Өрлік пен ерлік тоғысқан Париж

0 17

Елдостың ерлігі

Дзюдошылар Париж Олимпиадасын аяқтады. Бұл Қазақстан үшін тари­хи ойын­дар болды. Өйткені бұған дейін еліміздің бірде-бір татами шебері атал­ған жарыстың алтын тұғырына көтерілген емес. Ондай ерлік жасауға аса жеңіл салмақтағы Елдос Сметовтің күш-жігері мен қарым-қабілеті жетті. Осыған дейін отандық дзюдо тарихында жастар арасындағы тұң­ғыш әлем чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы, осы спорт түрін серік еткен қазақ балуандары арасындағы тұңғыш әлем чемпионы ретінде есімі спорт­тық шежіреде алтын әріптермен жазылған Елдос Францияның бас шаһарында тағы бір тарих­та қалатындай үлкен іс тындырды. Ахмет Жұмағұлов пен Ғалымжан Жылкелдиев шәкіртінің табысына күллі Алаш жұр­ты шаттана қуанды. Енді Сметовтің қоржынында Олимпиаданың толық жүлде жиынтығы бар. Атап айтсақ, ол 2016 жылы Риода – күміс, 2021 жылы Токиода – қола, 2024 жылы Парижде алтын медальды мойнында жарқыратты.

Шын сүйсе, төрт жыл күтеді

Сена жағалауында өтіп жатқан Олим­пия ойындары Ғұсман Қырғызбаев үшін де сәтті аяқталды. Ол өзінің қажырлы еңбегі мен табандылығы арқылы жеңіс тұғырына көтерілді. Әйтпесе, бұл балуан­ның ұзақ жылдар бойы Елдос Сметовтің көлеңкесінде жүргенін жұрт жақсы біледі. Қос құрдастың өзара тартысы үнемі Жам­был облысы өкілінің пайдасына шеші­летін. Екеуінің жолы 2019 жылы Токиода ұйымдастырылған әлем чемпионатында да қиысты. Қола медаль үшін бәсекеде Қырғызбаев Сметовке тағы да есе жіберді. Сол жылы Ғұсман әл-Фуджайродағы Азия біріншілігінде үшінші орынға табан тіреді.

Алматы қаласында Ермек Нәсеновтің қол астында жаттығатын дзюдошы үшін 2021 жыл сәтті болды. Будапешттегі дүниежүзілік додада ол күміспен күптелді. Келесі жылы Астанадағы Азия чемпионатында үздік үштікті түйіндеді. Содан кейін Ғұсман 66 кг салмақ дәрежесіне ауысуды құп көрді. Бұл шешімнің дұрыстығын Париж Олимпиадасы дәлелдеді. Керемет кездесулер өткізген қазақ жігіті бұл жарыс­ты қола медальмен қорытындылады.

Жеңіс тұғырына сынық сүйем қал­ған­да сүрінген 48 кг салмақтағы Әбиба Әбу­жақыноваға да еш өкпе айта алмаймыз. Кейінгі кездері қандай дүрмекке салсаң да, тайсалмай күресіп, олжаға кенел­ген қазақтың қайсар қызына бұл жолы жарақаты кедергі келтірді. Сол сәтсіздігі үшін Әбиба жылап тұрып Қазақстан халқынан кеші­рім сұрады. Намысшыл қыз енді Лос-Андже­лесте алауы тұтанатын Олимпия ойындарына тыңғылықты даярланып, алыстағы Аме­­рикада барша Алаш жұртын қуанту үшін еш аянып қалмайтынын айтты. Сол мақ­­са­тына қол жеткізу жолында жеке өмі­рін кейінге ысыруға даяр екенін де білдірді.

«Осы Олимпиададан кейін өзімнің екін­ші жартымды кездестіріп, күйеуге шы­ға­мын деп ойлаған едім. Париждегі сәтсіз­дік­тен кейін ол райымнан қайттым. Енді мені жақсы көретін жігіт болса, төрт жыл күтуіне тура келеді. Талабым – сондай. Мен тек Лос-Анджелестегі жарыстан кейін ғана тұрмыс құрамын», деп ақтарыла сөйледі.

Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміз төртжылдықтың басты додасына даяр болмай шықты. Сенім артқан Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Нұрлыхан Шархан (100 кг), Есмигүл Куюлова (63 кг), Кәмила Берліқаш (+78 кг) алғашқы айналымдардан аса алмады.

