Чемпион туған жер төрінде

0 16

XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов туған жері Т.Рысқұлов ауданына атбасын бұрып, жерлестерінің зор құрметі мен қошеметіне бөленді.

Қонақтардың құрметіне ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ұлттық нақышта киінген қыздар дәм ұсынды. М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары құландықтардың әнұранына айналған «Келші, Құланға» әнін әуелете шырқады. Олимпиада чемпионын қарсы алу рәсімі көліктердің салтанатты шеруіне ұласты.

Мерекелік кеш ауданның орталық алаңында жалғасты. Мұнда екі мыңнан астам аудан тұрғыны Елдос Сметовті ыстық ықылас, зор қуанышпен күтіп алды.

– Ер Елдостың ел тарихын жаңартқан жеңісі бірінші ата-анасының тәрбиесі, екінші көптің тілегі, ақталған үміті деп білеміз. Әрине, бұл жеңіс ұзақ жылғы маңдай тер мен қажырлы еңбектің жемісі. Барша аудан жұртшылығының батыр тұлғаны тәрбиелеп, өсірген ата-анасына алғысы мен құрметі шексіз. Сонымен қатар, өнегелі ұрпақты шар болаттай шыңдап, жарқын жетістіктерге жетуіне себепкер болған жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевке алғыс білдіреміз, – дей келе аудан әкімі Ернар Есіркепов Елдос Сметовке жерлестерінің атынан соңғы үлгідегі «HAVAL M6» автокөлігінің кілтін табыстап, спортшының ата-анасы мен жеке бапкеріне құрмет көрсетті.

Өз кезегінде Елдос Сметов сән-салтанатымен күтіп алған халыққа ризашылығын білдірді.

– Құрмет көрсеткен аудан әкіміне, тұрғындарға айтар алғысым шексіз. Осы орайда спортқа деген махаббатымды оятып, үлкен жеңістерге жол салып берген ең алғашқы бапкерім Ахмет ағайыма да ризашылығымды білдіргім келеді. Нағыз Олимпиада чемпионы – алғашқы бапкерім Ахмет Жұмағұлов, – деген чемпион аудан әкімдігі сыйлаған «Haval» көлігін алғашқы бапкеріне сыйлады.

Кеш барысында Елдос Сметовті ауданның спорт майталмандары мен жанашырлары да айтулы жеңісімен құттықтап, Қойшымановтар әулеті асыл тұқымды жылқы сыйлады.

Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.