Дүниежүзілік мұралар картасы деген бар. Жердің асты-үстіндегі асыл мұралар көрсетілген. 2004 жылы соның бетіне тұңғыш рет жартастар «жарылысы» түсті. ЮНЕСКО-ның тізіміне енген аймақтағы алғашқы жартас өнері ескерткіші – «Таңбалы археологиялық ландшафының петроглифтері» атты жаңа нысан пайда болды. Түсінгенге бұл – Қазақстан мен Орталық Азияның мәдени және ғылыми өміріндегі елеулі оқиға еді. Бұған дейін Қазақстан ЮНЕСКО-ға мүше ел ретінде бүкіләлемдік мұра нысанын басқару үшін «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығын құрып қойған.
Бүгінгі таңда «Таңбалы» музей-қорығы – еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы жалғыз мамандандырылған мекеме. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасы – жартас өнерінің көрнекті ескерткішін сақтауды қамтамасыз етеді. Музей-қорық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Таңбалы кешені ескерткіштерінің жай-күйіне мониторинг жасайды, петроглифтерді сақтау бойынша жобаларды жүзеге асырады. Бүкіләлемдік мұра объектісін тиімді басқаруда орасан зор тәжірибеге ие бірден-бір орын.
2021 жылы музей-қорықтың уақытша кеңсесінің орнына Таңбалы маңынан ірі сәулет кешені – Сапар орталығы салынды. Онда мәжіліс залы, музей, кітапхана, ғылыми қызметкерлерге арналған қызметтік үй-жайлар, қалпына келтіру зертханасы қарастырылған, сондай-ақ музей-қорықтың туристері мен қонақтарын қабылдауға қажетті жағдайлар жасалған. Таңбалы музей-қорығында Орталық Азияның жартас өнері ескерткіштерін зерттеу және сақтау жөнінде сараптамалық кеңестер, ғылыми конференциялар мен әдістемелік семинарлар өтеді. Мұның барлығына археологиялық ескерткіштер мен Таңбалы петроглифтерін зерттеген археолог ғалымдардың, геологтер мен биологтердің еңбегі арқау. Бірегей петроглифтерді күтіп сақтаған сәулетші мамандар мен қалпына келтірушілердің еңбегі және бар. Сөйтіп, Таңбалының арқасында тұтас өркениетті әлемнің үздік игілігі – ескерткіштің әлемдік әмбебап құндылығын негіздеуге мүмкіндік туды.
Таңбалы петроглифтерін 1957 жылы ҚазКСР ҒА-ның Тарих, археология және этнография институты Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының Жетісу отрядын басқарған Қазақстанның тұңғыш кәсіби археологі Анна Георгиевна Максимова (1923–2002) ашқан. 1970–1980 жылдары шатқал ескерткіштерін геологтер А.Медоев және Б.Әубәкіров, археологтер А.Марьяшев, А.Ермолаева зерттесе, 1988 жылдан бастап зерттеу жұмыстарын А.Рогожинский жүргізе бастаған. 90-жылдардың басында археолог А.Рогожинский мен геология-минералогия ғылымдарының докторы Болат Әубәкіровтің жетекшілігімен Таңбалыда мемлекеттік музей-қорық құру мақсатында петроглифтер, ежелгі қоныстар мен қорымдарға кешенді гео-археологиялық ғылыми зерттеулер жүргізілген. Онда Таңбалының көне петроглифтерінің жасы белгіленді, айналадағы ландшафт егжей-тегжей зерттелді, кейінгі 3 мың жылдағы Оңтүстік-Шығыс Қазақстан палеоклиматының өзгеруі туралы алғашқы деректер алынды.
Сол жылдары Қазақстанда алғаш рет петроглифтерді консервациялау және суреттері бар қираған жартастарды қалпына келтіру бойынша эксперименттік жұмыс қолға алынды. 2000 жылдардың басына дейін мұнда консервациялау жұмыстары химик-қалпына келтіруші Любовь Чарлинаның басшылығымен іске асты. 2002–2006 жылдары ЮНЕСКО жобалары аясында Норвегия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген шетелдік мамандардың тәжірибесін пайдалана отырып, Таңбалыда петроглифтерді сақтау, құжаттау және бақылау әдістері әзірленді. Осындай халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби тәжірибе алмасудың арқасында Орталық Азиядағы жартас өнерін сақтау бойынша бірегей технологиялардың тұтас кешені дайындалды. Таңбалыдағы реставраторлардың жемісті жұмыс тәжірибесі – Орталық Азияның өзге де елдерінің мамандарына үлгі. Осының негізінде жартастағы сурет өнерін сақтаудың отандық мектебі қалыптасты десек әбден болады.
Қазақстан ғалымдары жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі Таңбалы петроглифтерінің бірегей әлемдік құндылығына негіздеме болды, ол 2004 жылы «Таңбалы археологиялық ландшафының петроглифтерін» ЮНЕСКО тізіміне енгізу кезінде танылды.
