Түркістанда үшінші университет ашылады

0 8

Түркістан қаласындағы 17 қабатты әкімшілік-іскерлік орталығының ғимаратына орналасатын қазақ-корей университеті кампусының күрделі жөндеу жұмыстары бітуге тақап қалды. Университеттің ашылуы осы жылға жоспарланған.

Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен Оңтүстік Кореяның халықаралық істер департаментінің деканы Шим Хэк Чже бастаған делегация өзара кездесіп, университетті құжаттандыру, лицензия алу, білім беру гранттарын бөлу, білім беру ұйымын білікті кадрлармен және профессор құрамымен, ал қабылданатын студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Әзірге министрлік пен жергілікті атқарушы органдар білім беру гранттарын бөлуге дайын.

Облыстағы мың мектепте қазір бес жүз мың оқушы оқиды. Биыл соның 30 мыңнан астамы мектепті бітіргелі отыр.

– Кореяның озық тәжірибесі Түркістан облысының білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеретініне біз сенімдіміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шим Хэк Чже де өз кезегінде тығыз ынтымақтастыққа, жоғарыда айтылған барлық мүмкіндіктерді қарастыруға дайын екендігін білдірді. Шетелден келген өкіл еларалық университетте бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бар күшін салатынына сендірді.

«Woosong» университетінде «Жасанды интеллект және ақымды деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Әлемдік төртінші IT-индустриялық төңкеріс», «Мультимедиа және веб-дизайн» сияқты 4 факультет жұмыс істейтін болады. Онда 2 340 білімгерді оқыту жоспарлануда.

Айта кетейік, Түркістанда бұған дейін екі халықаралық оқу орны ашылып, жұмыс істеп жатыр.