Тарихта қалған тұлғалар

Париждегі додада Елдос Сметовтен басқа да балуандар тарихта қалды. Бұл әңгіме ең бірінші кезекте Өзбекстанға қатысты. Негізі Олимпиада мен әлем чемпионаттарында да олар жүлдеге бізден бұрын қол жеткізген. Нақтылап айтсақ, өзбектің Армен Багдасаровы 1996 жылы Атлантадағы ойындарда күміс алса, қазақтың Асхат Житкееві арада 12 жыл өткеннен кейін барып қана 2008 жылы Бейжіңде дәл сол межеден көрінді. Дүние­ж­үзілік доданың жүлдесін Фархад Тұраев 1999 жылы Бирменгемде иеленсе, 2001 жылы Мюнхенде қос Асхат – Житкеев пен Шахаров үздік үштікті түйін­деді. Кейіннен бұл мемлекеттен Ришод Собиров (Олимпиаданың үш дүркін қола жүлдегері), Абдулло Теңгриев (күміс), Диорбек Урозбоев (қола) және Давлат Бобонов (қола) сынды белді балуан­дар шығып, аталған жарыстың биігінен көрінді.

Десек те Олимпиада чемпио­ны болу бақыты жоғарыда есімдері атал­ған жігіттерге емес, тұлымдай ғана Самарқанның сұлуына бұйырды. 52 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Диёра Келдиёрова Францияның бас шаһарында қарсы келгендерді қоғадай жапырып, алтыннан алқа тақты. 26 жастағы спортшы бес жылдан аса уақыт бойы адам баласына бет қаратпаған жапониялық Ута Абе (Токио Олимпиадасының жеңім­пазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы), германиялық Маша Бальхаус (әлем мен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері), франциялық Амандин Бюшар (Токио Олимпиадасының финалисі, әлем чемпио­натының бес дүркін қола жүлдегері, Еуропа­ның үш дүркін чемпионы және екі дүркін күміс жүлдегері) және косоволық Дистрия Красничи (Токио Олимпиадасының жеңім­пазы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүл­дегері, Еуропаның екі дүркін чемпио­ны және төрт дүркін жүлдегері) сынды жұлдыз­дарың тас-талқанын шығарды. Сол секілді 28 жастағы Криста Дегучи (57 кг) Кана­даға, 29 жастағы Барбара Матич (70 кг) Хорватияға Олимпия ойындарының алғаш­қы алтынын сыйға тартты. Оған дейін екеуі де дүниежүзілік додада екі реттен дара шықты.

Молдова, Швеция және Мексиканың дзюдошылары өз тарихында тұңғыш рет Олимпиаданың жүлдесін олжалады. ­28 жастағы Денис Виеру (66 кг) мен 24 жастағы Адиль Османов (73 кг) небәрі 2,5 миллионнан аса халқы бар Молдованың мерейін үстем етіп, қолаға қол созды. Тайсалмай күресетін 18 жастағы Тара Бабулфат (48 кг) үшінші орынға табан тіреп, Швеция жанкүйерлерін шаттыққа бөледі. Ацтектер елінің абыройын Приска Авити Алькарас (63 кг) аспандатты. Англияда туып-өсіп, кейіннен Мексикаға қоныс аударған ол күміспен күптелді.

Теңдессіз Тедди

Францияда дзюдо күресінің бай дәстүрі бар. Дүбірлі додаларда жеңіп алған жүлделері саны жағынан олар Жапониядан ғана қалып келеді. Басқа елдердің барлығынан көші ілгері. Солай бола тұра олар Парижде алты күн бойы алтынға қол жеткізе алмады. Өз елінде, өз жерінде, өз көрермендерінің көз алдында өтіп жатқан жарыста француздар тек күміс пен қоланы қанағат тұтып келді. Тіптен атақтары алысқа жайылған Лука Мхейдзе (60 кг), Валид Хияр (66 кг), Ширин Букли (48 кг), Амандин Бюшар (52 кг), Сара-Леони Сизик (57 кг), Кларисс Агбеньену (63 кг), Мари-Эв Гайе (70 кг), Одри Чёмеот (78 кг) және Романа Дикконың (+78 кг) өздері жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алмады. Нәтижесінде, медальдар саны бойынша барлық бәсекелесінен озғанымен, бас жүлденің аздығынан жалпы есепте ТОП-10 команданың санатына да қосыла алмады. Жерлестерінің жарқын жеңісіне әбден бойы үйреніп қалған жергілікті жанкүйерлерді бұл жағдай қанағаттандырмады.

