Астанада алты студенттер жатақханасы салынады

0 6

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биыл студенттерге арналған жатақханалардың салынатыны туралы жазды.

Әкімнің айтуынша, Астанада жоғары оқу орындарының балансында 16 мың орынға арналған 40-тан астам студенттік жатақхана бар. Ал жалпы қажеттілік – 6400 төсек-орын. Сол үшін қала басшысы жауапты министрлікпен, университеттермен, инвесторлармен бірлесіп, жатақханалардағы орындарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартты.

«Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында алты жатақхана салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олар 4,5 мыңға жуық орын құруға мүмкіндік береді. 2025 жылы тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол сияқты өз тарапымыздан жатақхана салу үшін тағы 4 университетке жер телімдерін бөлдік.

Былтыр 1800-ден астам төсек-орын ашылды. Сонымен қатар 2023 жылы студенттік жатақханалар салу бойынша жобалық кеңсе ашылды. (Бейбітшілік көшесі, 9). Фронт-кеңсенің негізгі міндеті – жатақханалар салу бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, студенттерді баспанамен қамтамасыз ету, ЖОО-лар мен әлеуетті инвесторларға заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету», деп жазды қала әкімі.