіпкер атандым. Жаңадан іс бастағысы келетін жандарға еш қорықпастан, өзінің ұнататын ісімен айналысуға кеңес беремін. Адам өзі жақсы көретін іспен айналысқанда шаршамайды, жалықпайды. Керісінше, сол істен ләззат алады. Кәсіп болғандықтан, оның тек қызығы емес, шыжығы да болады. Кедергілерге мойымай, алға қарай ұмтылу қажет. Әр қиындықтың  соңында өмірдің сыйы барын ұмытпайық!