Жарыстың соңғы күні Тедди Ринер татамиге шықты. 35 жастағы Гваделупа өңірінде орналасқан Пуэнт-а-Питр қаласының тумасы үшін бұл бесінші Олимпия ойындары еді. Аса ауыр салмақта айқасқан ол 2012 жылы Лондон, 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы додаларда қарсылас шақ келтірмеді. 2008 жылы Бейжің мен 2020 жылы Токиода қола медальды қанағат тұтты. 2007-2023 жылдар аралығында 11 рет әлем, 5 рет Еуропа чемпионы атанды. Оған командалық сайыстағы толып жатқан жүлделерін қосыңыз. Бір ғажабы, 2010-2020 жылдар аралығында ол қатарынан 154 жекпе-жекте жеңіске жетіп, жер-жаһанды тамсандырды. Француз халқының оны жақсы көретіні соншалық, бойы 204 см, салмағы 140 кг-дан асатын алыпты әлі күнге дейін «Қонжық» деп еркелетеді.

Сол «Қонжық» Парижде бас жүлдені қанжығасына байлады. Осылайша, ол Олимпиаданың үш дүркін чемпионы атанды. Керемет көрсеткіш! Тедди Ринерге дейін Олимптің алтын тұғырына жер-жаһандағы тек бір ғана дзюдошы үш рет көтерілді. Ол – даңқты Тадахиро Номура. Аса жеңіл салмақта күш сынасқан Жапонияның жұлдызы 1996 жылы Атлантада, 2000 жылы Сиднейде, 2004 жылы Афиныда алдына жан салмады. Міне, сол Нокамураның ерлігін Ринер қайталады. Сонымен қатар Теддидің Тадахиродан екі қола медалі артық екенін де айта кеткен абзал. Даңқты дзюдошы аралас командалық сайыста Олимпиаданың тағы екі алтынын олжалады. Барлығы – 7 жүлде. Сөйтіп, «Қонжықтың» арқасында Францияның ұлттық құрамасы командалық сайыста бірден екінші орынға көтерілді.

Жұлдыздар да жылайды

Жапонияға қарасты Хонсю аралы­ғындағы Кобе портының тумалары Хифуми мен Ута Абенің есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс. Күні кешегіге дейін екеуінің қол жеткізген табыстары бірдей еді. 26 жастағы Хифуми мен 24 жастағы Абе Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарының алтын тұғырында қатар тұрды. Әлем чемпионатын олар төрт реттен ұтты. Бірақ Парижде жеңіспен өрілген отбасылық дәстүр үзілді. Бес жылдан аса уақыт бойы жауырыны жерге тимек тұрмақ, ешкімге ұпай санымен де ұтылмаған Ута жеңілістің кермек дәмін татты. Оны тоқтатқан – Диёра Келдиёрова. Екі рет Азия чемпионы атанып, екі рет әлем чемпионатының финалында күрескен Өзбекстанның мақтан тұтар балуаны даңқты қарсыласын «иппонға» түсірді. Алдында өзі «вазаримен» ұтылып жатқан. Сол кезде жапон қызының еңкілдеп жылаған даусы «Гран-Пале-Аренаны» жаңғыртты. Жапония құрамасының бас бапкері Кацуюки Масучиге даңқты дзюдошыны жұбата алмай әлек болды. Бұл көріністі «Гран-Пале-Эфемердегі» сан мың көрерменнен бөлек, көгілдір экранға көз тіккен миллиондаған адам көрді.