Таңбалы петроглифтерін негіздеуге 90-жылдардың басында Б.Әубәкіров бастап, А.Рогожинский жүргізген зерттеу нәтижелері дәлел болды (1994 жылы А.Рогожинский «Археологический комплекс эпохи бронзы урочища Тамгалы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады). Онда Таңбалыдағы әртүрлі тарихи дәуірдегі елді мекендер мен қорымдар алғаш рет біртұтас археологиялық (реликті, палеомәдени) ландшафт ретінде қарастырылды. Бұл ретте петроглифтер жетекші орын алды.
Таңбалының жоғары мәдени маңыздылығы – қола дәуіріндегі адамдар алғаш рет өз құдайларының көркем бейнелерін жасап, оларға антропоморфтық көрініс бере білді. Таңбалының жаһандық маңызы – адам ашық аспан астында Күн ғибадатханасын жасай отырып, шығармашылық даналық пен ландшафтың табиғи ерекшелігін дарынды түрде үйлестіре алды. Дәл осы ерекшеліктер бірегей деп танылды, ескерткішті 2004 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізуге негіз болды.
Кейінгі жылдары Таңбалыға жақын орналасқан Қоғалы мен Алмалы шатқалдары археологиялық тұрғыда зерттелген. Олар ежелгі түрік дәуірі мен қазіргі заманның бұрын белгісіз болған ескерткіштерін ашуға мүмкіндік беріп отыр. Қоғалыдан ежелгі түрік мифологиясы мен культтік ғұрыптық тәжірибедегі кейіпкерлер мен тұтас көріністерді бейнелейтін үш мүйізді тәж киген әйел кейіпкерінің бейнесі (Ұмай), түркі көсеміне табыну (қаған), тағы басқа бірегей жартас суреттерінің шоғыры табылды. Ал Алмалы шатқалынан көптеген ежелгі және ортағасырлық тұрақ табылды, олардың маңында Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағанаттарының таңбалары кездеседі.
Осылайша, Таңбалы маңындағы ескерткіштерді зерттеу оның маңызын қола дәуірі тұрғысынан ғана емес, Орталық Азияның ерте ортағасырлық тарихында үлкен рөл атқарған Батыс түрік, Түргеш және Қарлұқ қағанаттарының ірі орталығы ретінде жаңаша бағалауға негіз. Бұл – Алмалы және Қоғалыны зерттей түсуге, Таңбалы музей-қорығының құрамына енгізіп, ЮНЕСКО тізімінде кеңейту үшін құжаттама дайындауға болады деген сөз. Қазір Алмалы мен Қоғалыда кешенді зерттеу мақсатында «Таңбалы» музей-қорығының ғылыми тарихи-археологиялық экспедициясы құрылып жатыр. Ол ескерткіштердің барлық түрін (петроглифтер, қоныстар, қорымдар, т.б.) анықтау және құжаттау, ескерткіштердің орналасу картасын жасау, Алмалы мен Қоғалы археологиялық ландшафтарының нақты шекараларын анықтау үшін керек. Ауқымды бағдарламаны іске асыруға белгілі отандық және шетелдік маман-түркологтер – археологтер, тарихшылар мен филологтер қатысады. Бұл «Таңбалы» тарихи-археологиялық экспедициясына халықаралық сипат береді.
Таңбалы номинациясын ЮНЕСКО тізімінде кеңейту жөніндегі алдағы жұмыс басқа да бірегей ескерткіштердің үлкен тобын Дүниежүзілік мұраға енгізуге жол ашатынын атап өткен жөн. Осыған орай «Таңбалы» музей-қорығы биылғы мамыр айында «Жиырма жылдан кейін: Орталық Азияның жартас өнері ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне номинациялау жетістіктері және жаңа келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген археологтер мен консерваторлар, Әлемдік мұраның әлеуетті нысандарында зерттеу тәжірибесі бар, ЮНЕСКО тізіміне өңірлердегі бірегей ескерткіштерді енгізу жағын әзірлейтін жартас өнерінің мамандары қатысты. Талқылау қорытындысының нәтижесінде ЮНЕСКО тізіміне жартас өнері ескерткіштерінің ұлттық сериялық және жеке номинацияларын дайындау бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарының стратегиясы келісілді. Сарапшылар Орталық Азияның жартас өнері ескерткіштерінің бірыңғай ғылыми тәсілі мен алдыңғы жылдары әзірленген құжаттама стандарты негізінде оларды зерделеу және сақтау жөніндегі қызметті жалғастыру, болашақ ұлттық сериялық номинациялардың құрамын және әлеуетті объектілердің тізімін анықтау мәселелерін талқылады. Қазір ғылыми-әдістемелік семинарға қатысушылардың аналитикалық баяндамалары, пікірталас материалдары және өңірлік сарапшылардың қорытындылары «Таңбалы» музей-қорығының арнайы еңбектер жинағында жариялау үшін әзірленіп жатыр.