Павлодар қаласында «Senat Open» шахмат турнирінің жартылай финалы өтті. Еліміздегі мәслихаттардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық турнир Парламент Сенатының бастамасымен қолға алынған-ды.
Алғашқыда іріктеу жарыстары әр облыс орталығында өткізілді. Одан оза шапқан жиырма бес адам аймақтық жартылай финалға жолдама алды. Кереку жерінде өткен шахмат жарысына облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Есжанов бастаған Қостанай өңірінің әуесқой шаршы тақта шеберлері де қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың экс-депутаты Сайран Бұқанов та бар.
«Бала жастан машықтанған дүние ғой, әлі ойнаймын. Бұл интелектуалды ойын. Миды дамытады. Біздің облыстың құрамындағы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, Қостанай қалалық мәслихатының экс-депутаты Хамит Орынбаев және облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ещановтар да шахматты өте шебер ойнайды. Олар да финалға жолдама алды. Тіпті, Хамит Орынбаев жүз адамның ішінен төртінші орын иеленді. Бұл да әжептәуір жетістік. Қысқасы, қолдан келгенше Қостанайдың намысын таптатқызғанымыз жоқ», – дейді Сайран Балкенұлы.
Жартылай финал ойындарында жүлделі орын алған және айрықша көзге түскен жиырма бес адам 31 тамызда Астана қаласында өтетін финалдық ойындарға қатысады. Олардың арасында Сайлаубек Есщанов, Сайран Бұқанов, Батырбек Ахметов, Хамит Орынбаев және басқалар бар. Бір атап өтерлігі, жиырма бес жолдаманың онын біздің облыстың шахматшылары жеңіп алған. Қалған үш облыстың өкілдері он бес жолдаманы өзара бөліскен. Бұл да көп жайтты аңғартса керек.
Жалпы, бұл турнирді ұйымдастыруға қазіргі жастардың арасында шахмет ойынына қызығушылықтың азайып кеткені түрткі болған. Мақсат көнеден келе жатқан бекзат өнерді өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау.