Ғасырмен құрдас аналар

0 2

Халықаралық әйелдер күніне орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданына арнайы атбасын бұрып, аудан әкімі Жасұлан Естеновпен бірге елге қадірлі аналарды мерекесімен құттықтады.

Алдымен Абай ауылында тұратын «Ұлт анасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы әрі қари ананы қолына алып, күтіп отырған өкіл қызы Құралай Пернебайқызының үйіне барып, ғасыр жасаған апа Жұмакүл Мұратқызының жағдайын білді. Жасы ұлғайғаны­на қарамастан, санасы сергек, сөзі салмақты кейуана қадірлі қонақтарын ашық-жарқын қарсы алып, облыс басшысының тарту-таралғысын қабыл алғаннан кейін Рамазан айының құр­метіне Құран бағыштады.

Тағдыр тауқыметін бір адамдай тартқан кейуана ашық-жарқын әңгіме барысында өз өмірі жайлы баяндап берді. Қызылорда өлкесінде елге сыйлы би болған аталары Кеңес өкіметінің озбырлығына көне алмай, шекера асқан көрінеді. Алдымен Ауған жеріне көшіп барған олар бұл өлкеде бейбіт әрі ауқатты ғұмыр кешіпті. Жұмакүл әке-шешесінің зарығып жүріп көрген жалғыз қызы көрінеді.

Перзенттерінің болашағын ойлаған олар қыздарының сауатын ерте ашып, діни мектептерге орналастырады. Бес жасында қолына Құранды алған зерек қыз аз уақытта толықтай жаттап алған екен. Тұрмыс құрғаннан кейін Мединаға қоныс аударып, осында 30 жылға жуық өмір сүріпті. Мұнда қолөнермен жасаған бұйымдарын саудалаумен айналысқан.

– Қазақстан тәуелсіздігін алған­нан кейін жұбайымның атажұртқа аңсары ауа берді. Ақыры 1997 жылы Қазақстанға біржола көшіп келдік, – дейді Жұмакүл әже. Шет жерде жүріп ана тілін ұмытпаған кейуана ағылшын, араб, түрік және парсы тілдерін де меңгерген. Жұмакүл әженің тәлімді әңгімесін тебіренбей тыңдау мүмкін емес.

Осы тұста әңгіме тізгінін алған Құралай Пернебайқызы «Ұлт анасы» бірлестігінің мақсат-міндетін баяндап, Құранды толықтай жатқа білетін, өткен өмірі мен көрген-түйгені өзгелерге үлгі болатын ардақты анадан үйренер өнеге мол екенін, осындай әжелер құрмет тұтқан дәстүр арқылы өскелең ұрпаққа тәрбие беру қажеттігін сөз етті. Марат Сұлтанғазиев өз ойын осы бағытта сабақтап, аймақтағы ардагерлер кеңесі мен аналар алқасының атқарып жатқан жұмысы, жастарды тәрбиелеудегі шешімін күткен мәселелер мен қол жеткен табыстар турасында айтып берді.

Кездесудің соңына қарай «Ұлт анасы» ұйымының өкілдері Жұмакүл Мұратқызының баспанадан таршылық көріп отырғанын жеткізіп, облыс басшысынан жәрдем беруін сұрады.

Осыдан кейін облыс әкімі жуырда өзінің жүз жылдық ғасыр тойын атап өтуге қам жасап жатқан Сәлима Бұлғақбаеваның шаңырағына бас сұғып, ардақты ананы құттықтады. Бұл жерде Қаскелең қаласы көшелерінің бірі – оның жұбайы, Екінші дүниежүзі­лік соғыс ардагері, 14 жыл бойы Қаскелең қалалық халық депутаттары кеңесінің төрағасы болған Ақылбай Бұлғақбаевтың есімімен аталатынын айта кеткен орынды. Оның басшылығы кезінде Қаскелең ауылы қала мәртебе­сін алған еді.

Ал, Сәлима Тілеубайқызы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте ұзақ жыл ұстаздық етеді. Осыннан зейнеттік демалысқа шыққан. Оның жалпы педагогикалық еңбек өтілі 40 жылдан астам. Өз кәсібіне адалдық танытып, осы салаға бүкіл өмірін арнаған жан «ҚазКСР Ағарту ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», «Күміс алқа» сияқты көптеген марапатқа ие болады.

Ақылбай ата 2001 жылы 87 жасында өмірден озған. Ал, Сәлима әже қазір жүзінші көктемін қарсы алуда. «Ең үлкен бақыт – бейбіт аспан астында өмір сүру, әрбір күніңе қуану», – деп батасын берді ғасыр жасаған әже.