Дәл сол күні көрші татамиде Хифуми Абе де айқасып жатты. Қарындасы­ның сәтсіздігі ағасына аса ауыр тигені соншалық, ол әр кездесуге қарсыластарын жұлып жейтіндей көзі қанталап шықты. Мажарстандық Бенце Понграц (Еуропа чем­­пионатының қола жүлдегері) пен тәжік Эмомали Нұрәлі (жастар арасындағы әлем чемпионы) оның жағасынан ұстап та үлгермеді. Екеуі де санаулы минутта жер құшып жатты. Жартылай финалда дүниежүзілік рейтинг көшбасшысы Денис Виеруді де (әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы) әрі-бері сілкіп, әбден сілікпесін шығарды. Ақыры Молдованың мақтанышы да жеңілгенін мо­йындады. Финалда бразилиялық Виллиан Лимада (Панамерика ойындарының екі дүркін жүлдегері, үш дүркін чемпионы) Күншығыс елі өкілінің оңай олжасына айналды. Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанса да, Хифуми Абе эмоциясын сыртқа шығармады. Тіптен жымиған да жоқ. Ол өзінің жеңісіне қуанбай, қарындасының жеңілісіне күйінді.

Жарыстың соңғы күні аралас коман­далық сайыс өтті. Жарыстың финалында Жапония құрамасы Франциядан 3:4 есебімен жеңілді. Тартысты өткен бәсекелердің бірінде Хифуме Абе Жоан-Бенжамин Габеге есе жіберді. Сол кезде жүйкесі темірдей жігіт те көз жасына ерік берді. Сөйтіп, Париж Олимпиадасы атақты Абелердің екеуін де жылатты.

81 кг салмақта белдескен Накамура Нагасэ де қатарынан екінші Олимпиадада бас жүлдені қанжығасына байлады. Токиода ол Саид Моллаейді ұтса, Парижде Тато Григашвилиді тізе бүктірді. Сол секілді 90 кг салмақта сайысқа түскен Лаша Бекаури де төртжылдықтың басты жарысында екінші мәрте алтын тұғырға көтерілді.

Татамиде – 12 грузин

Дүбірлі дода барысында Әзербайжан­ның дзюдошысы Хидаят Гейдаровтың ­(73 кг) асқан шеберлігіне тәнті болдық. Қара­ғандыда дүниеге келген ол биылдың өзінде үш бірдей байрақты бәсекеде бас жүлде олжа­лады. Наурызда Загребте – Еуропа, мамыр­да Әбу-Дабиде – әлем, шілдеде Па­риж­де Олимпиада чемпионы атанды. Тағы бір әзербайжандық Зелим Коцоев 90 кг салмақта барлық қарсыласын қапы қал­дыр­ды. Тұрмысы түзелмей тұр­са да, Тәжік­стан балуандарының табан­ды­лығы тәнті етті. Памир тауы етегінен кел­ген Самон Махамадбеков (81 кг) пен Темур Рахимов (+100 кг) қола медальды мой­нына ілді.

Грузия – Қап тауы бөктерінде орналасқан шағын ғана мемлекет. Бар-жоғы 3,7 мил­лион халқы бар. Соған қарамастан дзюдо өнерін олар керемет дәрежеге көтерген. Аталған елдің ұлттық құрамасы Парижде үш жүлде олжалады: Лаша Бекаури (90 кг) алтын алса, Тато Григалашвили (81 кг) мен Илья Суламанидзе (100 кг) финалда ғана ұтылды. Оған Францияға күміс медальды сыйға тартқан Лука Мхеидзені (60 кг) қосыңыз. Георгий Сардалашвили (60 кг), Ваша Маргелашвили (66 кг), Лаша Шавда­туашвили (73 кг) және Гурам Тушишвили (+100 кг) де ғаламдық додада күш сынасты. Жүлде алмаса да, олар­дың өнері жақсы әсер қалдырды. Тек Тушиш­вилидің төбелес шығарғаны болмаса. Соны­мен қатар сол ұлттың тағы бірнеше балуаны өзге мемлекеттердің туы астында өнер көр­сетті. Олар – Нугзари Таталашвили (81 кг, БАӘ), Тристани Мосахлишвили (90 кг, Испа­ния), Николаз Шеразадишвили (100 кг, Испа­ния), Ушанги Кокаури (+100 кг, Әзер­бай­жан). Сонда бір ғана Олимпиадада Гру­зия­ның 12 балуаны бозкілемде белдескен екен.

Жалпы, Грузия құрамасының бұл көрсеткіші аса бір таңданыс тудырған жоқ. Өйткені Қап тауының қырандары қай кезде де мықты болғанын көзіқарақты жанкүйерлер жақсы біледі. Статистикаға жүгінсек, кезінде дзюдодан КСРО құрамасы Олимпия ойындарында 27 (7 алтын+5 күміс+15 қола) жүлде алған екен. Соның тең жартысына жуығы – аталған республика өкілдерінің еншісінде. Анықтап айтсақ, Кеңес одағына бұйырған 27 жүлденің 11-і (3+2+6) – грузиндердің еншісінде. Сонау 1964 жылы дзюдо Олимпиада бағдарламасына алғаш рет енген тұста Токиода Парнаоз Чиквиладзе мен Анзор Кикнадзе қола жүлдені қоржынға салды. 1972 жылы Мюн­хенде Шота Чочишвили алтын медальды мойнында жарқыратты. Осы­лайша, Ка­хе­тия өңірінің тумасының арқа­сында жапон күресімен шұғылданатын Одақ балуан­дары төртжылдықтың басты жары­сында тұңғыш рет чемпиондық атаққа қол жет­кізді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Грузия аталған дүбірлі додада 15 (5+7+3) жүлде олжалады.

Суламанидзе биікте, ал Бекарыс қайда?

Грузияда Илья Суламанидзе деген мықты балуан бар. Жасы – 23-те. 2018 жылы ол Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасында күміс медаль иеленді. Финалда жауырыны қақпақтай Суламанидзе қазақтың ұлы Бекарыс Сәдуақастан оңбай ұтылды. Содан кейінгі алты жыл уақыт аралығында ол жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем және құрлық біріншілігінің жеңімпазы атанды. Ересектер дуына да еркін қосылып, 100 кг салмақта Грузияның бас балуаны атанды. 2021 жылы әлем чемпионатында күміс­пен күптелсе, 2023 пен 2024 жылдары Еуропа чемпионатында күміс медальды  ­олжалады. Бірер уақыт дүниежүзілік рейтингте көш бастаған грузиялық спортшы қазіргі кезде үздіктер тізімінде екінші орында тұр. Міне, енді Илья Париж Олимпиадасының күміс медалін мойнында жарқыратты.

Ал сол Илья Сулманидзеге сан соқ­тыр­ған біздің Бекарыс Сәдуақас қайда? Иә, әу баста оның ұлттық құрама сапына ілігіп, бірен-саран халықаралық жа­рыс­­тарда жүлде алып жүргені рас. Со­дан кейін мүлдем көрінбей кетті. Кейін білдік, республикамыздың бас командасы қата­рына қосыла алмай, үлкен спорттан қол үзген екен. Аузымызға «Әттеген-ай!» деген­­нен басқа сөз түспеді. Қандай да­рын­ды, алымды әрі қарымды балуан еді. Қорқуды, қаймығуды, тартынуды, жас­қа­нуды білмейтін нағыз «сен тұр, мен атайын­ның» нақ өзі.

Ақыры бұл жігітті біздің мамандар өсіргеннің орнына өшірді. Оған кім кінәлі? Бапкерлердің білімсіздігі ме, әлде ұлттық федерацияны басқарып отырған басшылардың немқұрайдылығы ма? Шын таланттың шыңдала түсуіне олар мүмкіндік бермеді. Қолайлы жағдай жасамады. Иә, Бекарыс көлденең көк аттылардың бірі емес еді. Оның бойында болашақ Олимпиада және әлем чемпионаттарына тән қасиеттің барлығы да болды. Бірақ мақсатына жете алмаған қандасымыз қазіргі кезде күйбең тіршілік кешіп жатыр. Ал Суламанидзе бүгінгі таңда Грузияның ұлттық батырына айналды.

Жапония озды, Қазақстан – жетінші орында

Париж Олимпиадасының жалпы­командалық есебінде Жапония озды. Күншығыс елінің өкілдері 8 (3 алтын+2 күміс+3 қола) жүлде олжалады. Франция – екінші орында. Татами қожайындары 10 (2+2+6) медальды иеленді. Көршілес жатқан қос ел – Әзербайжан (2+0+0) мен Грузия (1+2+0) үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісті. Бесінші және алтыншы сатыларға Бразилия (1+1+2) мен Өзбекстан (1+0+2) жайғасты. Қазақстан (1+0+1) алтыншы орынға табан тіреді. Бізден кейінгі сатыларға Канада (1+0+1), Хорватия (1+0+0), Словения (1+0+0), Италия (1+0+0) жайғасты. Міне, Парижде осы мемлекеттердің ғана әнұраны шырқалды. Сондай-ақ тағы ­15 елдің туы көкте желбіреді.